Ұлттық спорт • 05 Желтоқсан, 2019

Қостанайда тоғызқұмалақтан облыстық ашық турнир өтіп жатыр 

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының тұңғыш спорт шебері Дмитрий Поляковтың 90 жылдығы құрметіне тоғызқұмалақтан ардагерлер арасында ашық облыстық турнир өтіп жатыр.

Қостанайда тоғызқұмалақтан облыстық ашық турнир өтіп жатыр 

Оған қатысу үшін еліміздің әр шалғайынан уақытында Дмитрий Степановичке қарсылас болып ойнаған жиырма шақты замандас тоғызқұмалақшы келді. Кеше турнирдің ашылу салтанаты болды. Онда облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов мерейтой иесін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан құттықтап, деніне саулық, отбасына береке тіледі. Сый-сияпатын жасап, иығына қазақтың шапанын жапты. Сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынының Қостанай өңірінде қанат жаюына мұрындық болған Дмитрий Поляков ақсақалды Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті, мемлекет қайраткері Әлихан Бәйменов арнайы келіп құттықтады.

«Хақымыздың ұлттық спорт түрінің бірі тоғызқұмалақ ойынын қазір әлемнің біраз елдері біледі. Халықаралық жарыстар өткізіледі. Жас ұрпаққа мұның берері мол. Осы ойынды елімізде дамытуға үлкен үлес қосқан спортшының бірі өзіңіз, Дмитрий Степанович! Жасай беріңіз!» деді Әлихан Бәйменов.

90 жасқа шаршамай жеткен Дмитрий Степанович те сөз сөйлеп, өткен күндерден естелік айтты, өзіне көрсетілген құрметке алғысын білдірді.

«1961 жылы Қарағанды облысынан жасы жетпістен асқан қарт қазақ бізге тоғызқұмалақ үйретті. Біз бір жыл жаттығып жүрдік те, бірден  республикалық чемпионатқа қатыстық. Бардық та, командалық есепте Қостанай облысының тоғызқұмалақшылары бірінші орынды жеңіп алды, ал мен чемпион болдым» деп еске алды Дмитрий Степанович. Ол сөзінің соңында «100 жасымда өтетін турнирді көргім келеді» деп әзілдеді.

Ардагерлер арасында өтіп жатқан облыстық ашық турнир желтоқсанның 6 күні қорытындыланады. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтары күтіп тұр.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ

ҚОСТАНАЙ 

 

Сурет alau.kz сайтынан алынды