Бокстан Азия чемпионаты мен Универсиада турнирі аяқталғаннан кейін көп ұзамай елімізде Қазақстан бокс федерациясы кубогының сайыстары да басталды.
Шілденің 19-21-і аралығында Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде солтүстік аймақ құрамалары өзара күш сынасты. Мұнда Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының командалары бас қосты. Бір айта кететін жайт, биыл төртінші мәрте өткізіліп отырған Кубок жолындағы жарыстың ережесі өзгерді. Енді оның регламенті бойынша бір кезең қысқарып, ол үш лекте өтетін болды.
Елорданың төрінде өткен сайыста алаң иелері үш қарсыласынан да артық көрінді. Олар бірінші жекпе-жекте Павлодар облысының командасын 8:2 етіп ұтты. Осы күні Алматы облысының өкілдері Шығыс Қазақстан жасағынан басым түсті – 7:3. Турнирдің екінші күніндегі екі кездесуде де 9:1 деген есеп тіркелді. Астана былғары қолғап шеберлері Алтайдың аясынан келген қарсыластарын, ал Алматы облысының құрамасы Павлодардың сарбаздарын осындай есеппен тізе бүктірді.
Жарыстың соңғы күні жартылай финалға берілетін жалғыз жолдаманы Астана қаласы мен Алматы облысының ұжымдары сарапқа салды. Алғашқы үш ұрыста Азат Камзинның – Мардан Берікбаевты, Ілияс Сүлейменовтің – Ернар Өркенді, Мейірболат Тойытовтың Дидар Өтелбаевты ұтулары арқылы елордалықтар бірден алға шықты. Мұнда Ілияс өзінің қарсыласын 2-рауандта нокаутқа жіберді. Бұдан кейін алматылықтар Бекман Сойлыбаев пен Бекболат Құрамысов тиісінше Дархан Жұмсақбаев пен Дәулет Дәукеновті ұтып, есепті екеуге қысқартты. Бұдан кейін Мейірім Нұрсұлтанов Бағдат Науқановтан мықты шығып, Есіл бойы жігіттерінің еңсесін көтере түсті. Алайда, осы тұста астаналық Бақытжан Қожабеков күтпеген жерден Айдос Ерболсынұлынан жеңіліп қалды. Есесіне, тағы екі астаналық шебер командаға жеңіс сыйлап, жартылай финалдың да тағдырын шешіп берді. Олар –Дәурен Елеусінов пен Василий Левит кезектерінде Арман Рысбек пен Арбек Әбдуғаниевті жеңді. Сондықтан соңғы жекпе-жекте алматылық Дәулет Мұсабаевтың Ермек Үсеновті ұтуы жалпы жеңіске өзгеріс енгізе алмады.
Осылайша, басты бәсекелестерін 6:4 етіп сүріндірген Астана командасы Қазақстан бокс федерациясының жартылай финалына бірінші болып шықты. Бірінші кезеңде күш сынасатын тағы екі команда 24 шілдеде Шымкентке мәреге жететін «Оңтүстік» дивизион, 29 шілдеде Ақтөбе мен Қарағандыда аяқталатын «Батыс» және «Солтүстік» дивизиондар шайқастарында анықталады.
Жартылай финал мен ақтық кездесулер желтоқсан айында Астанада өтеді.
Руслан ИГІЛІК.