Кино • 06 Желтоқсан, 2019

«Бастау»: жаңа буын киносы

446 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда VIІI Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі өтуде. Жыл сайын өтетін бұл іс-шара халықаралық әрі кәсіби байланыстарды нығайту мен кеңейтуге, кино саласындағы өнерлі, талантты жастар мен майталман шеберлер арасында пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаңға айналып отыр.

«Бастау»: жаңа буын киносы

Биыл фестиваль форматына өзгерістер енгізілді. Бұл жолы байқауға дебюттік толықметражды фильмдер де қатысады.  Фестивальдың ресми бағдарламасы Bastau Shorts – Еуропа елдері, алыс-жақын шетел студенттерінің кейінгі 2 жылда түсірілген қыс­қаметражды көркем, ани­­­­­­мациялық және деректі фильм­дерінің халықаралық байқауы және Bastau Debuts  – толықметражды дебюттік көр­кем фильмдерінің  халық­аралық байқауынан тұрады.

– Біздің фестиваліміз шы­ғар­машылықпен айналысатын жастарға бастау болатын, тәжірибие алмасуға және жас киногерлерге өз жобала­рын кеңінен насихаттауға, өнердегі ынтымақтастыққа жол ашатын кәсіби алаң, – деді фестивальдің ашылуына байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында сөз алған «Бастау» кинофести­валінің президенті Сергей Әзімов. –  Сондықтан да бұл алаң дарынды жастарымызға фестивальдың қонақтарынан – кино өндірісінің түрлі са­ласындағы кәсіби мамандар мен сарапшылардан үйренуге таптырмас мүмкіндік сыйлайды. Сонымен қатар фести­валь­дың алдыға қойған мақ­сатының бірі – жас ма­ман­дарға қолдау көрсетіп, олардың жұ­­­мысын насихаттау, түрлі жанр­да фильм түсіруге қы­зығу­шылығын арттыру. Жал­пы фестивальдың басты ерек­шелігі – шығармашылық ер­кін­дік. Оның тыныс-ыр­ға­ғын қатысушы жас буын өзі айқындайды. Сон­дық­­тан да фестиваль ұранының «Жа­ңа буын киносы» деп аталуы да тегін емес. Мыса­лы,­ байқаудағы жұмыстарға ха­лық­аралық қазылар ал­қа­сымен қоса, студент жас­­тар­­дан құралған төре­ші­лер де баға береді. Фес­ти­­валь­дың нәтижесінде ұлт­тық кино­режиссурадағы жа­ңа толқынның қарымы бай­қалмақ. 

Bastau  Debuts атты де­бют­тік толықметражды фильм­­дердің халықаралық бай­­қауына 10 картина таң­далып алынды. Оның қата­рында түрлі халықаралық байқауларда топты жарып, оқ бойы озып жүрген «Аврора» (Қырғызстан), Берлин кино­фестиваліне қатысқан  «Олар­­­ды көрген соңғы адам» (Гер­мания), Үндістан мен Қытайдың бірлесіп түсірген «Ауырсыну» фильмі, «Бейіт­терді жылжыту» кинолентасы (Корей), әлемдік жетекші кинофестивальдердің лауреа­ты  «Мәриам» (Қазақстан) және басқа  картиналар бар. 

Бұл байқауға  белгілі ресей­лік режиссер, сценарийст әрі продюсер Михаил Сегал жетекшілік ететін халық­ара­лық қазылар алқасы баға береді. Қазылар алқасының құрамында испандық киносыншы, кинофестивальдың Сан-Себастьяндағы іріктеу комитетінің мүшесі Роберто Куэто, француз продюсері әрі дистрибьютер Денис Васлин, ресейлік театр және кино ак­трисасы Нелли Уварова, қазақстандық танымал актер әрі продюсер Фархат Әб­дірайымов бар.  Сондай-ақ фес­­тиваль барысында сту­денттік қазылар алқасы да жұмыс істейді. Биыл оның құрамына Қазақстан, Армения, Бела­русь, Ресей, Қырғызстан өкіл­дері кіріп отыр. 

