«АҚШ-тың ашық чемпионатында алтын медаль алып, жүзуден әлемдік деңгейдегі спортшы екеніңізді тағы бір дәлелдеп отырсыз. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен барша отандық жанкүйерлердің және жеке өз атымнан Сізді тамаша жеңісіңізбен құттықтаймын!
Сіздің барлық жүлдеңіз ұзақ әрі тынымсыз еңбектің жемісі. Сіз қазақстандық жас спортшылар үшін үлгісіз. Алда баршамызды 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Жапония астанасына Олимпиада чемпионы ретінде аттанбақсыз. Сіз Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлап үлгердіңіз. 2020 жылғы додада жеңіс деген жігеріңіз бен мықты мінезіңіздің арқасында тағы да әлем халқын таң қалдырасыз деген үміттемін.
Сіздің дайындық кезеңіңіз қандай да бір жарақатсыз және үзіліссіз өтуіне тілектеспін. Келесі Олимпиада ойындарына нағыз бабында аттанатын спортшылардың бірі деп есептеймін. Деніңіз сау болсын! Табыс және жарқын жеңіс тілеймін», - делінген ҰОК президентінің құттықтау хатында.