Руханият • 05 Желтоқсан, 2019

Елбасы кітапханасы суретші балаларды марапаттады

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Туған өлкем» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы кітапхананың баспасөз қызметі хабарлады. 

Елбасы кітапханасы суретші балаларды марапаттады

Іс-шара барысында Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын дәріптейтін «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы балалар шығармашылығын қолдауды, қосымша білім беру мекемелері жұмысын насихаттауды көздейді. Келелі іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашты:

– Шарамыздың шымылдығын ашпастан бұрын баршаңызды еліміздің келе жатқан төл мерекесімен құттықтағым келеді. Елбасы Тәуелсіздік мерекесінің желтоқсан ызғарында халық кеудесін жылуға бөлейтін айтулы күн екенін жиі айтады. Жыл қорытындысы келтірілетін уақытта өнерсүйер қауымның төрімізге жиналып, іс-шараға бір ауыздан қолдау танытып, ұйымдастыруына ат салысып жатқанына қуанып жатырмыз.  Жеміс пен жеңіске толы бұл жылдың ең маңызды іс-шарасы – балалар өнерін қолдауға бағытталған «Туған өлкем» республикалық жобасы. Қосымша білім беру мекемелерін де қолдаумен айналысатын бұл жобада түрлі қалалардың дарынды сайыскерлері бақ сынап, шеберлігімен бәрімізді тәнті етті. Биылғы байқау осымен тәмам, қатысушыларға ризашылығымызды айтып, алдағы уақытқа шығармашылық табыстар тілейміз, - деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Биылғы үш көрмеде түрлі техника мен жанрда орындалған 200-ден астам дипломдық жұмыс қойылды. Көрермендер назарына ұсынылатын қорытынды көрмеге олардың қатарынан 30 жұмыс қана іріктелінді. Жеңісті Қарағанды қаласындағы №1 балалар көркемсурет мектебінің оқушылары Анна Пак пен Лидия Левицкая, Шахтинск қаласының Ә.Ысмайылов атындағы балалар көркемсурет мектебінің оқушылары Алтыншаш Салықова мен Кира Калугина, Көкшетау қаласы Балалар көркемсурет мектебінің оқушылары Нәзилә Қанапина мен Ирина Панченко, Нұр-Сұлтан қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының оқушылары Баян Бейсембекова мен Диана Жұмагерей қанжығасына байлады.

Көкшетаулық жеңімпаздар қуаныштарын жасырмай, бізбен алған әсерлерімен бөлісті:

– Өнер арқылы мен сезімімді, ойымды білдіремін. Сайысқа қатысып, мыңнан озып шығуыма мұрындық болған көркемсурет мектебіне алғысым зор. Қазылар алқасының жұмысыма жоғары баға бергеніне қуаныштымын, көп рахмет! - деді Нәзилә Қанапина.

– Шығармашылық байқауларға қатысқанды ұнатамын. Олардың арқасында тәжірибе жинап қана қоймай, сурет салып жатып түрлі сезімдерге бөленемін. Адамдардың туындыма қатысты пікірін тыңдап ынталанамын, шабыттанамын. Көрмеге Шоқан Уәлихановтың суретін ұсынған едім. Негізгі ісі саналмаса да, ол кісі тұңғыш қазақ суретшісі болатын. Саяхаттап жүріп дерек жинаған Шоқан Уәлихановтың көрген-білген дүниелерін қолмен салған суреттерімен толықтырып отырғаны белгілі. Әуелі тушь пен қарындаш қолданған ол кейін субояуға да көшкен. Қазақ жерінің суретін алғаш салған Ұлы даланың баласы артынан 100-ге тарта сурет қалдырған, - деді Ирина Панченко.

Бұл байқауда үздік ұстаз ретінде номинация жеңімпаздары болып Нұр-Сұлтан қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының мұғалімі Әлия Өтепова, Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебінің мұғалімі Динара Ақпарова, Шахтинск қаласы Ә.Ысмайылов атындағы балалар көркемсурет мектебінің мұғалімі Алмас Әбдіқалықов, Көкшетау қаласы Балалар көркемсурет мектебінің мұғалімі Ирина Максимова марапатталды. Іске қосылған сәтінен бастап жоба аясында Елбасы кітапханасында Семей, Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды және Шахтинск қалаларының көркемсурет мектептері қатысқан бірқатар шара ұйымдастырылды. Бұл көрмелердің қазылар алқасы үздік жұмыстармен қатар байқауға қатысқан мектептің үздік ұстаздарын жыл сайын анықтайды.

– Қазақстанның түкпір-түкпірінен шығармашыл жандардың басын қосқан бірегей жобаның ұйымдастырушылары – Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына алғыс айтамыз! Комитет мүшелері балаларға арналған еліміздегі көркемсурет мектептерінің ұстаздары мен оқушыларына тән еңбекқорлығы мен өнерге құштарлығына ризашылығын білдіреді. 2017 жылы іске қосылған жобаның аясында Шахтинск, Қарағанды, Көкшетау қалаларының суретшілері астаналық бүлдіршіндерге арналған шеберлік сағаттарын жүргізген. Мазмұнды іс-шара әрдайым жалғасын таба берсін! Баршамызды келе жатқан мерекелермен шын жүректен құттықтаймын, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенова.