Қоғам • 03 Желтоқсан, 2019

Ормандар, гүлдер және әйелдер

419 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғаламға ғасырдың кейінгі он жылдықтары өте көптеген өзгеріс әкелгені аян. Әлеуметтік, қоғамдық тіршілігіміз де көп құбылысты бастан өткеріп отыр.

Ормандар, гүлдер және әйелдер

Мәселен, бүгінде ер-аза­мат­тың немесе әйел адам­дардың мамандығы деген түсініктердің де шекара­сы та­рылды. Ендеше, таби­ғат­тың алуан түрлілігі мен таза­лығына қыз-келіншектерді көптеп тартудың өзектілігі бұ­­рынғыдан да жоғарылады. Әлмисақтан қоршаған орта­ның сұлулығы мен әйелдің әдемілігі бөле-жарып қарас­тырылған емес. Мәселен, әлем­ге әйгілі саябақтар мен гүл­зарларда небір бағбан әйел­дердің қолтаңбасы мен тал­ғамы қалғанын тарих дәйектейді. Қазір де мықты ланд­­шафтық дизайнерлер мен өсімдік атау­лының тілін мең­герген әйел-ғалымдар бар.

Осы мәселемен орайлас, Алматыға «жасыл желекті қала» деген даңқын қайтарып беруде  «Биоалуантүрлілікті сақтаудың гендерлік аспек­ті­лері» атты халықаралық кон­ференцияның орны бөлек екен­дігін айтуымыз қажет. Өйткені мегаполис үшін экология, қала­ның көркем имиджі қашанда көкейкесті мәселелердің қатарында.

– Конференцияның Қазақ­стан биологиялық алуан­түр­лілігіндегі маңызы өте зор. Бі­­­ріншіден, бұл жиын осы та­қы­рыптағы алғашқы конференция болса, екіншіден, ұйым­дастырушылардың таңдаған форматы аталған саладағы өзек­­­ті мәселелерді талқылап қа­­на қоймай, олардың шешу жол­дарын қарастыруға ба­ғыт­талған. Шара барысында түрлі сала мамандары пі­кірлерін ортаға салып, тәжі­рибе алмас­ты. Әсіресе Мол­дова, Түркия ел­деріндегі жағ­дайлармен жете таныс болдық, – деді БҰҰ Даму Бағ­дарламасының гендерлік мәселелер жөніндегі сарапшысы Ақмарал Сман.

Осы арада айта кету керек, форумды ұйымдастыруға халықаралық ұйымдармен қа­тар Қазақстан Республи­ка­сын­­дағы БҰҰ Даму Бағдар­ла­­масы (БҰҰДБ) атсалысты. Конференцияға қоршаған ортаны қорғау саласындағы мем­лекеттік құрылымдардың, аза­маттық қоғам ұйымдарының өкілдері, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Қазақстан, Молдова, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Аустрия сынды көптеген елдердің био­әртүрлілік жөніндегі сарапшылары мен ғалымдары қатысты.

– Қазақстанда биологиялық алуантүрлілік саласында әйел­дер саны әрине аз, бірақ олар­дың ерлермен бірдей жағдайда жұмыс істеуіне еш кедергі жоқ. Әйелдер де осы сала­да үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Мұ­ның нақты мысал­дарымен осы конференция барысында таныс бол­дық. Сонымен қатар ер адам­дардың жанындағы жар­ларының жағдайы да тал­қыланды. Яғни, олардың жо­ғары жалақы мен зейнеткер жа­сында жақсы зейнетақы алуына қол жеткізудің жолдары, сонымен бірге отбасылық жағдайлары қарастырылды. Медициналық көмектің сапалы және дер кезінде  көрсетілуі, бі­лім алуға мүмкіндіктерді жасау жолдарын анықтадық. Ең бас­тысы бұл жерде үкіметтің қам­қорлығы керек, – дейді ген­дер­лік мәселелер жөніндегі ха­лық­­аралық кеңесші Вален­тина Бодруг.

Екі күн ішінде сарапшылар биоалуантүрлілікті сақтаудың халықаралық тәжірибесі мен стандарттарын, ерлер мен әйел­дердің экожүйелер мен био­алуантүрлілікті сақтаудағы рөлін, гендерлік теңдік, эко­но­микалық тұрақтылық пен қоршаған ортаны сақтау ара­сындағы өзара байланысты тал­қылап қана қоймай, сонымен қатар экологияның тұрақ­тылығын қамтамасыз ету мә­селелерінде гендерлік тең­дік проблемаларын міндетті түрде ескеру және әйелдер мен ерлердің бірдей арала­суы­на баса назар аудара оты­рып, биоалуантүрлілікті сақ­тау саласындағы эконо­ми­ка­лық модельдердің ген­дер­лік аспектілерін қосу тәжі­рибесімен алмасты.

Қазақстандағы БҰҰ Да­му Бағ­дарламасының бағ­дарламалық үйлестірушісі Викто­рия Байғазинаның ай­туынша, іс-шараның не­гізгі бағыты биологиялық алуан­түрлілікті сақтау бойынша іс-әрекеттерде әйелдер мен ер­лердің тікелей және жа­нама рөлін мойындау қа­жеттігі болып табылады. «Осы мақсатта біз қолда­ныс­тағы бар тәсілдердің синер­ги­ясын талқылап, био­алуан­түрліліктегі гендерлік аспек­тілерді есепке алуды барынша жақсарту бойынша бірлескен тетіктерді әзірлеп, табыс­ты тә­жірибелермен танысу ж­әне түрлі мақсатты топтар ара­сындағы ынтымақтастық пен өзара іс-әрекетті нығайту үшін жетекші халықаралық және Ұлттық сарапшыларды шақырдық», деді В.Байғазина.

«Ерекше қорғалатын таби­ғи аймақтар жүйесінде жүргі­зілген алдын ала гендерлік тал­дау нәтижесінде жоғары бас­қару лауазымдарында әйел­дердің саны көбінесе жет­кіліксіз екенін көрсетті. Орман ша­руашылықтары, қорықтар, ұлттық парктер мен резерваттар құрылымдарының басқару жүйесінде негізінен ерлер, ал әйелдер негізінен бухгалтерияда, кадрлар бөлімінде, ғы­лыми бөлімдерде жұмыс іс­тейді. Атап айтсақ, қоғамда ор­ман шаруашылығы және био­әртүрлілікті қорғау – бұл «ер­­­лер» мамандығы деген пікір қа­лыптасқан, – деді Табиғи ресурстар, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі Орман ша­руашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас маманы Светлана Сәрсенбаева.

Алайда, бүгінде әйелдер ерлермен тең дәрежеде табиғи байл­ық­тарымызды қорғау мен көркейтуде, рейдтік іс-ша­­раларға қатысуда, тамаша басқарушы болуда және бі­регей қорықтарды сақ­тауды қамтамасыз етуде аса күр­делі шешімдер қабылдай ала­тын­дығының айқын мысалдары бар.