24 Шілде, 2013

Атқарылған іс айтарлықтай

277 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев дәстүрлі брифингте аптаның негізгі шараларына тоқталып, олар Үкімет тарапынан атқарылып жатқандығын айтып өтті.

 

Премьер-Министр Серік Ахме­тов Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қа­тысып, министрліктің негізгі және басты міндеттері мен мақсаттарына басты назар аударылуда деді. Сондай-ақ, бүгін С.Ахметов елордада салынып жатқан Ұлттық биотехнологиялық орталықта болып, оның жұмыс барысымен танысатынын жеткізді. Президент Жарлығымен құрылған бұл ғылыми орталықтың басты мақсаты биотехнологиялық саланың дамуы мен оны қолдаудағы мемлекеттік саясатты іске асыру. Сонымен қатар, 25 шілде күні Премьер-Министр ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізу және оның дайындығы бойынша мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізеді, деді ресми өкіл. Бұған қоса, А.Әбибуллаев Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың осы мәселемен Брюссельге баратынын жеткізді.

Бұдан кейін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко «Ми­нистрліктің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде азаматтардың қауіпсіздігін нығайту бойынша атқарған жұмыстары» туралы жан-жақты айтып берді Ол өз сөзінде 2013 жылдың 6 айында ТЖМ күштері 3638 адамды құтқарып, ТЖ аймағынан 5243 адамды әкеткенін, 1517 зардап шеккен адамға алғашқы медициналық қызмет көрсетілгенін баян етті. Жалпы, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ТЖ саны 20,2 пайызға, қаза болғандар саны 18,1 пайызға, зардап шеккендер саны 22,2 пайызға азайыпты. ТЖ келтірген материалдық залал 18,7 пайызға кеміпті.

ТЖМ бөлімшелері тұрақты түрде қажетті күш болып табылады. Жыл бойғы әр тәулікте олар аза­маттарға көмек көрсетуге 100-240 рет шығады. 2013 жылғы 6 айда еліміздің су айдындарында 513 адам, оның ішінде 141 бала зардап шекті, соның ішінде ми­нис­трліктің суда құтқару қызметі 349 адамды, оның ішінде 112 баланы құтқарды. Жүргізілген сапалы алдын алу-профилактикалық жұ­мыстың арқасында 2012 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда елі­міз­дің су айдындарында зардап шек­кендердің саны 48 пайызға, ал суға кеткендердің саны 32 пайыз­ға азайды. Статистика оқыс оқи­ға­лардың 99,9 пайызы еліміздің жабдықталмаған су айдындарында болатынын көрсетеді. Қазіргі уа­қытта елімізде 348 ресми суға түсу орны (оның ішінде 116 балалар жағажайлары) жұмыс істейді, деді В.Божко.

Азаматтардың су айдындарында қаза болуының алдын алу мақсатында 2013 жылғы суға шо­мылу маусымы кезеңінде министр­лік 58 суда құтқару стансасының, 22 құтқару бекетінің, 7 икемділік-іздестіруші тобы мен 13 сүңгуір авариялық-құтқарушы жасақтың жеке құрамын жоғары әзірлікке келтіріпті.

Сондай-ақ, ел Үкіметінің тап­сырмасы бойынша ми­нистр­лік Скай Эйрлаинс тү­рік­ авиакомпаниясының бан­крот­қа ұшырауы салдарынан­ Анталияда қалып қойған қазақ­стан­дық азаматтарды елге жет­кізуді ұйымдастырған. 9-10 шілде аралығында ТЖМ «Қа­з­авиа­құт­қару» АҚ Ту-154 ұшағымен 188 адамды елге алып келген.

Бүгінде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелері министрліктің тұрақты бақылауында тұрған көрінеді. Мәселен, өнеркәсіп саласындағы 17241 нысан мен 2224 кәсіпорын тексеруден өтсе, нәтижесінде 36232 техникалық қауіпсіздік қағидалары мен нормаларын бұзушылық анықталған, сонымен қатар, 1835 нысан мен 5 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылып, 1420 кәсіпорын басшысына 60 млн.-нан астам теңге сомасына айыппұл санкциясы салыныпты. Қауіпті өндірістерде біздің ұсынысымыз бойынша ескірген жабдықтар мен технологиялық желілер тұрақты түрде ауыстырылып тұрады, деді В. Божко.

Үстіміздегі жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді шектеу мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Заңда жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің өкілеттіктері нақты бөлінді, әкімдіктердің рөлі күшейтілді. Осылайша енді әкімдер өз өңірлеріндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның төрағалары болып табылады. Бұл ел басшылығының азаматтардың қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл аударатынын айғақтайды.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».