Қоғам • 04 Желтоқсан, 2019

Мектеп оқушысы банк салымшыларына қолайлы мобильді қолданба әзірледі

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып Любовь Дудченко «Baiterek hackathon – 2019» инновациялық жобалар республикалық байқауында «Үздік IT-жоба»  номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Өз жобасын жүзеге асыру үшін Любовьқа ұйымдастырушылар тарапынан 1 000 000 теңгеге сертификат берілді.

Мектеп оқушысы банк салымшыларына қолайлы мобильді қолданба әзірледі

Хакатонға қатысуға 550-ден астам өтінім келіп түссе, оның 200-ден астамы ғана іріктеуден өткен. Республикалық байқаудың финалы 29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ұйымдастыруымен, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен «QazTech Ventures» компаниясының қолдауымен Алматы қаласында өтті.

«Байқаудың басты мақсаты – жоба әзірлеушілер мен бизнес-инвесторлар арасындағы алшақтықты жою» дейді ұйымдастырушылар. Олар хакатон қатысушыларына банк тұтынушыларының үйден шықпай-ақ қызметті онлайн алуының бағдарламалық жасақтамасын ойлап табуды ұсынды. Қатысушылардың ұсынған шешімдері тиімді, қарапайым жолмен жүзеге асатын және тұтынушылар үшін түсінікті болуы тиіс деген талап қойылған.

Любовь Дудченко жоба бойынша серіктестері Ильяс Ахметов және Есентай Құрманбаевпен бірге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» компаниясы үшін салымшы бонустарын жинап, өзінің виртуалды үйін құрастыра алатын мобильді қолданба әзірлеп шықты.

«Бұл банк клиенттерінің салымдарының қарқындылығын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл қолданбада жеке куәлікті сканерлеудің арнайы функциясы бар. Оның көмегімен банктегі кезектерді қысқартуға болады, себебі сауалнамаларды толтыру және клиенттердің мәліметтерін деректер базасына жіберу автоматты түрде жүргізіледі», - дейді Любовь.