Bastau Shorts қысқаме­тражды фильмдер байқауына қатысу үшін биыл әлемнің 44 елінен 360 өтінім келіп түскен. Мұндай  рекордтық көрсеткіш фестивальға деген қызығушылық пен оның ха­лық­аралық беделінің ар­та түскенін айғақтайды. Тізім­дегі көшті 60 фильмімен қаты­са­тын Ресей бастап тұр. Бір ескеретін жайт, биыл фести­вальға алғаш рет Непалдың жас киногерлері қатыспақ.

Бұл бағдарламада Қазақ­стан 6 картина ұсынады, олар: Камилла Бердімұратованың «Тақсыр» деректі фильмі, Айдарбек Әбділқадырдың «Терең су» атты анимациялық туындысы, Самғар Рақымның «Дипломмен – ауылға» фильмі, Еламан Шаубановтың «Бауыр» картинасы, Дарина Ма­на­пованың «Мәулен» драма­сы және Бағлан Құдай­берлиев­тің «Тыныштық баяны» фильмі.

Қысқаметражды фильмдерге қазылық ететін ал­қаның төрағалығына фран­­ция­лық режиссер, сцена­рийст, «Сан­дерс» секілді беделді ки­но­фес­ти­вальдың екі мәрте жеңім­пазы, Венеция кинофестива­лінің жүлдегері Гела Баблуа­ни таңдалды. Сондай-ақ қа­­зы­­лар алқасының құра­мын­­да Өзбекстанның ең­бек сіңірген әртісі Рано Шо­диева, «Листопад» ХКФ бағ­дарламалық дирек­то­ры Игорь Сукманов, ресей­лік театр және кино акте­рі Александр Пашков, қазақ­стандық режиссер Шәрипа Оразбаевалар бар.

Фестиваль аясында кон­курстан тыс қызықты бағдар­лама дайындалған. Онда әлемдік деректі (BASTAU DOCS), сонымен қатар жа­ңа қазақстандық кино (BASTAU KZ) көрсетілімдері ұйым­дастырылмақ. Жалпы «Бас­тау» шеңберінде көрер­мен бес күн бойы түрлі жанр мен бағыттағы 80-ге жуық ки­но шеберлері мен дебю­тант­тардың киносын көріп, тамашалай алады.

Көрсетілімдер Bekmam­betov Cinema (Абай даңғ.109 В, Globus ХКФ, 2-қабат) кинотеатрында өтеді. Кіру тегін.

Фестивальдың қазылар ал­қасы мен қонақтары өткі­зетін  шеберлік дәрістері мен шығармашылық кездесулер кезінде студенттер кино саласына қатысты толғандырар сұрақтарына жауап таба алады. Мысалы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Питчинг» өнері» тақырыбында шеберлік дәріс ұйымдастырылады. Оны армениялық актриса Ар­минэ Анда өткізеді. Сон­дай-ақ фестиваль аясында Орталық Азиямен бірлесіп түсіретін кино туындылардың ерекшеліктеріне арналған (Денис Васлин, Нидерланд), қазіргі заманғы кино өндірісі мәселелеріне қатысты (Арсен Ара­келян, Армения), сонымен қатар цифрлы төңкеріс заманындағы деректі ки­но­ға қатысты (Алексей Ханю­­тин, Ресей)  мәселелер төңіре­гінде шеберлік дәрістері ұйымдас­тырылады.

Фестиваль аясында Ха­лық­аралық киномектептер қауым­дастығының құрамына жаңа мүшелерді қабылдау туралы Меморандумға қол қойылады.

Жас киногерлердің фес­ти­валі режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Мәриам» ат­ты картинасымен ашылады. Фестиваль жеңімпаздарының есімдері 2019 жылдың 7 желтоқсанында өтетін марапаттау салтанатында жарияланады.

«Бастау» студенттік және дебюттік фильмдердің халық­аралық фестивалі Ал­ма­ты қаласы әкімдігінің, Т.Қ.Жүр­генов атындағы Қазақ Ұлт­тық өнер академиясы, Tanaris Production компания­сы, «Тұран» университеті және Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» киносту­дия­сы­ның қолдауымен ұйымдас­тырылып отыр.

 

АЛМАТЫ