Руханият • 06 Желтоқсан, 2019

Ілия ЖАҚАНОВ: Эстрада – батыстың музыкалық экспансиясы

1244 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Атырау жаққа жол түссе, амандаспай кетпейтін бір шаңырақ бар. Ол – әйгілі композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың үйі. Жарты сағаттық әңгімесі жарты ғұмырыңа татитын тағылыммен өрнектелер өрелі жан бұл жолы да бізді жадырай қарсы алды. Өмірлік музасына айналған «Меңді қыз» – Тиыш апайға айтып, дастарқанын жайнатып қойған ақсақал алыстан келген қонағына төрімен бірге, тұшымды әңгімесін де қатар дайындап отыр екен. Өзімсіне еркелей, композитордың жарығы мол түсетін кең терезелі балконының ішін тұтас ала жасақталған шығармашылық шеберханасын бетке алдық. Бөлме ортасын көлденең кесе орналасқан кенепке түскен Орал тауларының әсем пейзажы бірден назарымызды өзіне бұрды. Суретке үңіле бергеніміз сол еді, ақсақал: «Картинаны жақыннан емес, алыстан қарау ләзім. Сонда сұлулығы толық ашылады», деді. Ақылға құлақ астық. Расымен де, ғажап әлем! Бейнебір тұмса табиғаттың ортасына еніп кеткендей, сарайымыз ашылып, көкірегімізді кере дем алдық. Әдемі әсерімізді аға әйбат әңгімесімен жалғап әкетті.

Ілия ЖАҚАНОВ: Эстрада – батыстың музыкалық экспансиясы

– Бұл – Каспий... ептеп өңдеулері болады. Әлі толық біткен жоқ. Кейбір жері кеппей тұр. Ал мынау Жайықтың Орал тауы­нан басталатын жоғарғы сағасы. Бір кездерде қазақтардың кең жайлаған құт мекені болған, киелі жер. Түбі Ақбұлақтан бас­талады екен. Жалпы, Орал таулары алып қой. Үлкен болмаса осындай сулар шыға ма? Еділ де, Жайық та бастауын осы таудан алады. Мынау көріп тұрғаның – Еділ өзенінің бас жағы. Астраханьға жол түскенде, жігіттер осы бір тамаша картинаны көрсетті. Соны санамда ұстап қалдым. Жалпы, мен сұлулықты жүрегімнің түбінде сақтаймын. Кейін уақыты туып, бабына келгенде қиялым мен қаламыма ерік беремін.

– Суреттеріңіздің дені Батыс тақы­рыбы екен. Атырауға әбден бауыр басып кеткеніңіз сезіледі...

– Оның рас. Келесі жылы апаң екеу­міздің Атырауға қоныс аударғаны­мызға тура 20 жыл толады. Кезінде Иман­ғали Тасмағамбетов Атырау облы­сының әкімі болып тұрған кезінде арнайы шақырып еді. Сонда Иманғали айтты: «Аға, ата-ба­баларыңыздың Еділ мен Жайықтың бойы­нан кеткеніне 4 ғасырға жуықтапты. Арқада өмір сүрдіңіздер. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жезқазған... сол төңіректе өсіп-өндіңіздер. Рахмет ол ел­ге. Сіздің ән­деріңізді біз ешуақытта «ана ауылдың, мына ауылдың әні» деп бөлмейміз. Барлығы да қазаққа ортақ қазына. Енді «пора домой» деді. Міне, тура осылай деп кесіп айтты. Сөйтті де, көмекшісіне тапсырма беріп, қаланың қақ төрінен осы пәтердің кілтін қолыма табыс етті. Республиканың басқа аймақтарын тү­гелге жуық аралап, зерттеп шықсам да, Батыс аймағы менің көптен бері табаным тимей жүрген жер еді. Киелі өл­кенің бай музыкалық мұрасына дендеп кіре алмаған олқылықтың орны бүтін­делетіндігін ойлап, бұл ұсынысқа бірден қуана келістім. Содан бері міне, 20 жыл болады. Атырауды тұрақ етіп қалып қойдым. Иманғалидың айтқанын екі етпей, елдің арғы-бергі тарихын ті­рілтіп, ұмытылған, ескерусіз қалған композиторлары мен олардың бай мұрасына жан бітірдім. Батыс жерінің ән мектебін түгел зерттеп, «Зәуреш» деген кітап жазып шық­тым. Атырау шығармашылығымның 1981 жылы «Еділ-Жайық» әнімен бастал­ған «Батыс циклын» да барынша байыт­ты. Осында келгеннен кейін «Ағады Жайық, ағады», «Оралдың ерке самалы», «Ақ­марал», «Құлсары», «Мақаттың ерке бұлбұлы» сынды көп арасында танымал болған тамаша әндерім туды. Сондықтан Атырауға келіп екінші тынысым ашылды десем артық айтқандығым емес.

