Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2019

Қарағандылық кеншілер жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандыда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты И.Костенко атындағы шахта жер астында  6 200 қума метрді  ұңғылап,  жылдық жоспарды мерзімінен бір ай бұрын орындап шықты.

Қарағандылық кеншілер жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады

Толайым табысқа арналған салтанатта шахта ұжымын  көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз құттықтап, кеншілерге жанкешті еңбектері үшін алғыс айтты.

– Соңғы үш жыл ішінде түрлі себептерге байланысты ұңғылау бойынша жоспардың орындалуын біз бірінші рет атап өтіп отырмыз. Біз оны жай ғана орындап қоймай, желтоқсан айының басында мерзімінен бұрын іске асырдық. Үңгушілердің жұмысы әркезде қиын болған, оған көптеген факторлар әсер етеді. Бірақ қазір біздегі жаңа техника мен жабдықтардың арқасында олардың еңбегі әжептәуір жеңілдеді. Соның нәтижесін біз қазір көріп отырмыз, – дейді аталған шахтаның бас инженері Николай Грознов.

И.Костенко атындағы шахтада 205 үңгуші жұмыс істейді. Биыл Олег Проскурин басқаратын бригада екі бірдей лава дайындады. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес К1-К3 қабаты бойынша тағы екі лава іске қосылмақшы.

 

Қарағанды облысы