Осы аптада Астанада ерлер арасында Challenger ATP және әйелдер арасында ITF сериясында теннистен Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы жолындағы халықаралық турнир басталды.
Жыл сайын өтетін бұл турнирге биыл да көптеген елдерден өкілдер келді. Соның ішінде Дуди Села (Израиль, ATP рейтингісінде 88-орын), Теймураз Габашвили (Ресей, 137), Иван Сергеев (Украина, 177), Константин Кравчук (Ресей, 179), Марсель Ильхан (Түркия, 180), Мария Жоао Кохлер (Португалия, WTA рейтингісінде 106), Луксика Кумкум (Таиланд,107), Нина Братчикова (Ресей, 139), Тамарин Танасугарн (Таиланд, 165) және Надя Киченок (Украина,171) өз елдерінің намысын қорғауда.
Жалпы, турнирге қатысуға 25 елдің теннисшілері ниет білдіріпті. Барлығы 64 спортшы. Олар ерлер мен әйелдер жарысына тең бөлінген. Өткен жылдардағы турнирлерге қарағанда, бұл аз емес. Ал біздің елден Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Денис Евсеев, Тимур Хабибулин, Алексей Нестеров, Сағадат Аяп, Серіжан Есенбеков, Дмитрий Попко, Зарина Диас, Камила Керімбекова, Ксения Первак пен басқа да жас теннисшілер қатысуда.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 225 000 АҚШ доллары. Осы ақшаның 18 000-ға жуығы жеңімпазға беріледі. Бұл сомадан біздің елдің ғана емес, басқа елдердің де үміттеніп отырған теннисшілері бар. Мәселен, израильдік Дуди Села, ресейліктер Теймураз Габашвили, Константин Кравчук, ал әйелдер арасында португалиялық Мария Жоао Кохлер сияқты спортшылар жеңімпаз атануға барын салатыны анық. Бізден жеңімпаз болуға ерлер арасында АТР рейтингісінде 141-орында тұрған Андрей Голубев пен еліміздің нөмірі бірінші ракеткасы Михаил Кукушкиннің, әйелдер арасында Ксения Первактың мүмкіндіктері бар. Осы турнирді Голубев 2008 және 2009 жылдары екі рет ұтып алған болатын. Ал Кукушкин 2001 жылы жеңімпаз атанған. Енді биыл екеуінің де бабы мен бағы келіссе, тағы да кубокты басына көтереді деп ойлаймыз.
Әзірге екеуі де алғашқы кездесулерін сәтті бастап отыр. Турнирдің бірінші күні олар отандастары Сағадат Аяп пен Серіжан Есенбековті жеңіп, келесі айналымға шықты. Әйелдер арасында Ксения Первак та өзінен тәжірибесі аздау Камила Керімбаеваны екі сетте 6:2, 6:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды. Енді ол екінші кезеңде француз Ализе Лиммен кездеседі.
Турнир күн сайын сағат 10.00-ден бастап «Дәулет» Ұлттық теннис орталығының ашық корттарында өтуде. Финалдық және жартылай финалдық кездесулер сенбі және жексенбі күндері сағат 12.00-ге белгіленген.
Дастан Кенжалин,
«Егемен Қазақстан».