24 Шілде, 2013

Өндірістік тәжірибеден өтті

611 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылдағы үрдіс бойынша Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің «Металлургия» мамандығы бойынша білім алып жүрген екінші және үшінші курсының 122 студенті Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өндірістік тәжірибеден өтті. Оқу процесін өндіріспен байланыстыру мақсатында аталмыш өндіріс орны мен университет арасында келісімшарт жасалған. Алдымен зауытқа келген студенттер өндіріс орындарында жүріп-тұру тәртібі мен техникалық қауіпсіздік нұсқаулығымен таныстырылды. Студенттер негізгі цехтарға бөлініп, оларға жетекшілер ретінде көп жылдық еңбек өтілі бар, білікті мамандар бекітілді. Оқу процесін өндірістік іс-тәжірибемен байланыстырған болашақ мамандар өздеріне бекітіліп берген жетекшілердің қарауында теориялық білімдерін өндіріспен ұштастыруға мүмкіндік алды.

Шикіқұрам дайындау цехында 12 студент тәжірибеден өтті. Оларды алдымен зауыттың шығаратын өнімімен, шикіқұрам дайындау цехының атқаратын іс-жоспарымен және техника қауіпсіздігімен, өндіріс процесімен таныстырдым. Цех аймағын аралатып, көрсеттім. Біздің цехта тәжірибеден өткендер – 3-курстың студенттері. Оларға барынша теориялық білімін өндіріспен ұштастыруға қолдағы бар мүмкіндіктерді жасадық, – дейді өндірістің аға шебері Мұрат Құлтазин.

– Мен осымен екінші рет өндірістік іс-тәжірибеден өтудемін. Былтырғы жылы тәжірибеден Дөң тау кен-байыту комбинатында өткен болатынмын. Биыл Ақтөбе ферроқорытпа зауытының шикіқұрам дайындау цехына жіберді. Бізге бекітіліп берілген жетекшіміз Мұрат Құлтазиннің басшылығымен тәжірибеден өту барысы ойдағыдай болды, – дейді Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің 3-курс студенті Нұргүл Отарбаева. Оның курстасы Меруерт Қонақова қара металлургияның алғашқы қарлығашы болып саналатын 70 жылдық тарихы бар зауытта өндірістік тәжірибеден өткеніне қуанышты екенін жеткізді. Болашақ маман зауыттың қарбалас тірлігі, отпен алысқан металлургтердің ерен еңбектерін көзбен көргеніне ризашылығын білдірді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар