Қоғам • 04 Желтоқсан, 2019

Әділдік орнаса – әлеумет тыныш

160 реткөрсетілді

Өз елінде жүріп өгейдің күйін кешу өзекті жанды өкіндірмей қоймасы анық. Бұл өкініш біреудің ғана емес, талайлардың тынысын тарылтып, ақырында санасын сілкісе, «тиісті сыбағасынан жаман ғана құр қалады» дегендей мазмұндағы ой жүйкеге тиіп, жүректі шаншытса, қиын.

Қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің барлы­ғын түбегейлі шешіп тастамаса да, осы бағыт­тағы қордаланған жағдаяттарды еңсеруге барын­ша күш салу, қандай түйткіл болса да соны шешуге қатысты өзінің жоспарын ұсыну өзін әлеуметшіл санайтын мемлекеттің басты мін­­деті болса керек. Әлеуметтік мемлекет ха­лық­тың әл-ауқатын көтеру, тұрғындардың қор­­да­ланған мәселелерін оңтайлы шешу қа­дам­дарымен сипатталады. Десек те, бұл си­пат­тама әлеуметтік мемлекеттің шынайы келбе­тін көрсете алмауы мүмкін. Негізінде, күр­делі мәселелердің алдын алу, халықтың көкейін­дегісін дер кезінде білу, қоғамдағы түрлі топ­тардың қажетін ертерек түсіну әрі қалыптас­қан жағдайға қарай сауатты шаралар қабылдау нағыз әлеуметтік мемлекеттің болмысын көрсетеді.

Елімізде сыбайлас жемқорлық, аз қамтыл­ған көп балалы отбасылар, еліміздің демо­графиялық өсіміне кері әсерін тигізіп отыр­ған ажырасулар, баспана, еңбекақыдағы сәйкес­сіз­дік жайы және басқа да жағдаяттарға қатыс­ты көңілсіз көрсеткіштер көптеген мәселенің қордаланып қалғанын аңғартады. Бұл өз кезегінде алдын алу, тиісті органдардың жағ­дайды уақытында бақылау, көре білу деңгейінің төмендігін айғақтайды. Осылайша дер кезінде қимылдамау, яғни мәселені асқын­дыр­май еңсермеу экономикаға аз ауырлық түсірмейді.

Қоғамымыздағы көптеген саланың жай-күйіне сыни көзбен қарап, ондағы түйткілдерді нақты анықтау ісі тым кенжелеп қалғандай. Түрлі салалар бойынша мәселенің мәнісін, күрделілігін «естіртетін», «ескертетін», қоя­сын қопаратын құрал халықтың ашу-ызасын тудырған тосын көріністер мен адам шы­ғынына әкеліп соқтырған оқыс оқиғалар ғана болып отырған сыңайлы. Құлақ асуға, тексеріп білуге мүмкіндігі мол мемлекеттік құрылымдардың өз ресурсын тиімді пайдалана алмай, қоғамды дүр сілкіндірген оқыс оқиғалар арқылы ғана мәселеге мән беруі, әлгі келеңсіздіктің салдарымен күресуге ғана күш жұмсауы қынжылтады. Мемлекеттік органдардың оқыс оқиғаларға «сүйеніп» қана іс-қимыл жасауы, шешім қабылдауы жақсы үрдіс емес. Тосын оқиғалардың ғана «ескертпесіне» қарай қадамдар жасау үстірт қабылданған, өзін өзі ақтамайтын шешім­дердің пайда болуына соқтыратынын да қаперден шығармауымыз керек...

Қоғамдық көңіл күйдің төмендеуіне нендей мәселелер тікелей әсер етіп отырғанын саралап, соның нәтижесіне қарай нақты іс-қимылға көшу қай мемлекет үшін де маңызды. Бұл жерде қоғамдық көңіл күйдің деңгейін өлшейтін мемлекеттік «барометр» үлкен мәнге ие. Мұндай «барометрі» дұрыс жұмыс істемейтін мемлекет қауқарсыз келеді. Сондықтан бізге осы мемлекеттік «барометрдің» (егер бар болса) уақыт талабына сай жұмыс істеуін қам­тамасыз ету керек. Әйтпесе «жауырды жаба тоқу», бәрін жақсы деп көрсету шындықпен бетпе-бет келгенде берекені қашырады.

Біз жоғарыда жалпылама жағдайға тоқтал­дық. Дегенмен, осы арада бүгінде халық­тың сеніміне селкеу түсіріп, елдің көңіл күйіне кері әсер етіп тұрған, қаншама рет қоғам, БАҚ тарапынан айтылса да мемлекеттік органдар жағынан шынайы ақпаратқа сүйенген, жағдайды түсіндірген тұшымды сөз арналмай келе жатқан өзекті мәселелердің біріне тоқтала кетсек. Ол – еңбекақы төлеудегі айырмашылықтарға, яғни еліміздегі шетелдік компанияларда еңбек ететін отандастарымызға сырттан келгендерге қарағанда жалақының аз төленуіне қатысты.

Елімізде түрлі салаларда бас мердігер немесе қосалқы мердігер ретінде белгіленген шетелдік ірі компаниялар тиімді келісімшарттар арқылы өз маман-жұмысшыларына жоғары еңбекақы төлейтіні белгілі. Ал жергілікті суб-қосалқы мердігер құрылымдардың жұмысшылары жалақысы мардымсыз қара жұмыстар атқарып, өз жерінде өгейдің күйін кешуде. Бұл өз кезегінде көптеген отандастарымыздың ашу-ызасын туғызып отыр.

Атқаратын тиісті міндеттері ұқсас шетел­дік және қазақстандық еңбеккерлердің жалақы­сындағы үлкен айырмашылықты көрсе­тетін дәлелдер көп. Осы орайда халықара­лық тәжі­рибелерге жүгініп, жұмыс берушілер­ді «ауыздықтайтын» нақты тетіктерді қолдану маңызды. Әйтпесе шетелдік компаниялармен арадағы келісімдердің талаптары мен норма­лары қазақстандық қоғамның «көңілін қал­дырудан» тыйылмай, әлгі шетелдік компа­ниялардың өз елдерінен жұмысшы күшін тартуын жалғастыра бермек. Бұл шетелдік кəсіпорындардың қазақстандық мамандарды даярлау, жаңа кəсіпке баулу жөніндегі міндеттемесіне жүрдім-бардым қарайтынын көрсетеді. Соның кесірінен қоғамдық көңіл күйді түсіретін аталған өткір мәселе қордалана түседі...

 

Соңғы жаңалықтар

Алматыда зертханалар саны артады

Оңтүстік Қазақстан • Бүгін, 17:10

Пәлсапа – Бекзат сана

Қазақстан • Бүгін, 15:46

Талдықорғаннан Тайыншаға дейін...

Қазақстан • Бүгін, 14:55

Тегеуріні темірдей Темірбаев

Қазақстан • Бүгін, 14:26

Карантинде шырқалған әнұран

Қазақстан • Бүгін, 13:16

Ұқсас жаңалықтар