...Ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажет. Ауыл шаруашылығын қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл – өзекті міндет.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
(«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
АлатаудыңетегіндеалаңсызжатқанТүлкібасауданыналманыңотаныдеседеболғандай. Кешегі Кеңес одағы кезінде осындағы бір ғана «Мичурин» шаруашылығында 850 гектар жеміс ағашы болған екен. Алманың арасында асыр салып өскендіктен шығар, жергілікті халық жеміс-жидек саудасын жақсы меңгерген. Шымкенттен Таразға жол тартсаңыз, екі облыстың шекарасындағы Шақпақ баба ауылынан бастап, жол жағалай орналасқан жеміс сатушыларды көрер едіңіз. Алманың арқасында ауқатты отбасыға айналып, тұрмысын түзеп алғандар көп.
Әрине, кеңестің көзін көрген жеміс ағаштары бүгінде қартайды, ескірді. Өнім бермеген соң бірқатары оталып, отынға кетіп қалғанын да жасыруға болмас. Әйтсе де, тау етегіндегі халық өз кәсіптерінен қол үзіп қалған жоқ. Тұнып тұрған табиғаты бар Түлкібас әлі де бұл төңірекке осы алмасымен танымал. Қазір ауданда жаңа бау-бақшалар пайда болып, қайта бұл тірліктің жаңа бір тынысы ашылғандай. Мұнда 2007 жылдан бастап алма бау көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша алма бау көлемі 3200 гектарды құрайды, соның өнім беретіні 2000 гектар. Қалғаны енді-енді бой түзеп келе жатыр. «2009 жылдан бастап алма бауларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, субсидия беру қолға алынды. Осыған байланысты алма бау көлемін ұлғайту мақсатында мемлекеттік бағдарламаға сәйкес агроқұрылымдардың арқасында біраз жұмыстар атқарылды. 2007-2012 жылдар аралығында бағдарламаға сәйкес жеміс-жидектердің өнімділігін жоғарылату және көлемін ұлғайту мақсатында жаңа заманауи технологиялармен 457 гектар алма бау, 103 гектар жүзімдік тамшылатып суару әдісімен отырғызылды», дейді Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуалиев.
Өзінің алма бауларымен танымал ірі шаруа қожалығының бірі – «Көктал». Бұл шаруа қожалығы өз иелігіндегі 205 гектар алма бауының 140 гектарынан 250-300 центнерден өнім жинап, тұтынушыларға жеткізіп келеді. Мичурин ауылдық округіне қарасты Майтөбе ауылында 1700 тонналық жеміс-жидек өнімдерін сақтайтын қоймасы бар. Бұл саладағы қолға алған оң тірліктің бірі – соңғы жылдары апорт алмасын егу жұмысы жанданып келеді. «Біздің шаруашылық негізінен алманың жергілікті сорттарын егіп келеді, – дейді «Көктал» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Төлешов. – Оның ішінде бірнеше жылдан бері Антонов апортын да егуді қолға алған. Бұл да Алматы апорты сияқты жоғалып бара жатқан алманың бір түрі. Өзім кезінде «Мичурин» совхозында еңбек еткенмін. Сондықтан бұл саланың қыр-сырын жақсы білемін. 2004 жылы жеке шаруашылық құрып, жеміс-жидек егуді бастадым. Ол жылдары өнімнің бұл түріне ешқандай субсидия берілмейтін. Қиындықтың бәрінен өттік. Қазір қарамағымда 20-ға жуық бағбан жұмыс істейді. Жалақылары 70-100 мың теңгенің көлемінде».
Алма да адам сияқты аялы алақанды, жақсы күтімді қалайды. Әйтсе де бүгінде жеміс ағашының жағдайын түсінетін нағыз маманды табу қиын екен. Содан болар, Асқар Төлешовтің екі ұлы алма ағашынан алысқа кетпей, әке жолын қуыпты. Осы сала бойынша жоғары білім алған үлкені бүгінде шаруашылықта агроном болып еңбек етсе, екіншісі университетте оқып жүр. Қалай айтсақ та, алмасымен аты шыққан Түлкібастың бұл тірлігі талайға үлгі болары анық.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген
Хусан АЗИЗОВ.