Аймақтар • 30 Қараша, 2019

Алматы музейінде «Живая память» монографиясы таныстырылды

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы музейінде Open Mind жобасы аясында жарыққа шыққан «Живая память» жинағы мен көрменің бас демеушісі Сорос-Қазақстан қоры «Адам құқықтары» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан «Живая память» ұжымдық монографиясының тұсаукесері өтті.

Алматы музейінде «Живая память» монографиясы таныстырылды

2016 жылы «Живая память» жобасы аясында 30 жыллдар тарихына қатысты: индустрияландыру, күштеп ұжымдастыру және оның зардаптары, саяси репрессия мен әлеуметтік-этникалық топтардың депортациялануына қатысты ашық лекциялар ұйымдастырылған.  2018 жылы жоба Open Mind подкасты болып жалғасын тапты. Ал биыл қалың оқырманға «Живая память» кітабы болып жол тартып отыр. «Естен кетпес естеліктер. Қазақстандағы сталиншілдік: Өткен шақ, Тарихи жад, Арылу» Жұлдызбек Абылхожин, Михаил Акулов, Александра Цайдың бірлесе шығарған кітабына арқау болып отыр. «Тарих», «Тарихи жад», «Өнер» деген үш бөлімнен тұратын жинақта авторлар 1930-1940 жылдардағы сталиндік репрессияның тарихи салдарын екшеп, жаңаша көзқараспен қоғам назарына ұсынады. Оксфорд университетінің профессоры, орыс мәдениеті тарихының жілігін шағып, майын ішкен маман Катриона Келли «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» десе,  түрлі этникалық топтарды зерттеп жүрген, зерделеп жүрген хас ғалымдардың диалогы бұл кітаптың құндылығын арттыра түскендей. Соңғы бөлімде қазақ, өзбек халқы сияқты «негізгі халықтардың» және Польшадан депортацияланған аз санды этностардың, Өзбекстандағы орыс суретшілерінің тағдыры сөз болады. Жинаққа тарих ғылымдарының докторы Жұлдызбек Абылхожин, Михаил Акулов - PhD, тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова, зерттеуші,  журналист Екатерина Кузнецова, жазушы Юрий Серебрянский,  мәдениеттанушы Александра Цай, мәдениеттанушы, Савицкий атындағы мұражайдың 1984-2015жж. директоры Мариника Бабаназарова, мәдениеттанушы Гүлдана Сафарова және суретші, зерттеуші Әсел Қадырханованың  еңбегі кірген.

Сорос-Қазақстан қорының Басқарма төрайымы А.Айдарқұлова «Ашықтық пен әділдікке негізделген адам құқықтары саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан соң, сол замандағы қорқыныш, үрей мен әділетсіздікті тереңірек түсінесің. Ондаған мың адамның өлімі, жүздеген мың жазықсыз жанның істі болып, жер аударылуы, тәлкекке ұшыраған сан мың тағдыр, шаңырағы ортасына түскен отбасылар, жоғалған ұрпақ – бұның бәрі авторитарлық солақай саясаттың «жемісі», сол кездегі заңның әлсіздігі мен адам баласының адам құрлы санатқа кірмей, құқықтарының аяққа тапталғаны» деп атап өтті. Сурет сөз жеткізе алмаған сыр мен сезімді бере алатын құдіретке ие. Көрме суретшілері жекелеген естеліктер, халықтың бастан кешкен тағдыры, санамызда сақталған, мұрағаттарда қатталған тарихқа басқаша қарап, жаңаша үн қатады.

Көрмеде С. Атабеков, Б.Бүбіханова, Р.Захаров, О. Карпов, Ә.Қадырханова, Р. Нүрекеев, А. Угай, З.Фалькова сынды суретшілердің жұмыстары қойылған.

Жоба авторы әрі көрме жетекшісі А.Цай бұл жердегі сыни көзқарас, ұжымдық естелік талай жылдар бойы қалыптасқан сеңді  бұзып, өзінше саралап, бағасын беретіндігін айтады. Естеліктерге назар аударғанда мұндай жайттың енді қайталанбайтынына сеніммен қарау керек, дейді.

Көрме 22 желтоқсанға дейін жалғасады.