Үкімет • 06 Желтоқсан, 2019

Берілген тапсырмалар іске асырылғанда ұтымды

330 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында жұмысы тоқтап тұрған жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылды. Бұл жұмыстар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында жүзеге асты. Ал өзбекстандық инвесторлар фабрикаға бірқатар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, оның қайта іске қосылуын қамтамасыз етті.

Берілген тапсырмалар іске асырылғанда ұтымды

 Бірлескен тоқыма өндірісі жолға қойылады

Аталған өндіріс ошағының ашылуына Премьер-Министр Асқар Мамин, Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айта­ха­нов пен Өзбекстан елінің «Alliance Tex­tile» ЖӨКҚ директорлар кеңесінің төр­ағасы Икраможон Эгамбердиев қатысты.

Үкімет басшысы фабриканы іске қосу Қазақстанның тоқыма кластерін дамы­туға зор серпін беретініне сенім білдірді.

«Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ және «Alliance Textile» Өзбек же­ңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдас­ты­ғының бірлескен кәсіпорны – «Alliance» Сауда-өнеркәсіп палатасы» ЖШС жіп иіру фабрикасының жобасы биыл мау­сым айында іске асырыла бастаған. Аталған жоба Қазақстан және Өзбекстан үкіметтерінің арасында бірлескен тоқыма кластерін құру туралы қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде қарқынды жұмыс істеп келеді.

Тараптардың күш-жігерінің нәти­жесінде жұмысы тоқтап тұрған фаб­ри­каға қысқа уақыт ішінде жөндеу-қал­пына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ком­муналдық қызметтер тартылған.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев біздің алдымызға «Қара­пайым заттар экономикасын» дамыту міндетін қойды, онда жеңіл өнеркәсіпке ерекше рөл беріледі. Біз оның алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан экономикасының шикізаттық емес секторларына шетелдік инвестицияларды тартудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Өзбекстанның тоқыма өнер­кәсібін дамытудағы оң тәжірибесін ес­ке­ре отырып, биыл 22 маусымда өткен Қазақ­стан мен Өзбекстан арасындағы ынты­мақтастық жөніндегі Бірлескен үкі­мет­аралық комиссияның 18-ші отырысы ая­сында Шымкент қаласында тоқы­ма клас­терін бірлесіп іске қосу туралы келі­сімге қол қойылды», деді Асқар Ма­мин.

Іске қосылған жіп иіру фабрикасында 120 жұмыс орны ашылып, жылына 6 мың тонна мақта талшығын өңдеуді көздеп отыр. Көршілес Өзбекстан Рес­пуб­ликасының инвесторлары тарапынан құйылатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 4,6 млрд теңгені құрады.

Аталған фабриканы іске қосу Шым­кент­те тоқыма кластерін қалпына келтіру бойынша Жол картасының бірінші кезеңі болып табылады. Яғни, биыл оңтүстікте өндірілетін мақтаның 20 пайызын қамтыса, келер жылы 50 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жалпы тоқыма кластерін қал­пына келтіру бойынша жасалған Жол кар­тасының негізгі мақсаты – өңірде өн­дірілетін мақтаның 100 пайызын қам­ту. Оңтүстікте өндірілетін мақтаның бар­лығын толығымен Шымкент қа­ласында өңдеу – үшінші мегаполистің экономикасын дамыту жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі.

Алдағы жоспар бойынша өңірде мақта шаруашылығына қажетті қосымша екі фабриканы іске қосу жоспарланған. Бұл Қазақстанда өңделетін мақта көлемін 2 есеге арттыруды қамтамасыз етіп, нәти­жесінде 800 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

 Құрылыс жұмыстары мерзімінде тапсырылуы тиіс

Премьер-Министр Асқар Мамин Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Индустриялық-иннова­ция­лық даму, «Қарапайым заттар экономи­касы» бағдарламаларын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент пен Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша берген тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз ету аясында Түр­кістан өңіріне жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында А.Мамин Түр­кіс­тан қаласындағы халықаралық әуе­жай­дың және оған апаратын автомобиль жолының құрылысын, сондай-ақ амфитеатрдың, драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана,  «Ұлы дала елі» орталығы, Қ.А. Ясауи музейі, Ұлы Жібек жолы қолөнершілер ұлттық орталығы мен келу орталығы ғимараттарындағы жұмыс барысын, реконструкциясын тексерді.  Түркістанның іргесіндегі Шаға ауылында салынып жат­қан жаңа әуежайдың құры­лы­сын тік­ұшақ­пен бақылады. Биыл мамыр айында іргетасы қаланған әуежай ке­ле­шек­те халықаралық және ішкі рейс­тер­де сағатына 250 адам қабылдауға қау­қар­лы болмақ. Құрылыс жұмыстарын түр­кия­лық «ИДА ИНШААТ» компаниясы жүргізуде. Түркістан қаласынан 16 ша­­қырым қашықтықта орналасқан әуежай­­дың аумағы 905,3 гектарды алып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 420 адам тар­тылған халықаралық терминалды 2020 жылдың желтоқсан айында пайда­лануға беру жоспарланған. Сондай-ақ халықаралық әуежайға баратын жолдың са­пасымен де танысып көрді. Тамыз айын­да басталған жол құрылысы облыстық жо­лаушылар көлігі және автомо­биль жолдары басқармасының тапсырысымен салынып жатыр. Ұзындығы 16,3 ша­қы­рым болатын жол құрылысы келер жыл­дың желтоқсанында аяқталады деп күтілуде.

Үкімет басшысы Түркістан қала­сын­дағы әкімшілік іскерлік орталы­ғы­ның құрылыс барысымен танысып, ны­сан­дардағы жұмысты қарқындатуды тапсырды. Ал Түркістан тұрғындарының игілі­гіне берілетін амфитеатр ғимаратының құрылысы биыл сәуір айында басталған. Нысан таяу күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Маңғыстау облысы әкімдігінің сыйы ретінде салынған нысан 1 мың орынға лайықталған. Заманауи кешеннің жалпы көлемі 2400 шаршы метрді құрайды. «Рухани-мәдени орталық» аймағындағы 0,56 гектар жерге жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында 60 жұмысшы еңбек етуде. Үкімет басшысы мұнан кейін Ақтөбе өңірінің тартуы ретінде салынып жатқан драма театрдың құрылысымен танысты. Аталған нысан Түркістан мен Ақтөбе облыстарының бірігіп қаржыландыруымен жүзеге асуда. 4 қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі – 9700 шаршы метр. Ғимаратта 510 адамға арналған көрермен залы, арнайы автотұрақ орны болады. Жаңа драма театрдың құрылысы 2020 жылдың қазанында аяқталады деп жоспарланған.

Премьер-Министр 630 төсек-орынға шақталған көпсалалы облыстық ауру­­хана құрылысы жүргізілетін жерге кап­­сула салды. Жобаны 2022 жылы мем­ле­кет-жекеменшік әріптестік аясында «YDA Holding» түрік инвесторы жү­зе­ге асы­рады. Нысанның құны – 100  млрд тең­­геге жуық, 350 дәрігерді қоса ал­ған­­да, ме­дицина персоналы үшін 1700-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.  Жал­­пы аумағы 16 гектар жерді алатын көп­са­лалы ауруханада диагностикалық кеңес көрсетуден бастап, нейрохирургия, уро­логия, жарақат, қатерлі ісік ауру­­­ла­ры сынды медициналық көмек көр­се­­­­тетін бөлімдер жұмыс істейтін бола­­ды. Ғимарат толықтай заманауи меди­­­ци­­­налық құрал-жабдықтармен қамта­­­­масыз етілмек. Үкімет басшысы сон­дай-ақ жаңадан салынып жатқан мәде­­ни ны­сандардың да құрылысын аралап көрді. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталы­­­ғынан бой көтеріп жатқан «Ұлы дала елі» орталығы 2020 жылы ашылады деп жос­парланған. Ағымдағы жыл­дың сәуір айы­нан басталған құрылыс жұмыс­­тарын «BI Construction turkestan» компа­ниясы жүргізуде. Атырау облысы әкімдігінің тапсырысымен бой көтеріп жатқан орталықтың аумағы – 6200 шаршы метр. Ал облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын Шымкент қаласының әкімдігі қаржыландыруда. 1 гектар аумақта орналасқан нысанның құрылысы келер жылдың осы айында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар шаһардың рухани-мәдени аймағында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражайының құрылысы жүргізілуде. Ал туристік визит орталығы – Отырар қорық-музейінің базасында салынуда. Аумағы 2200 шаршы метр болатын сәулетті ғимаратты салуға Жамбыл облысы тапсырыс беріп отыр.

Үкімет басшысы, сонымен қатар «Sembol construction» түрік компаниясы салатын, құны 39 млрд теңгеге жуық болатын «Керуен-сарай» көпфункциялы туристік кешен құрылысын іске қосты. Сондай-ақ Қазығұрт ауданы Майлыошақ ауылында салынған жаңа зауыттың ашылу рәсіміне қатысты. Зауытта жылдам әзірленетін тамақ өнімдері шығарылады. Әлемдегі аса ірі жылдам әзірленетін кес­пе өндіруші – «CG Foods Central Asia» компаниясы жобаға 5,7 млрд теңге инвестиция салды. Шығарылатын өнім көлемі жылына 4,5 мың тоннадан асады деп жоспарланған. Өндіріс процесінде тек отандық шикізат пайдаланылмақ. Өнімді ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа шығару көзделуде. 

Түркістан қаласында Премьер-Ми­нистр қаланы дамыту мәселелері жөнін­де кеңес өткізді. Атқарылып жатқан жұ­мыстар барысы туралы Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов, сондай-ақ басқа өңірлер мен қала құры­лысына жауапты мердігерлер өкілдері баяндады. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Премьер-Министр құ­рылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

 

Нұршат ТӨКЕН,

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Түркістан облысы