Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2019

«Ел тағдырын айқындаған тәуелсіздік» тақырыбында форум өтті

293 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Тәуелсіздік күніне арналған  «Ел тағдырын айқындаған тәуелсіздік» форумы өтті.

«Ел тағдырын айқындаған тәуелсіздік» тақырыбында форум өтті

Елбасы кітапханасы ұйымдастырған форумның мақсаты – тәуелсіз мемлекетті нығайтудағы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлін, қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыртудағы өзекті мәселелерді, тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттің қалыптасуындағы негізгі нәтижелер мен келешегін, халықаралық аренадағы жаһандық жетістіктерді талқылау.

Оған Конституция кеңесінің, Парламенттің, Қазақстан халқы ассамблеясының, Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатия өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының колледждері мен жоғарғы оқу орындары  форумға онлайн үлгіде қатысып отырды.

Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты:

– Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ жас мемлекетіміз Н.Ә. Назарбаевтың жетекшілігімен саяси жүйесін орната бастады. Саясаттанушылар бұл жүйенің адам құқықтары мен жеке бас еркіндігіне құрмет танытып, демократия ұстанымдарына негізделетінін белгілейді. Оны ілгерілетіп, ел егемендігін нығайтқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті тарихшылардың, әлем саясаттанушылары мен дипломаттарының қызығушылығын тудырып, саяси және қоғамдық өмірдің феноменіне айналып отыр. Жан-жақты дамып келе жатқан еліміздің барлық жетістіктеріне қарап ел азаматтары Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін терең ұғынады. Тұңғыш Президентке Елбасы деңгейінің берілуі – бұл сөздің таптырмас айғағы болып отыр. Ұлт көшін бастаған тұлға тәуелсіздік жылдарында қадамымызды нық басып, дамуымыздың қарқынды үдеуіне мұрындық болғаны белгілі. Оның беделі бүгінде Қазақстан реформаларының оң әрі жемісті нәтижесінің себепкері. Сіздерді бұл тақырып пен оның өзге де қырларын талқылауға шақырамын, - деп Әмірхан Мұратбекұлы қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

 Конституция кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы,  профессор Виктор Малиновский «Президенттік институт – Қазақстан Республикасы саяси тұрақтылығының кепілі» тақырыбында баяндама оқыды.

– 1990 жылғы 24 сәуірде елімізде Республика президенті лауазымының бекітілуі жаһандық саяси жүйе мен мемлекеттіліктің реформасына түрткі болды. Оның арқасында өкімет бөлініп, конституциялық тәртіп пен сайлаудың тепе-теңдік жүйесі орнайды. Қолданыстағы 1995 жылғы Ата заң егемен халықтың саяси-құқықтық мәселелері мен мемлекеттік билік құрудың негіздерін қамтиды. 2017 жылы енгізілген өзгертулер мемлекеттік органдар өкілдігінің теңдігін орнатып, көптеген маңызды тұстарды ескерді, - деді ол.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, саяси ғылымдардың кандидаты, профессор Анатолий Башмаков өз баяндамасында ел егемендігі мен тәуелсіздігі Н.Ә. Назарбаев билігінің арқасында толыққанды қалыптасқанын белгілеп өтті:

– Тәуелсіздігіміздің тарихы 1991 жылғы 29 тамызда, кеңес дәуірі әлі аяқталмаған тұста, Семей ядролық полигонын жабу туралы қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімінен басталады деп санаймын. Ол кісінің ақыл-парасатына қазақстандықтардың ғана емес, жер беті тұрғындарының бас июі үшін бұл шешімнің өзі жеткілікті. Төрт жыл бұрын Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні деп БҰҰ бекіткен күнді енді әлем жыл сайын атап өтіп жүр, - деді ол.

– Тұрақсыздыққа толы қиын-қыстау кезеңде Елбасы халықтың бірлігі мен сеніміне сүйеніп, мақсаты айқын тиімді мемлекеттік саясатты құра алды. Нәтижесінде бәсекеге қабілетті, халқы берекелі мемлекет құрылды. Тұңғыш Президенттің жетекшілігімен этносаралық және дінаралық келісім мен жалпы адамзат құндылықтарына негізделген еліміз жер-жаһанның сый-құрметіне ие болды, - деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Сұлтан Қамалетдинов.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдардың кандидаты Талғат Қалиев «Назарбаев факторы» тақырыбында баяндама оқыды. «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТҚНБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов «Жастар – мемлекет болашағы» тақырыбында сөз сөйледі.