Руханият • 05 Желтоқсан, 2019

Қайырымдылық фестиваліне қатысты

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордада балалар үйінің тәрбиеленушілеріне материалдық көмек көрсетіп, олардың рухани әлемін байыту мақсатында өтетін «Мелодии волшебства» қайырымдылық фестивалі басталды.

Қайырымдылық фестиваліне қатысты

Жоба Дариға Назарбаеваның бас­тамасымен құрылып, «Дегдар» гуманитарлық қорының ұйым­дас­тыруымен биыл екінші рет өтуде. Фестиваль аясында ауылдық елді мекендерде орналасқан төрт балалар үйіне қаржы жинап, қайырымдылық көмек көрсетіледі. Кеше «Қазақстан» орталық концерт залында Ақмола облысындағы Ақкөл ауданының Урюпин ауылы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап «Open space» іс-шарасын өткізді.

Ұйымдастырушылар балалардың өз сұрауына қарай жаңажылдық сыйлықтар да әзірлеген. Сыйлықты балаларға өз қолымен табыстаған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева: «Бүгін сіздермен кездесіп, бақыт­ты жүздеріңізді көргеніме қуаныш­тымын. Үйірмелерге қатысқан бала­лар­дың қаншалықты талантты, білімге және заманауи ғылымдарға қанша­лықты құштар екендігін көрдік. Сіздерге болашағы жарқын, мақса­ты айқын тұлға ретінде өсіп, барлық асқақ армандарыңыздың орында­луын тілеймін. Айналаңызда өмірін ба­лалардың қамқорлығына арнап, күн­делікті бақыт шуағын сыйлап жүрген көптеген жақсы, мейірімді адамдар бар. Балалардың қасынан табылатын тәрбиешілер мен педагогтарға зор алғыс білдіремін», деді.

Сондай-ақ балалар «Ерекше актерлер театрының» қойылымын, кескіндеме өнері, қыш өнері және заманауи билер бойынша шеберлік сыныптарын тамашалап, роботтехника үйірмелерін, виртуалды және химия лабораторияларын көрді, аниматорлармен бірге қызықты ойындарға қатысты.

«Мелодии волшебства» қайы­рым­дылық фестивалінің аясында біз бүгін екінші рет балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесіп отырмыз. Бұл ата-анасының қамқорлы­ғын­сыз қалған балалардың арасында мүмкіндігі шектеулі өспірімдер де бар. Былтыр фестиваль аясында 52 942 250 теңге қаражат жина­лып, 209 бала қамтылған болатын. Жиналған қаражат есебінен ауылды жерде орналасқан 4 балалар үйіне көмек көрсетілді. Ал биыл 315 бүл­діршінге көмек көрсетілмек. Бұған қоса, тағы 4 балалар үйін сапалы әрі қа­жетті құрал-жабдықтармен қамту жос­парланған», дейді «Дегдар» гумани­тар­лық қорының директоры Лаура Ах­метова.

Атап айтқанда, биыл Урюпинка ауылындағы «балабақша – мектеп – интернат» арнайы кешені, Шы­ғыс Қазақстан облысының білім басқармасына қарасты «№8 балалар үйі» КММ, Қарағанды облысы Осакаровка ауданындағы «Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат» КММ және Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының «Орталық нерв жүйесі орга­ни­калық зақымданған және психикасы бұзылған балаларға арналған Рудный мамандандырылған сәбилер үйі» КММ-ге көмек көрсетілмек.

Қайырымдылық фестивалі 7 желтоқсанда «Қазақстан» ОКЗ-да Дариға Назарбаева, Медет Чотабаев,  Мейір Байнеш, Альфия Каримова, Азат Мәлік, Азамат Жылтыркөзов, «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы, «Астана Опера» театрының хоры мен симфониялық оркестрі, дирижер Абзал Мұхитдинов сияқты танымал өнер иелерінің қатысуымен оперетталар мен мюзиклдердің  ариялары орындалатын концертпен аяқталады. Сондай-ақ «Астана Опера» театры спектакльдерінің костюмдерінен құрылған көрме ұйымдастырылады.