Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 770 мыңнан асады. Олардың 470 мыңнан астамы ауылдарда, 300 мыңдайы қалаларда тұрады. Яғни, облыстағы халық санының 30%-дан астамын жастар құрайды.
Облыс әкімі А.Мырзахметов үстіміздегі жылдың басында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының 2012 жылы атқарған жұмысын тыңдау барысында жасөспірімдер тарапынан қылмыстардың күн санап артып бара жатқандығын, оның алдын алуда тиісті мекемелердің әлі де болса жүйелі жұмыс жүргізе алмай отырғандығын сынға алды. Сынға алып қана қоймай, су жаңа басқармаға аталған мәселе төңірегінде облыстық ішкі істер департаментімен, білім басқармасымен, аудан, қала әкімдерімен бірлесіп тығыз байланыста жұмыс жасауды тапсырды.
Өңір басшысынан тапсырма алғалы бері жаңа басқарма аталған мәселелер бойынша бірқатар жұмысты қолға алды. Атап айтар болсақ, облыстық ішкі істер департаментімен бірлесіп, түнгі мезгілде жастардың көп шоғырланатын орындарына рейдтік шаралар өткізіліп жүр. Түркістан, Кентау қалаларында «Қылмыссыз болашақ» тақырыбында жастармен кездесулер ұйымдастырылып, оларға ішкі істер бөлімдерінің, прокуратураның өкілдері қатыстырылды. Қатыстырылып қана қоймай, жастарға қылмыс жасағанның жазасы жеңіл болмайтындығы, оқыған баланың өмір жолы қашанда жарқын екендігі жан-жақты түсіндірілді.
Одан бөлек, «Жастар орталығы» ғимаратында Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындары мен мектеп басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында» кездесу болып өтті. Сонымен қатар, облыс әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес, әр басқарманың басшысы, аудан, қала әкімдері жастармен кездесіп жатыр. Осы кездесулерде де басшылар өскелең ұрпақты қылмыс атаулыдан аулақ жүруге шақыруда. Жоспарға сәйкес, жастарды, әсіресе, «қиын» балаларды облыстық ішкі істер департаментінің басшысымен де кездестіру жоспарланып отыр.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы қылмыстың толастамауы – отбасындағы тәрбиенің нашарлығынан. Ата-ана тарапынан балаға деген бақылаудың жоқтығынан. Тәрбие дұрыс берілсе, балаға тұрақты бақылау болса, онда қылмыс саны бір жылда 43% пайызға өсіп, 269 ата-ана әкімшілік жазаға тартылмайтын еді. Дегенмен, ата-анаға жазаның жеңіл түрін қолдану арқылы немесе мектеп пен колледж басшысына, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, тіпті, сынып жетекшісіне қатаң сөгіс, жұмыстан босату шараларын көру арқылы жеткіншектер арасындағы қылмыс санын азайта аламыз ба? Мәселе осында. Жасыратыны жоқ, баланың қылмысы үшін ұстаздар қауымы көп жазаланады. Егер, мұғалімдер жазаға тартыла беретін болса, олар өз кезегінде шынайы жағдайды жасыруға мәжбүр болады.
Біз мектеп тәлімгерлерінің тәрбиесіне мектеп инспекторларының да жауапты екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені, кәмелетке толмағандармен жұмыс жасау ішкі істер органдарына жүктелген. Қазір олар осы міндетті атқаруға қауқарсыз болып отыр. Мүмкін, облыстағы 1019 мектепті бар-жоғы 213 полиция инспекторы игере алмай жатқан шығар. Оның үстіне инспекторлардың көбісі қызметке жаңадан келген жас мамандар. Осы тұста айта кету керек, облыстық ішкі істер департаменті аталған қызметке ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі 3 жылдан кем емес, педагог мамандығы бар қызметкерлерді орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама іске асатын болса, жас өрендеріміздің тәртібі біршама түзелер еді.
Жалпы, облыста 2012 жылы кәмелет жасына толмағандар тарапынан жасалған 597 қылмыс тіркелген. 2011 жылы барлығы 425 қылмыс жасалса, бір жылдың ішінде олар 208-ге артып кеткен. Жасөспірімдер көбіне бұзақылық, бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау сияқты қылмыстарға бой алдырады. Мәселен, өткен жылы тонау фактісі бойынша 141 қылмыс анықталса, 53 факт бұзақылық бойынша тіркелген. Қылмысқа көбіне 14-15 және 16-17 жастағы жасөспірімдердің баратындығы анықталып отыр. Яғни, олар мектеп оқушылары мен колледж студенттері.
2013 жылдың алғашқы жартысында кәмелет жасына толмағандар жасаған қылмыс 30%-ға кеміп отыр. Бұл жарты жыл бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі болса керек.
Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы.