Экономика • 06 Желтоқсан, 2019

Елорда әкімдігі бірқатар инвестициялық жобаны қолдады

205 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгіновтың басшылығымен инвестиция мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесі өтті. Қолдау көрсетілген жобаларды іске асыру нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру мүмкіндік болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елорда әкімдігі бірқатар инвестициялық жобаны қолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте орталық теміржол ауруханасының ғимараты ескіріп, апатты жағдайда екендігін атап өтті.

Кеңесте мемлекеттік-жеке серіктестік аясында 800 орындық көпбейінді аурухана салу жобасы қолдау тапты. Жобаға Түркиядан инвесторлар тартылды. Шетелдік компанияның ауруханалар құрылысында үлкен тәжірибесі бар. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Медициналық орталық әлемдік стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтармен қамтылатын болады.

Сондай-ақ кеңесте жиһаз корпустары мен ағаштан жасалған бұйымдар өндіру цехының,коммуналдық арнайы техниканы құрастыру зауытының, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көтерме-бөлу орталықтарының, зергерлік фабрикасының және т. б. инвестициялық жобалары қаралды.

Елорда әкімі А. Көлгінов ел басшылығы инвестицияларды тартуға ерекше назар аударатынын айтты.

- Қолайлы жағдай жасау және инвестициялық климатты жақсарту үшін бар күш-жігерімізді салудамыз, - деп атап өтті А. Көлгінов.