Жақында Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (АИБА) атқарушы комитетінің отырысы өтті.
Осы жиында 2015 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатын Катарда өткізу туралы шешім қабылданды. Таиланд елі де бұл біріншілікті өткізуге кандидатурасын ұсынған болатын. Нәтижесінде атқарушы комитеттің шешімімен Катар барлық жағынан лайық деп танылды.
Одан кейін осы жерде Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының кәсіпқой бокс жүйесі (АРВ) атқарушы бюросының отырысы өтіп, онда АРВ жарыстарына қатысқысы келетін боксшылардың мәселесі қаралды. Жиынға қатысушылар қазір жекпе-жектерге әлемнің үздік 54 боксшысы тіркелгенін, алдағы кезде олардың саны көбеймесе, азаймайтынын айтты. Сонымен бірге, биыл күзде АРВ-дің алғашқы матчтары өтетіні хабарланды. Олар әуелі қыркүйек айында Украина, Бразилия, Германия, Мексикада өтсе, содан кейін қазанда Алматыда өтеді деп шешілді. Отырыста 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиадаға берілетін лицензия мәселесі де талқыланды. АИБА мүшелері АРВ жарыстарына Олимпиадаға берілетін 70 жолдаманы бөліп берді.