Қоғам • 04 Желтоқсан, 2019

Жастарға қолдау көрсетуге басымдық берілмек

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асырылған «Еңбекқор жастар» ақпараттық кампаниясы жұмысының қорытындысы шығарылды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жастарға қолдау көрсетуге басымдық берілмек

Жобада еліміздегі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген 30-дан астам жас кәсіпкерден сұхбат алынып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы жас кәсіпкерлердің атқарған жұмыстары кеңінен насихатталды. Жобаның негізгі мақсаты жас та болса өз кәсібін ашып, ісін өрге сүйреп жүрген қыз-жігіттердің қоғамда танылуына, насихатталуына мүмкіндік беру.

Жоба аясында көптің көңілінен шыққан жас кәсіпкерлердің бірі – 25 жастағы  Әдемі Есеншораева. Ол Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында дәнекерлеу цехтарын жалға алып, кәсіп ашты. Сонымен қатар, бұл бастаманы ауылды жерлерде де сәтті жалғастырып отыр. Ал Мәскеуде және Буэнос-Айресте (Аргентинада) оқыған 28 жастағы агроном Дәулет Бакишев Павлодар облысындағы туған ауылында ауыл шаруашылғы саласы бойынша ілкімді жобаларды жүзеге асыруда.

Іс-шара аясында «Еңбек нарығының жаңа болмысындағы жастар ресурстық орталықтарының әлеуеті мен рөлі» тұжырымдамасы таныстырылды.

PHD докторы, зерттеу тобының жетекшісі Жанаргүл Құлмағамбетованың айтуынша, Қазақстанда алғаш рет жастар ресурстық орталығы 2014 жылы ашылған. Мұндай орталықтарды ашудағы негізгі міндет - жастар мен жастар ұйымдарына қызмет көрсету. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 208 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді.

Жастар ресурстық орталықтары қызметінің маңызды бағыттарының бірі - жастардың өмірлік маңызды дағдылары бойынша дамыту, әзірлеу және оқыту.

Бүгінде Қазақстанның экономикалық белсенді халқының төрттен бір бөлігін жастар құрайды. Бұл ретте соңғы бес жылда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,6 пайызға төмендеді.