25 Шілде, 2013

Тәртіп жоқ жерде талап дәрменсіз

595 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси ба­ғыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы тек біздің ел ғана емес, іргелес, алыс шетелдердің де қызығушылықтарын тудырып, Елбасының алысты болжай білу қабілетін тағы бір танытуда. Жолдаудағы мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту тарауында келтірілген дәйектер еліміздің болашағына жарқын жол ашуға тиіс. Осыған орай қазіргі кезде мемлекеттік қызмет саласында түбегейлі өзгерістер күтілуде. Еліміздің дамуындағы кезек күттірмейтін мәселелермен бірге, мемлекеттік қызметтегі реформа қазіргі кезеңде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі екені туралы ашық әңгіме елдің қолдауына ие болары сөзсіз. Ендігі міндет Елбасымыз дайындап, сызып берген жолдарын бүкіл халық болып пікірлерімізді ортаға салып, жүзеге асыруға жұмылуымыз қажет.

Мемлекетіміздің демо­кра­тиялық өркениетті даму жолында мемлекеттік қызметкерлердің дәрежесі, қоғамдағы орны, лайықты еңбекақысы жөнінде мәселелер қозғалып, оң шешімдерін тауып жатыр. Әрине, біздегі мемлекеттік қызметкерлердің батыстық үлгілерден ерекшеліктері көп. Шындығын айту керек, қанша қайта құрылсақ та, біздегі мемлекеттік қызметкерлердің қызмет барысы, жұмысты жүргізу әдісі әлі де бұрынғы командалық-бюрократиялық таптаурын жолдан алысқа ұзай қойған жоқ деп айтуға болады. Соған сай ел ішінде шен-шекпенге табынушылық психологиясы да мүлде жоғалып кеткен жоқ. Ал қызметке алынатын үміткерлер жаңашыл ма, озық ойлы ма, демократ па, әлде ізденімі жоқ, мансапқор билікшіл ме, оның аражігін ажырату әдісі әлі ойлап табылған жоқтығын тағы да мойындау керек. Әзірге бар білетініміз – қызметкер тәжірибені жинақтай жатады ғой, жасырақ болса ойы да, көзқарасы да жаңарақ болады ғой дейміз, бірақ көпшілік жағдайда олай бола бермейді. Көптеген мемлекеттік органдарда отырған жап-жас жігіттердің сол кресло әкесінен қалған мұрадай шіреніп, алдына келген адамдармен зорға сөйлесетінін немесе керісінше, жасамыс болса да өтініш жасау­шы адамды байыппен тыңдап, оның қайсыбір мәселесін шешуде түсіністік, елгезектік және ең бастысы, біліктілік көрсететінін күнделікті өмірде кездестіріп жүрміз.

Осы сияқты көріністермен кездесе отырып, біздегі кадр іріктеу мәселесі қалай шешілуде, қайтсек нағыз патриот, іскер, шешімді және білікті азаматтарды мемлекеттік қызмет сапынан көреміз деген ой еріксіз мазалайды.

Мемлекеттік қызметтегі кадр­лар туралы сөз қозғау үшін әңгімені мемлекеттік органдардың құрылымынан бастау керек сияқты. Мемлекеттік орган құрылымының барынша тиімді де оңтайлы, мейлінше ықшам да қабілетті болуы, түптеп келгенде, мемлекетіміздің өркениетті бағытта дамуының бірден-бір факторы деуге болады.

Өкінішке қарай, мемлекеттік биліктің орталық буындарының облыстық деңгейдегі жергілікті органдардың функцияларын қайталайтын, қосарласатын, тіпті кейбір мәселелерде қолдан жасалған кедергілер тудыратын мекемелері көп. Осыдан бір-екі жыл бұрын облыстық деңгейде әртүрлі бағыныстағы бірін-бірі қайталайтын мемлекеттік органдардың көбейіп кеткені айтылып, сондықтан оларды оңтайландырып, қысқарту жайлы мәселе қозғалды да, артынша басылып қалды. Тиісінше олардың аражігін ашу жөнінде нұсқау болды да, кейбір функцияларды жергілікті органдарға ішінара берумен шектеліп, аумақтық мекемелер сол қалпында мізбақпастан қалды. Бұл арада әңгіме республикалық түрлі министрліктердің әрбір облыстағы аумақтық басқармалары жайлы болып отыр. Және ол облыспен шектелмейді, вертикаль бойынша екі бағыныстағы құрылымдар ауданды, тіпті селолық округтерге дейін қамтиды. Бірақ өкініштісі, содан сол бағыттағы жұмыстың екі есе қарқын алып кетіп жатқаны шамалы. Жұмыс барысы мен мақсаттары бір-бірінен ерекшелене бермейтін қосарласқан стандарттау, монополияға қарсы, еңбек қорғау, орман, ауыл шаруашылықтары, жолға қатысты бірнеше басқар­малар, жер қатынастары, төтенше жағдай, өрт сөндіру басқармалары сияқты мекемелерде тек қана бір облыс көлемінде мыңға тарта адам тақиядай бюд­жеттік қоржынға қарап отыр. Оның ең қолайсыздығы, халық арасында “жергілікті билік органдарына бағынбайтын, сон­дықтан мемлекеттік қаражатты жеке мақсаттарға пайдалануда ыңғайлылығы үшін орталық­та­ғылар ұстап отырған құрылымдар” деген теріс пікір туғызуы. Әрине, халықты жұмыспен қамту жөнінде оң әсері болғанымен, мемлекеттік тұрғыдан алған да, орынсыз ысырапқа көбірек ұқсайды.

Екіншіден, күні бүгінге еліміздегі мемлекеттік органдар құрылымында бірізділік, мемлекеттік стандарт жоқ. Ұлан-байтақ еліміздің батысы мен шығысы, терістігі мен түстігі арасындағы экономикалық даму бағытының әртүрлілігіне байланысты басқару институтының да негізгі өндіріс салаларына қарай ерекшеліктері болуы хақ. Бірақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ресми бекіткен, бір аймаққа лайықталған, ешкім де қол сұғып өзгертуіне болмайтын басшылықтың әр деңгейіне сай ортақ бір құрылым үлгісі болуы міндетті деп ойлаймын және оның сақталуы агенттік тарапынан мезгіл-мезгіл тексеріліп отырылуы керек. Қазіргі кезде басы аудандық әкімдіктер мен оған қарасты мемлекеттік органдар басшыларынан бастап бұл жөнінде өз қалаулары бойынша, құрылымды өзгертіп, қонышынан басу жағдайлары да жоқ емес.

Үшіншіден, осы қолда бар мекемелердің функциялары құжат жүзінде нақтыланған емес. Мекеме туралы ереже, нұсқаулар баршылық, бірақ оның көбі сөзбұйдаға құрылған, белгілі бір мақсатты ұстанбаған, шашыраңқы болып келеді. Осыдан барып ол мекеменің аймақ экономикасының дамуындағы басымдығы да, атқарып отырған қызметінің бірінші-екінші кезекті қажеттілігі де айқындалмаған. Олай болса, жылдық бюджетті бекіту кезінде де бей-берекеттікке жол беріліп, кейбір мекеме басшыларының жеке беделі арқылы бюджеттің қомақты үлесіне ие болу жағдайлары бар.

Сол сияқты, мемлекеттік мекемелер облыстық мемлекеттік қызмет жөніндегі басқармада бекітілген біліктілік талаптарын көбінесе белден басып, ол талаптарды өзі алғысы келетін кадрға қолма-қол ыңғайлап алатын сәттер бар, бірақ оны тексеріп, «ау, бұл қалай» деп жатқан ешкім жоқ.

Енді кадрларды іріктеу және орналастыру жайлы бірер сөз. Болашағын ойлаған ел негізгі салмақты жас кадр­ларды тәрбиелеуге салатыны ежелден келе жатқан аксиома. Сонымен бірге, мемлекетіміз енді-енді нығайып, табан жолын айқындап, дамудың сара жолына түскен қазіргі кезеңде қандай да болмасын қателікке жол беруге болмайды, сондықтан да жас­тарды мемлекеттік қызметке мейлінше тарта отырып, ұрпақ сабақтастығын да естен шығармау керек деп есептеймін.

Жасыратын не бар, коммунис­тік қоғамда халықпен тіл тауып жұмыс істеу өнеріне звено, пионер, комсомол жетекшісі сияқты ана сүті аузынан кеппеген шақтан бастап әзірледі. Қазір ол жүйенің тас-талқаны шықты, орнына келген басқа жаңалық та жоқ. Кадрлар резерві дегенді ойластырып істесе жүйеге келтіруге болатын шаруа, бірақ ол да кей сәттерде жүзеге аспай, не тәжірибесі жоқ, не жеткілікті азаматтық келбеті жоқ біреулердің қалтаның қарқынымен төбеден түскендей көшеден келетіні немесе бір бастық көшінің шаңырағына ере келген біреулер жолдан қиып кететіні ауыр болса да шындық.

Кадрларды іріктеудегі бел­гіленген тәртіп бойынша­ бос лауазымға конкурс жария­лан­ғаннан кейін, білімдері білік­тілік талаптарына сәйкес ке­ліп, құжаттары қабылданған үміт­керлер тестілеу сынағынан өтеді. Қазіргі тәжірибеде тест нәтижесі бойынша ел заңдарын білу жөнінде ең көп жоғары балл жинаған да, ең төменгі шектен бір сан ғана артып өткен де бірдей, әйтеуір өтсе болды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Тест қорытындысы әңгімелесу кезінде де есепке алынуы қажет деп есептеймін. Тестілеуде кім жоғары балл жинаса, әңгімелесу кезінде басқаларға қарағанда соның артықшылығы болу керек.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес басталғалы баяғы бір кезеңдегідей науқаншылдық бас­талып, тырнақ астынан кір іздеп, мемлекеттік қызметкерлерге қырын қараушылар да шығып жатыр. Осы орайда айта кететін бір мәселе – мемлекеттік қызметкер Ар-намыс кодексін қабылдады. Қызметке кіргенде шектеулердің бәрін мойындап, оны орындауға ант берді. Оның сыртында мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлықтан адалығын, қолының таза екендігін түрлі органдар тексеруден өткізеді. Ал тәртіптік кеңесті Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қаратқалы ол да өз тарапынан қатаң қадағалаушы болып отырғаны шындық. Сонда барлық тексеруден өтіп, тазалығын, жұмыс барысында біліктілігі мен іскерлігін дәлелдеген мемлекеттік қызметкерді кім қорғайды? Егер осы үрдіс осылай жалғаса берсе көшеде кездескен бейбастақ біреудің арыз-шағымымен немесе жоспар қуалап, арандатушылық жолмен қолға түсіру арқылы қалыптаса бастаған кадрлар корпусының іргесін сөгіп алмаймыз ба деген сұрақтар да туады. Сондықтан мемлекеттік қызметкерге қатысты мәселені басқа органдар емес, алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қарасты тәртіптік кеңес қараудан бастап, ол мемлеке