Байқау тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен «Назарбаев моделін», Елбасының идеялары мен бастамаларын кеңінен таратуға негізделген. Іс-шараның ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қоры.
Байқаудың биылғы ерекшелігі – «Шетелдік БАҚ-ғы үздік жарияланым» номинациясының қосылуы. Оған Әзербайжан, Германия, Ресей, Түркия және Жапония елдерінен журналистер өз жұмыстарын жолдады.
Салтанатты шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, Конкурстық комиссияның тең төрағасы Әмірхан Рахымжанов ашты.
«Біздің конкурска қатысқан барлық Қазақстанның журналистері мен шетелдік БАҚ өкілдеріне ұйымдастырушы ретінде шексіз алғысымызды білдіреміз. Ең қызықты да шығармашылық мамандықтың бірінде жаңа есімдер ашылуда. Шығармалар көпұлтты Қазақстанның қазіргі кезде қалай дамып жатқанын аша білген. Бұл шара Елбасының жасампаз идеялары мен бастамаларын тек Қазақстанда ғана дәріптеп қоймай, бүкіл әлемде кеңінен насихаттаудың негізгі міндетін толықтай жүзеге асырады», - деп құттықтау сөзінде атап өткен Ә.Рахымжанов жиылған қауымды алда келе жатқан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы қатысушыларға өз құттықтау сөзін жолдады.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біздің еліміз барлық салада тұрақты дамып, бүгінде үлкен жетістіктерге жетуде. Біз өршіл мақсаттарымызбен сеніммен алға жылжып келеміз. Тәуелсіздіктің бастауында Елбасы қойған міндеттер секілді оларды да жүзеге асыру халықтың қолдауы болмаса және қазақстандықтар мемлекеттің алған бағытын түсінбесе мүмкін болмас еді. Мұнда БАҚ үлкен рөл атқарады. Өйткені, олар қоғамдық пікірге әсер етіп, белгілі бір құбылыстар мен процестер туралы қоғамдық түсінік қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысының арқасында ұйымдар мен лауазымды тұлғалар өздерінің жұмыстарын жан-жақты бақылап, кемшін тұстарын көріп, оларды түзетуге мүмкіндік алады. Байқау жеңімпаздарын марапаттай келе, ең үздік БАҚ өкілдеріне маңызды жұмыстарыңыз үшін алғысымызды білдіргіміз келеді», деді Әлкей Марғұланұлы.
«Шетелдік БАҚ-ғы үздік жарияланым» номинациясы бойынша 1-орын – Рустам Гасымов («Yenicag.Az-Новая Эпоха» газеті, Әзербайжан), 2-орын – Гузаль Заитова (Қазақстан Республикасындағы Туркияның телерадиокомпаниясы), 3-орын – Наоки Мацумото («KINZAI Financial Plan» журнал, Жапония).
«Мен бүгін бауырлас Қазақстан еліне келгеніме, «Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» байқауының қазылар алқасының шешімімен жоғарғы марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Осы жылы маусым айында Нұр-Сұлтан қаласына алғаш барған сапарымда зәулім шаһардың көркі мені ерекше тамсандырды. Әсіресе, заманауи инфрақұрылым, бірегей көрнекі орындар, табиғат, сонымен бірге әрине, жеке басым тағы да куә болған қазақтың қонақжайлылығы таңқалдырды. Алған әсерім орасан зор, бірақ байқауға ұсынған мақалама соның бәрін сыйғыза алмадым, ол мақалада сан қырлы қызметі әлемдегі ең әдемі астаналардың бірін салуға бағытталып, сол қалаға есімі берілген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі, сонымен қатар Елбасының ядроға қарсы қозғалыс, түркі әлемінің бірігуі, мәдениет, медицина, білімнің дамуы, сонымен бірге бүгінде біртіндеп көтеріліп, қарқынды дамып келе жатқан әзірбайжан-қазақ қарым-қатынасының нығаюына қосқан үлесі туралы жазылған»,- деп ой бөлісті Р.Гасымов.
«Газеттер мен журналдардағы үздік мақала» номинациясы бойынша жеңімпаздар: 1- орын – Хайрат Сатаев ( «Атырау-Акпарат» ЖШС, Атырау қ.), 2-орын – Надежда Тулина «Прикаспийская комунна» газеті, Атырау қ.), 3-орын – Әлішер Шаяхметов («Звезда Прииртышья» газеті, Павлодар қ.).
– Еңбегімнің осы байқауда еленгеніне өте бақыттымын. Мен еліміздегі бірлік пен келісім тақырыбына ден қойғанмын. Елбасының саясаты Қазақстандағы қауіпсіз және бейбіт өмірді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өте маңызды. Көпұлтты, бейбіт мемлекеттің қазақстандық моделі күллі әлем үшін дамудың озық үлгісіне айналды. Біз, журналистер, осы құндылықтарды оқырманға қонымды әрі қызықты етіп жеткізуге тырысамыз,-деп өз әсерімен бөлісті Н.Тулина.
«Караван» газетінің бас редакторы, Конкурстың комиссия мүшесі Игорь Шахнович осы жылғы телевизиялық жұмыстардың деңгейіне ерекше тоқталды.
«Жастар бүгінгі мемлекеттілікті расында қиын жағдайда ауыр күреспен жеңіп алған шындық ретінде қабылдайды, сол тұрғыдан алғанда бұл байқаудың пайдасы зор. Жас ұрпаққа осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау керектігін түсінуге мүмкіндік беру – байқаудың басты тиімділігі, бұл жетістерге жетуде Елбасының орасан зор еңбегі бар. Мені көптеген тележұмыстар байқауы таңқалдырды. Оларды қазақстандық мектеп оқушылары міндетті түрде көріп, білуі керек. Бұл олардың тұлғалық, азаматық дүниетанымының қалыптасуы үшін керек», - деді И.Шахнович.
«Үздік телевизиялық материал» номинация бойынша: 1-орын – Дархан Абдыуахит («Хабар» агенттігі, Нұр-Сұлтан қ.), 2 орын – Сәуле Көмекбаева және Аян Омарқұлов, (ҚР Президентінің ТРК, Нұр-Сұлтан қ.), Бекзат Есқалиев («Қазақстан» РТРК, Қызылорда қ.), 3 орын – Болатбек Баянхан («Қазақстан» РТРК, Нұр-Сұлтан қ.) және Әлімжан Исабай («Қазақстан» РТРК, Нұр-Сұлтан қ.).
«Үздік радиоматериал» номинациясы бойынша 1-орынды – Нұрмат Мансұр («Шалқар» радиосы, Нұр-Сұлтан қ.) алды.
«Ғаламтор-БАҚ-тағы үздік жарияланым» номинациясы бойынша: 1-орын – Арман Сүлейменов («История Казахстана» порталы, Нұр-Сұлтан қ.), 2-орын – Руслан Ғаббасов («ҚазАқпарат» АА, Нұр-Сұлтан қ.), 3-орын – Махат Садық («ҚазАқпарат» АА, Нұр-Сұлтан қ.).
– Елбасы кітапханасы мен Қоры ұйымдастырған байқауға қатысу мен үшін зор мәртебе болса, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу жолындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен үлесін көрсету – үлкен жауапкершілік. Әртүрлі іс-шараларда жас өркеннің Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы мен еңбек жолы туралы ынтамен айтатындарын жиі көремін. Бүгін олар гүлденген Қазақстанда өмір сүруде. Төртінші билік өкілдері ретінде БАҚ қызметкерлері тоқсаныншы жылдардың басында мемлекет қалай құрылды, қандай қиындықтарды бастан өткерді, түптеп келгенде қазіргі жетістіктерге қалай қол жеткізгеніміз туралы айтуы керек деп ойлаймын. Бұл – Елбасының үлкен еңбегі,-деді А.Сүлейменов.
Марапаттау рәсіміне саясат және қоғам қайраткерлері, түрлі БАҚ қызметкерлері және елшіліктің өкілдері қатысты.
«Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» атты халықаралық шығармашылық байқаудың жеңімпаздарына қаржылай сыйлық пен дипломдар және төсбелгілер тапсырылды. Салтанатты жиын Қазақстанның эстрада және опера әртістерінің өнерімен әрлене түсті.