– Сіздің әндеріңіздің көбісі кең ты­ныс­ты, төгіліп келетін Арқа сарынында ғой. Мұны Мұхит мәнеріндегі ән­ді тыңдап үйренген халық қалай қабыл­дады? Кезінде Жүсіпбек Еле­беков атамыз осы Батыс өңіріне ке­ліп, ән шырқап болғанда, жиылған жұрт: «Енді қазақша ән айтшы» деген көрі­неді. Сол сапардан үлкен реніш­пен қайтып, бұл жаққа келмей қойған дей­ді. Сізде мұндай жағдай болған жоқ па?

– Ондай оқиға болған. Рас, бұл жақтың өз ән мектебі бар. Көбінесе термеге жақын. Күй­лері де сондай төгіп-төгіп жіберетін рухты, шапшаң орындалады. Неге бұлай десем, кезінде орыстармен көп соғысқан екен. Ат үстінде жүрген ел сияқты. Сөздері де асығыс, қатқыл. Үлкен кісіге «сен» деп сөй­лейді. Бұл алғашында маған оғаш көрініп, кейін бірте-бірте үйрендім ғой. Бірақ дауыс­тары сондай биік, шыңылтыр. «Дудар-ай», «Гауһартас», «Жиырма бес», «Екі жирен» сияқты үлкен классикалық ән­дер тек Мұхитта ғана бар. Сондықтан болар, Батыс халқы Арқаның әні, Абайдың әні дегенде көкіректерін ашып, тамсана тың­дайды. Бірақ өздері айтпайды. Содан кол­леджге келіп жастарға дәріс оқи бас­тадым.

Жалпы, әр өлке томаға тұйық өмір сү­ріп, үлкен өнерден алыс болып жатса, еш­кіммен араласпаса, «Ох, шіркін!» деп қазақтың классикалық әніне қанықпаса, жаңағыдай теріс түсініктер шыға береді. Мысалы, Батыс ән мектебінің бастауын кейбіреулер Мұхиттан бастап, содан таратып жүр. Мұхит бер жақтағы адам. Оның арғы жағында, Мұхиттарды тудырған ән мектебі барын естен шығармау керек. Ал енді таза ұлттық музыканы тара­зыға салсақ, қазақтың ән өнеріндегі клас­сикалық вокалды өнер – ол Арқада Біржан салдан басталады. Біржан салдың ар жағында да мектеп болған. Бірақ олардың барлығы өзінің бет-бейнесін сақтап, авторлық жолын, өмірбаянын жасаған адамдар емес. Есімдері бүгінде халық жадынан ұмытылған. Сондықтан да қазақ классикалық ән мектебін Бір­жан салдан тарқатамыз. «Базарың құт­ты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім-ай» дейтін нағыз классикалық әндерді Біржан салға дейін ешкім жазған жоқ. Арқадағы әншілік дәстүрдің ұлы атасы – Біржан сал. Мұны кейбір зерттеушілер Сегіз серіге, басқа да біреулерге теліп жүр. Оның бәрі жалған, әде­биеттегі, фольклордағы соңғы жылдарда жасалып жатқан фальштер. Біржан салдан кейін «Ауылым қонған Сырымбет саласында» деп Ақан сері шықты. Ғажап! Арқадағы ән дәстүрі осылай дамып жат­қан кезде, Батыста «Салмасам Ай­нам­к­өзге» деп Мұхит әуелетті. Мұның бар­­лығы анау Арқа, Қостанай, Тобыл, Ырғызбен жалғасып жатқан Ақтөбе, Орал даласындағы жәрмеңке, қан базарлар, сол кездегі сауда мәдениеті арқылы даланың ескек желімен жеткен бір-біріне әсері еді. Бұл бір сұмдық құбылыс, ХІХ ғасырдың екін­ші жартысындағы қазақ әнінің үлкен өрлеуі, қалыптасуы, классикалық деңгейге шығуы.

– Әңгіме Арқа ән мектебіне ауыс­қан соң, Ақан сері тақырыбынан аттап кете алмай отырмыз. Әсіресе, «Бал­қадиша» әніне қатысты түрлі пікір айтылып жүр ғой. Соның ақи­қаты қайсы?

– «Балқадиша» – менің қызығып зерттеген, ақиқатын аршуға бар өмірімді арнаған әндердің бірі. Кезінде Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұландардың кеңес-нұсқауымен осы тақырыпқа бойладым. Содан күні бүгінге дейін зерттеп келемін. «Балқадишаға» жасалған қия­натқа жаным ауырады. Мәселен, қайбір жылы «Жігіттер» квартеті әйгі­лі әнді эстрадаға лайықтап орындады. Бейнебаян да түсіріпті. Сондағы сора­қылықты көріп шыдай алмадым. Дәлелдеп бірнеше мақала да жаздым.

– Сонда неге көңіліңіз толмады?

– Орындалуы бөлек әңгіме. Менің қынжылғаным – ән мәтінің түбегейлі бұрмалануы. Рас, Кеңес өкіметі ке­зін­де көп әніміз үгіт-насихаттың құ­ралы болып кетті. Соның бірі – осы «Балқадиша». Әйел теңдігін алға тартып, жалаулатқан белсенділер «қазақ он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей қыздарын малға сатқан, шалға сатқан» деген желеумен ән мәтінін «Күйеуің сексен бесте – шал, Қадиша» деп өзгертті. Ақиқатында, Бал­қадиша ешқандай шалға ұзатылмаған. Өзінің сүйген жары, текті жерден шыққан Сүлеймен деген азаматқа қосылып, Гүлия, Нағима, Гүлсім, Жолдыбай есімді төрт бала сүйіп, бақытты ғұмыр кешті. Өле-өлген­ше ел арасында сыйлы болып өтті.

Ақан сері бойында бір міні жоқ Бал­қадишаны қыздың әкесі Ыбырайдың үйі­не келіп жүргенде көреді. Ол кезде Бал­қадиша өрімдей жас бала. Сұлудың шын аты Төкен екен. Әкесі балдай мі­незіне сай еркелетіп, Балқадиша атап кетіпті. Ал енді сол атақты «Балқадиша» әнінің түп­нұсқа төл мәтіні былай:

Қызы едің Ыбекеңнің – Балқадиша,

Өзенді өрлей біткен, тал Қадиша.

Сексен қыз серуенге шыққан кезде,

Ішінде қара басың, хан Қадиша.

Бұл уақыт Ақан серінің қартайып, жарлары қайтыс болып, қайғы шегіп жүрген кезі екен. Қос қызын қос жездесі бауырына басып, жалғыз ұлы Ыбанмен бірге жастық шағы өткен, дәурен құрған жерлерін аралап қалың арғын жайлаған Қошқарбай, Жыланды тауларын бетке алады. Сонда Балқадишаның ұзатылар алдындағы қызойнағының үстінен түседі. Бұл Ақанның Балқадишаны соңғы рет көруі. Кейін «Балқадиша ұзатылып кетті» деген хабарды естиді. «Кетті деп Балқадиша естігенде, Құ­шақ­­тап құз-жартасты жылағаным» деген өлең жолдары сонда туады. Құз-жартас деп отырғаны – Жыланды тауы. Мұны кейінгілер өзгертіп «Құс жастықты» деп айтып жүр. Бұл дұрыс емес. Осы жайт талай айтылып та, жазылып та келе жатыр. Бірақ ән мәтіні дүдәмал жайттан арылар емес.

– Ақан сері – Ақтоқты – Жалмұқан үш­тағанының зерттеу нәтижелері берген ақиқатын да білгіміз келіп отыр...

