Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2019

Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына арналған конференция өтті

947 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына арналған республикалық конференция өтті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына арналған конференция өтті

Шараға Парламенттің, аймақтық мәслихаттардың депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері және Үкімет мүшелері қатысты.

Конференцияны Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева ашып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамытуға арналған мемлекеттік шешімдер қабылдау мен олардың іске асуын бақылаудың пәрменді тетігі ретінде азаматтарды қатыстыру жөнінде әріптестерін нақты қадам жасауға шақырды.

Д.Назарбаева таяуда Сенатта су және суды үнемдеу, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу мәселелері бойынша өткен отырыстарды еске сала отырып, экологиялық проблемаларды шешу үшін жергілікті бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуына депутаттық бақылау жасау қажеттігіне баса назар аударды. «Жергілікті атқарушы органдар бюджетте табиғат қорғау шараларына қаржының жоқтығы туралы шағым айтады. Бұл ретте қоршаған ортаны ластау эмиссиясының барлық төлемдері жергілікті бюджеттерге түсіп отыр, бірақ басқа мақсаттарға жіберіледі. Барлық деңгейдегі мәслихаттар жергілікті бюджет қаржысын табиғатты қорғау шараларына мақсатты және тиімді пайдалануды бақылауға алуы қажет», - деді ол.

Палата басшысы өз сөзінде мәслихаттардың қызметі барынша ашық болуы керектігін де атап өтті. Қазіргі заманғы коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін атап өте келіп Д.Назарбаева жоғарғы палата мен барлық деңгейдегі жергілікті өкілетті органдардың депутаттары тіркелетін, әріптестер арасындағы үнқатысуға арналған тұғырнама ретінде бірыңғай «Мәслихаттар» веб-порталын құру туралы айтты.

Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің атынан сенатор Төлеубек Мұқашев сөз сөйледі. Ол қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның демократияландырудағы мәслихаттардың рөлі туралы айтып, әріптестерін өзіне де, жұмысқа да көбірек талап қоюға шақырды.

Шара барысында аймақтық мәслихаттардың хатшылары да баяндама жасады. Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсембинов мәслихат депутаттары қарайтын мәселелердің мазмұны мен сипаты өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне байланысты елеулі түрде өзгеретінін атап өтті.

Солтүстік Қазақстан аймақтық мәслихатының хатшысы Владимир Бубенко өз кезегінде депутаттар өкілетті билік органдарына сайлана отырып, оларға күрделі шешімдер қабылдау құқығы берілгенін әрі жерлестерінің мүддесі үшін оны іске асыруға жауапты екенін түсінетінін айтты.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасындағы 216 мәслихатта 3335 депутат жұмыс істейді, оның ішінде 17 аймақтық, 36 қалалық және 163 аудандық мәслихат бар.

Конференция соңында депутаттар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамоталарымен, Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына орай еліміздің Премьер-министрінің алғыс хаттарымен марапаттау рәсімі болды. Жергілікті билік органдарын дамытуға үлес қосқан әрі ерекше көзге түскен депутаттарға Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан «Бірлік» алтын медалі мен «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерейтойлық медальдары табыс етілді. Сондай-ақ «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Бюросының шешімі бойынша бір топ депутаттарға «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» атағы берілді.