Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен Қаржы министрлігінде Салық және Кеден комитеттерінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті.
Алқалы жиынға Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтардың өкілдері, Салық және Кеден комитеттері аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты. Мәжілісті Қаржы министрі Болат Жәмішев жүргізіп отырды.
Министр аталған қос комитеттің жұмысы ел экономикасы үшін аса маңызды екендігін айта келіп, алғашқы сөз кезегін Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаевқа ұсынды. Комитет төрағасының мәліметінше, салық органдарының құзыретіндегі салық түсімдері ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 151,8 млрд. теңгені құрады. Республикалық бюджет бойынша – 83,7 млрд. теңге, жергілікті бюджеттер бойынша 68,0 млрд. теңгені құрады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған Мемлекет басшысының салықтық әкімшілендіруді ырықтандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде салық органдары бизнес-процестерді қайта инжинирингтеуді жүргізуде, деп атап өтті Ә.Жұмаділдаев.
Аталған іс-шаралардың негізгі бағыттарының бірі салықтық тексерулерді орталықтандыру болып табылады. Бүгінде, салық комитеті аудандық салық басқармаларында тексеру функцияларын алып тастау жолымен екі облыста пилоттық аудитті орталықтандыру жөніндегі жұмысты бастапты. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, бұл тәуекелдер басқару жүйесін тиімді пайдалануға және сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға мүмкіндік береді. Салық аудитін орталықтандыру жөніндегі аталған тәжірибе оң нәтижесін көрсетсе, ол елдің бүкіл аумағында енгізілетін болады.
Ә.Жұмаділдаев сондай-ақ жалған кәсіпкерлікпен күрес жөніндегі проблемалық мәселелер жайында да сөз қозғады.
Бүгінгі таңда соттар Қазақстандағы 1200 салық төлеушіні жалған кәсіпкерлер деп таныды. Контрагенттермен өзара есеп айырысу сомасы 1 трлн. 52 млн. теңге болды. Өткізілген жұмыс нәтижесінде төлемге есептелген қосымша құн салығы 107 млрд.-тан астам теңгені құрады, деді Ә.Жұмаділдаев.
Комитет басшысы жауапсыз салық төлеушілер сызбасы ылғи да жетілдіріліп отыратынын айта келе, Үкімет басшысына алдағы уақытта барлық мемлекеттік қызметкерлер кірістер мен мүлік бойынша жыл сайынғы мағлұмдаманы электронды түрде тапсырса деген ұсынысын жеткізді. Премьер-Министр аталған бастаманы қолдап, тиісті тапсырмалар берді. «Мен қарсы емеспін, мұны қандай нормативтік-құқықтық акті бойынша жүргізуді зерттеуді тапсырамын. Министрдің бұйрығы жеткілікті болса, мұны бұйрық ретінде қабылдаңыздар», деп тапсырды С.Ахметов.
Алқа мәжілісінің келесі баяндамасын Кедендік бақылау комитетінің төрағасы М.Есенбаев жасады. Ол 2013 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелері бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі бойынша болжамды жоспардың орындалуы 102,8 пайызды құрағанын атап өтті. Республикалық бюджетке 603,5 млрд. теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар түсті. Бюджетке аударылған сома өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 77,2 млрд. теңгеге, яғни 14,2 пайызға көп.
Алу коэффициенті пайыздық қатынаста өсті, яғни импорт көлемінде кедендік төлемдер мен салықтардың үлесі өткен жылғы ұқсас кезеңдегі 7,9 пайыздан ағымдағы жылғы 9,3 пайызға дейін 1,4 пайыздық тармаққа артты, бұл кедендік әкімшілендіруді жақсартудың тікелей нәтижесі болып табылады, деді М.Есенбаев.
Баяндама қорытындылары бойынша Қаржы министрі Б.Жәмішев сөз сөйлеп, кеден мен салық саласында жүзеге асып жатқан оң бағыттағы үдерістер ел экономикасының тұрақты өсіміне игі әсерін тигізетініне сенімін білдірді.
Алқалы жиынды түйіндеген Үкімет басшысы С.Ахметов кедендік және салықтық әкімгершілікті ырықтандыруға Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында айрықша басымдық берілгендігін атап өтті. «Бұл дегеніміз, дамушы бизнеске мүмкіндігінше қолайлы салықтық жағдайлар жасап, салықтық есеп-қисап жүргізуді барынша ықшамдап, жеңілдету болып табылады. Бүгінде атқарылған жұмыстар алғашқы нәтижесін берді десе болады, яғни, есеп-қисап формасы 30 пайызға дейін қысқарды, бірақ бірқатар түйткілді мәселелер түйіні әлі де тарқамай отыр, дей келе С.Ахметов ол мәселелер қатарында жалған кәсіпкерлік, қосымша құн салығын әкімшілендіру, кәсіпорындардың жалған банкроттығы сынды проблемалар бар екендігін атап өтті. Сал