– Шыны керек, Қарауылдың Жақ­сылық атасы күні бүгінге дейін Ақан сері мен Ақтоқты оқиғасын намыс көре­ді. Елдің адамдарымен бұл тақырып төңірегінде сөйлесу оңай емес. Ол сырды қозғау қиямет. Ертеде Қызылағашта Ғабит Мүсі­реповтің «Ақан Сері – Ақтоқты» пьесасы қойылғанда, қариялар өре түрегеліп: «Асылымызды қорламай, тоқтатыңдар, түге! Жалмұқан мен Ақтоқтының сүттей ұйып өткен өміріне дақ салмаңдар бүйтіп. Өсіп-өніп отырған бұл әулеттің бала-шағасының көңіліне қаяу түсірмеңдер. Осы келген беттеріңмен қайтыңдар. Бізге жалған сөз керек емес!» – деп, әртістерді қа­былдамай, қуып шығыпты. Мұның сыры мынада. Біздің білетініміздей, аппақ жүзді Ақтоқтыға Арқаның ақтаңгері Ақан сері бар жанымен ынтық болған. Аруға арнап бірнеше ән де шығарған. Б­ірақ сері сезіміне Ақтоқты ару дәл сон­дай іңкәрлікпен жауап қата алмады. Себе­бі Ақтоқты Ақанның азаматтық басын сыйлап, ардақ тұтқанымен, сүйген жоқ. Ақтоқтының ұнатқан, баяғыдан-ақ өзіне атастырып қойған Жалмұқан атты жары болатын. Ақтоқты мен Жал­мұқан­ның үйлену тойы үстінде Ақан сері Ақтоқ­тыны күштеп алып қашады. Бірақ Ақ­тоқты таңдағаны Жалмұқан екенін айтып, ой бауырымын кеседі. Сөйтіп елдің ар­дақты азаматы Жалмұқанға Ақтоқты қайтарылыпты. Көркем әдебиетте айтылатындай, Ақан сері мен Жалмұқан өмірде тіпті де жауласып өтпеген. Керісінше, сыйласып, дос болған. Серіні халықтың еркесі санап, Ақтоқтыға арнаған әндерін сүйсініп тыңдапты.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіңіз­бен кездескенде тағы да осылай ән жайлы әңгіме қозғалып, сонда «Енді ешуа­­қыт­та қазақтың классикалық әні бол­май­ды» деп қынжылып едіңіз. Әлі де сол пікірдесіз бе?

– Пікірім өзгерген жоқ. Өйткені біз тамырымызды жоғалтып алдық. Қазақ халқының басына қилы кезең, ауыр сындар тап келді. Қалмақтармен күрес 200 жылға созылыпты. Соның апогейі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясы тудырған «Елім-ай» әні. Ол жай ғана ән емес, мұқым халықтың болмысы мен ділі, жү­регі, бүкіл қайғы-қасіреті, бүгінгі өмірі, келешегі қамтылған үлкен толғау жыр. Мұ­ны айтып отырған себебім, қандай бір ауыр кезеңді өтпейік, ешуақытта қазақ әні дәл өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап бұзылғанындай бұзылған жоқ еді. Эстрада – қазақтың болмысына, діліне, бүкіл табиғатына жат құбылыс. Эстрадалық ән қазақта ешуақытта болған емес. Бұл – батыс­тың музыкалық экспансиясы. Батыс­тан ағылып жеткен жағымсыз әсерлер жастары­мыздың санасын улады, әлі де улап келеді.

«Келешекте қандай ән болады?» деп сұрап жатырсың, ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған бүліну енді ешқашан түзелмейді. Енді ешуақытта қазақтың ұлттық композиторы болмайды. Кешегі кеңестік кезеңде керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, ұлты басқа болса да «Абай» мен «Қыз Жібекке» жан бітірген Латиф Хамиди, Евгений Брусиловскийлер, олардың бергі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамеджановтар ұлттық өнерге үлкен олжа салған болатын. Сонау ықылым заманнан келе жатқан дәстүрді Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, қазақы нақышпен жазды. Өкінішке қарай, сол тамаша дәстүр 70-жылдарға келгенде нілдей бұзылды. Біз – Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Әсет Бейсеуов, Бекен Жамақаев – бұл дүрбелеңнен сәл бұрын шығып, алдымыздағы музыка майталмандарының мәнерінен ауыт­қығанымыз жоқ. Сол үлгіде ән жаздық, әлі де жазып келе жатырмыз. Біле білсеңіз, қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын әнде қалдырған. Ал бүгінгі әндерден ұлт келбетін тануға бола ма? Әрине, жоқ! Мен басқаға бармай-ақ қояйын. Өзімді айтсам, қазіргі балалар мендей ән жазу үшін ең әуелі мен сияқты дүниеге келіп, тал бесікте жатып, ананың бесік жырын дәл мен сияқты тыңдап өсуі керек. Білдіңіз бе? Мен сияқты ауылдың қора-қопсысының иісін мұрнына сіңдіріп, кең далада армансыз асыр салып, қарапайым халықтың аузы­нан мен тыңдаған әндерді тыңдап өсуі қажет. Сонда мүмкін ойлануға болар. Бірақ ондай талапты бүгінгі балаға қоя алмайсың. Өйткені олардың өмір сүру қалыбы да, түсінік дағдысы да мүлдем бөлек, басқа. Заманның ағымы солай. Сондықтан оларды да еш кінәлай алмаймыз.

– Эстрада дегеннен туады, егер бү­­гінгі күннің көзқарасымен алсақ, сол замандардағы Біржан сал, Ақан сері, Мұхиттардың әні қазіргі тілмен айт­­­қанда өз кезеңінің «хиты» болды ғой. Барлығы орындады. Ауыздан ауыз­­ға тарады. Осыдан-ақ өткен күн мен бүгінгі заман адамдарының тал­ғам өресін бағамдай беруге болатын шығар...

– «Хит» деген сөзді айтуға болмайды. Кез келген халық әнін заманауи техниканың мүмкіндігін пайдалана отырып, өңдеуге, құлпыртуға болады. Мәселен, «Ой, көк, игигай көк! Ой, көкем, япырым-ай, Жастық дәурен өтеді-ай» деген жолдар. Бұл – эстрада емес. Қазақтың шалқар көңілді әндері. Эстрада деген сөзді ешуақытта қазаққа қолданбаңдар, ол біздің табиғат, болмысқа жат. Бибігүл Төлегенова апаларың бір сөзінде: «Эстрада деген сөзді айтпаңдар маған, ол – мен үшін нөл» – деді. Мен де сол түсініктемін. Эстрададан, эстрададағы желікпе, әулекі әндерден бізді «Ой, көк», «Бипыл», «Маусымжан» сынды өзіміздің жайсаң әндер ғана құтқарады.

– Әндеріңізде қырғыздық сарын басым келеді. Оған Шыңғыс Айтматов екеуі­ңіздің араларыңыздағы ұлы достық­тың қаншалықты әсері болды?

– Иә, мұны дұрыс байқапсың. Бірақ оған тек қана достық әсер етті деп айта алмаймын. Ол Шыңғыстан бұрын басталған. Біздің ел қырғыздармен ерте араласқан. Ашаршылық жылдары жан-жаққа бет-бетімен кеткен ағаларымыз дүрбелең басылып, бәрі тоғысқанда елге бір-бір қырғыз қызын қолтықтай келді. Сәбиға, Бәтима, Сәлима деген жеңгелеріміз болды. Өрімдей жап-жас кездері. Соғыс басталып кеткенде, сол жеңгелеріміз қолында орағы бар, шығысқа қарап тұрып егін орады. Бір уақытта белдері талып, шаршайды. Сонда қырғыз әндерін шырқап, шаршағандарын басады. Қырғыздың лирикалық әндері о бастан осылай құ­лағымызға сіңген, әкелеріміз, шеше­леріміз, ағаларымыз айтатын әндер еді. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» пове­сін оқығаннан кейінгі әсерге елітіп, «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні» туатын сәтте жаңағы қырғыз әндерінің бәрі менің «Елім-айым», «Айнамкөзім», «Қара­торғайым», «Балқадишам», «Екі жиренім», «Баянауылым» сияқты ту сыртымда тұрды. Сол музыканың әуезімен, толғанысымен жазылды.

– Аға, кезінде Шәмші Қалдаяқовпен өте жақын дос болдыңыз. Шәмші өмі­рінің де әлі толық ашылмаған, құ­пияға толы парақтары жетерлік қой. Соның бірі «Сыған серенадасы» әні­нің тууына қатысты жиі айтылып қалады. Тіпті Алматыдағы М.Әуезов театры сахнасында дәл осы әнмен аттас спектакль де жүріп жатыр. Бұл деректер қаншалықты дәйекті?

– Шәмші екеуміз 1957 жылдың аяғынан бастап эфирге бірге шықтық. Содан бері өле-өлгенше жұбымыз жа­зылған жоқ. Тіпті бір үйде тұрдық. Апаң­мен отбасын құрғанда Шәмші «Сен сұлу» деген әнін үйлену тойымызға шашу ретінде әкеліп, дастарқан үстінде тұсауын кескенбіз. Сондықтан да Шәмші әндерінің көпшілігінің туу тарихы күні кешегідей көз алдымда. Рас, «Сыған серенадасы» әнінің тағдыры шытырманға толы болды. Соңынан түрлі қаңқу сөз де ерді. Бірақ оның барлығы жалған. Жас кезімізде Шәмші, Мыңжасар Маң­ғытаев бар – барлығымыз жиналып, басымыз қосыла қалса орыстың халық әндерін айтып, сыған романстарын тыңдағанды жақсы көретінбіз. Содан шабыт алатынбыз. Тіпті сол үшін сыған романстарының жинағын Мәскеуден арнайы алдыртқанымыз да бар. Ел сүйіп тыңдайтын «Сыған серенадасы» да соның әсерінен туды. Кейін сөзін Қадыр Мырза-Әліге телефонмен өтініш айтып, қолқалап жаздырған болатын. Әннің бар тарихы осы. Ел гулеткендей, Шәмші ешқашан сыған қызына ғашық болған емес. Махаббаттан мәжнүн күйге түсіп, табордың соңынан да кеткен жоқ. Бұл оқиғаны ең алғаш жазған Оразбек Бодықов. «Шәмші өмірі қызық болсын деп жазған мен едім, Ілия шырағым» деп кейін өзі де айтты. Алайда «сыған хикаясы» көпке ұнап, ел арасында тез тарап кетті. Оны араға уақыт салып Исрайыл Сапарбай қайта жандандырып, пьеса жазды. Ал ол айналып келгенде, Шәмші әулетінің үлкен қайғысы болып отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – біздің композиторларымыздың өзі­нің шығармашылық мұрасына деген салғырттығы. Тіпті өмірден өткен кейбір әріптесімнің өмірбаяны да дұрыс жазыл­мапты. Салдары осылай түрлі дауға арқау болып отыр. Барлығын көзіммен көріп, жа­ным ауырғандықтан да бұл қате­лікті қай­таламайын деп, апаң екеуміз бір­неше ай тапжылмастан компьютердің ал­дын­да отырып, өмірбаянымнан бастап, қасына әндерімнің туу тарихын, зерттеу жұмыстарымды түгелдей топтастырып,10 томдық кітапты «Еділ-Жайық» деген атпен баспаға дайындап қойдық. «Еділ-Жайықты» барлық әндерімнің шыңы деп білемін. Сондықтан да жинақ осылай аталды.

– Өнердің сан түрін игеріп және соның барлығын өз биігінде насихат­тап жүрген шығармашылық иесі ретінде өзіңізден сұрасақ, шабытты қалам­ның ұшы немесе нота арқылы шығару жеңілірек пе, әлде буырқанған бояу арқылы ма?

– Әйгілі композитор Фридерик Шопен­нің «Сөз біткен жерден музыка басталады» деген ұлы сөзі бар. Сөз құдіретімен жеткізе алмай, діттеген ойымды шығара алмай тығырыққа тірелген сәтте музыканы іздеймін. Менің әндерім оңашада, тыныштықта немесе жол үстінде туады. Шабыт келгенде, көлігіме отырып, классикалық музыканы қосып қойып, Жайықтың бойын жағалап кетемін. Ал әннен «артылған» сезім суретке түседі. Мәселен, «Толағай» деген әнім солай туды. Арқа сапарынан келе жатқан жолда көк мұнарға бөккен көркем тау көз алдымнан кетпей қойды. Сөйтіп шабыт шырқауына жетіп, «Толағай» келді өмірге. Ал кейінірек ол тауды картина ғып жаздым. Ән жеткізбеген жерге бояуды бердім сөйтіп. Міне, мендегі өнердің барлығы осылайша бір-бірін толықтырып отырады. Менің музам, шабытымның қозғаушы күші осы үшеуі – сөз, музыка және әсер.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»