Парламент • 05 Желтоқсан, 2019

Парламент Сенатында Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы болды

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы болды. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтың төрағалық етуімен өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады. 

Парламент Сенатында Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы болды

Б.Бекназаров құттықтау сөзінде Қазақстан өткен жылдарда заң шығаруды сапалық тұрғыдағы жаңа деңгейге шығарғанын жеткізді. Сонымен қатар заң шығару процесі үнемі жетілдіруді талап етеді.

«Ол үшін Үкіметтің заң жобалау қызметін жоспарлауды жетілдіру, заң жобалары мен олардың тұжырымдамаларына ғылыми сараптама ұйымдастыру әдістерін түбегейлі өзгерту, қазақ және орыс тілдерінде бірдей түпнұсқаны қамтамасыз ету бойынша тиімді шаралар қабылдау, мемлекеттік органдардағы заң жобаларын әзірлеуге жауап беретін нақты адамдарының жауапкершілігін күшейту қажет» деп атап өтті Сенат Төрағасының орынбасары.

Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан «Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақырыбындағы парламенттік тыңдаудың қорытындысы туралы айтты. Ол қабылданатын және қабылданған заңдардың тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз ету үшін әділет министрлігі жекелеген мемлекеттік органдарға да, жалпы заң шығару жүйесіне де ықпал етудің барлық ықтимал тетіктерін қолданып келе жатқанын айтты.

Бұл тақырып бойынша сенатор Владимир Волков парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша 17 пункттен тұратын ұсыныстар дайындалғанын хабарлады. Әділет министрлігі тармақтардың бір бөлігін орындады. Қалғандары ұйымдастыру тұрғысында және кешенді шешімді талап етеді. Ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығаруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаннан кейін мүмкін болады.

Кездесуге қатысушылардың пікірінше, Кеңестің жұмысы заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді. Дегенмен, тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңызы зор екені айтылды.

Отырыста Кеңес төрағасының орынбасары мен хатшысы сайланды. Кеңес төрағасының орынбасары Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков, хатшысы Парламент Сенаты Аппараты басшысының орынбасары Марат Уақпаев болды.

Парламент Сенаты жанындағы Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңес биылғы жылдың 1 шілдесінде заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында құрылған болатын. Оның құрамына Сенат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, белгілі құқықтанушы ғалымдар кірді.