Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2019

Қант импортына тәуелділіктен қашан арыламыз?

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан тұрғындары жыл сайын 480 мың тоннадан астам қант тұтынатынын білесіз бе? Алайда, ішкі нарықта отандық тәтті шекердің үлесі аз. Агроөнеркәсіп кешені дамыған ел үшін бұл ойланатын-ақ жағдай.

Қант импортына тәуелділіктен қашан арыламыз?

Сол себептен де Жетісу жеріндегі қызылша өсіру ісі стратегиялық маңызға ие болып отыр. Бүгінде облыс диқандары 14 мың гектарға тәтті түбір сепкен. Одан алынатын өнім көлемін 500-520 тоннаға жеткізуге үміт бар. Ал жиналған қызылшадан 50-52 тонна таза қант алудың қамы жасалып жатыр. Осы мақсатта Алматы облысында қант өңдеумен екі зауыт айналысып отыр. Бірі Көксу ауданында орналасқан өндіріс, екіншісі Ақсу ауданындағы қант зауыты. Екі зауыт та мемлекеттік қолдаудың аясында технологиялық жаңғырудан өтіп, аз шығынмен мол өнім шығаруға негізделді.

-Көксу, Ақсу қант зауыттарын модернизациядан өткіздік. Ресейден, Қытайдан, Чехиядан, басқа да елдерден құрал-жабдықтар жеткізіліп, орнатылды. Жалпы, қызылшаны өңдегенде одан 80 процент жом, яғни сығынды шығады. Ол - мал семірту үшін таптырмайтын азық. Сондықтан шыққан жомды мал бордақылау алаңдарының жұмысына тиімді пайдалану үшін, осы екі зауытқа жомды кептіріп, арнайы қаптайтын құрал әкеліп орнатып жатырмыз. Қапталған күйінде оны екі жыл сақталауға болады. Және, қант зауыттары негізінде тек маусымдық кезеңде ғана 3-4 ай жұмыс істейді. Ал біз маусымаралық кезеңде де бос тұрмас үшін Бразилиядан шикізат әкеліп, қамыс қантын шығаруына мүмкіндік жасамақпыз, дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Қазіргі күні Көксу қант зауытында қызылша өңдеу науқаны қызып тұр. Мұнда негізінен Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қаласының қызылша өсірушілері жинаған өнім қабылданады. Зауыт қоймасында 206 мың тоннадан астам шикізат сақтаулы. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тонна қант қызылшасын өңдей алады. Маусымдық жұмыс басталғалы бері 10,8 мың тоннадан астам таза қант дайындалды.

- Мемлекет көмегімен жасалған модернизация зауыттың екінші тынысын ашты деуге болады. Бұған дейін біз мазут отынын қолданып келдік, ауданға табиғи газ келгелі отынның осы түрін пайдалануға көштік. Бұл өте тиімді екен. Біріншіден, көгілдір отынның мазутқа қарағанда жылу шығару қуаттылығы жоғары болса, екіншіден, төлемі де арзан, соған сәйкес шығын азайып, өндірістің тиімділігі артып келеді, - дейді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.

Қант зауыттарының тұрақты жұмыс істеуі қызылша өсіруші диқандардың қызығушылығын арттырып, өнім көлемін көбейтуге жол ашты. Тіпті, шаруалар арасында жақсы бәсеке қалыптасқан. Тәтті түбір себетіндерді де таңдауға мүмкіндік туып отыр.

-Алғашында біз шаруа қожалықтарын қант қызылшасын өсіруге жаппай тартып, барлығын бірдей ынталандырдық. Қызылша өсірушілерге жыл сайын субсидия беріледі, жанар-жағармай жеңілдікпен беріледі, соңғы жылдары тек қана қант қызылшасын өсіруге бағытталған 120 заманауи техника сатып алынды, Франция, Германия, Даниядан тұқым сатып алып бердік. Осындай мүмкіндіктерге қарамастан кейбір қожалықтар әлі күнге қызылшаның шығымын 200 центнерден асыра алмай отыр. Қант қызылшасы тынбай еңбектенуді, үздіксіз баптауды қажет ететін еңбек. Сондықтан ендігі жерде кімнің еңбек өнімділігі жоғары, кім жақсы жұмыс істейді, соларға қолдау көрсетіледі. Яғни, табиғи сұрыптау жасауымыз керек, дейді тақырыпқа орай ойын айтқан аймақ басшысы Амандық Баталов.

Айтпақшы, осы зауыт орналасқан Көксу ауданының диқандары 2100 гектарға қант қызылшасын егіпті. Орташа өнімділігі 370-380 центрнерден айналыпты. Кейбір шаруалардың көрсеткіші гектарына 700 центнерге дейін жетіп отыр.