Қазақстан • 03 Желтоқсан, 2019

Жаңа жоба – жастарға жақсы қолдау

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тиімді шағын және орта бизнес қала мен ауылды дамытудың берік негізі екендігін ерекше атап өтті.

Жаңа жоба – жастарға жақсы қолдау

Бұл ең алдымен тұрғындарға тұрақты жұмыс орнын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті толықтырады. Сондықтан, бұл мақсатқа Президент Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлу туралы тапсырма берген болатын. 

Президент шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру туралы тапсырма берген еді. Сондай-ақ, Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы»  аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлу қажеттігін атап өткен-ді. Биылғы жылы екі бірдей кәсіпкерлік саласындағы жоба қолға алынды. Оның бірі 29 жасқа дейінгі жастарға арналған екі апталық «Жас кәсіпкер» бағдарламасы.  Нәтижесінде жастар жылдық үстемесі 6 процент болатын жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ өздерінің шағын кәсібін дамытуға 505 мың теңге қосымша грант беріледі. Екіншісі жұмыссыз, жағдайы төмен және көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 20 күндік «Бастау» бағдарламасы.  

–Биылғы жылы 350-ден астам азамат оқуларын аяқтады. Олардың ішінде 75 адам грант иегері атанды. 20-дан астам азамат жеңілдетілген несие рәсімдеді. Салалары да әртүрлі. Мал шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету, тігіншілік пен шаштараз да бар,–дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Айнагүл Әбдірахманова.  

Халық арасында кәсіпкерлік негіздерінің әліппесін оқытуға арналған «Бастау» бағдарламасының иігілігін көргендердің бірі – Ләззат Досмағамбетова.    

–Бұл өте жақсы жоба. Бізге өте пайдалы. Бүгінде мен сертификат алдым. 252 мың теңге грант алдым. Ноутбук, принтер, өзге де қажетті заттар сатып алдым. Грант бойынша өзіме фирма ашып, «Жаңа өмір» деген жылжымайтын мүлік агенттігін аштым, дейді жеке кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова.