Руханият • 08 Желтоқсан, 2019

Орталық ғылыми кітапхана ұлттық ғылыми еңбектердің бай топтамаларын қамтиды

631 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітахана республикадағы ірі ақпараттық- кітапханалық орталықтардың арасында жаратылыстану-техникалық ғылымдары бойынша жетекші орындардың бірі болып саналады.

Орталық ғылыми кітапхана ұлттық ғылыми еңбектердің бай топтамаларын қамтиды

Кітапхана Қазақстан мәдениетінің, білімінің, ғылымының дамуына елеулі үлес қосып, жоғары деңгейде ақпараттық қолдау көрсетеді, пайдаланушылардың кітапхана ресурстарына, барлық таратыла­тын ақпараттарға ашық қол жетімділікті ұсынады.

Орталық ғылыми кітапхана 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімі негізінде құрылған.

Кітапханада 6 оқырман залы жұмыс істейді, ғалымдарға, ғылыми қызметкерлерге, ЖОО оқытушыларына, мамандарға, магистранттарға, студенттерге және т.б. оқырмандарға қызмет көрсетіледі.

Кітапхана қорлары ұлттық және шетел басылымдарының, диссертациялардың, ғылыми еңбектердің, Қазақстан ғалымдарының жеке кітапханаларының бай топтамаларынан тұрады. Қордың көлемі 5,0 млн. астам кітапты құрайды.

Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиеттер қоры 210 мың данаға жуық сирек кітаптарды, қолжазбаларды, фотокөшірмелерді, микрофильмдерді, диссертацияларды, автореферат­тарды, қазақ тіліндегі кітаптарды, ТМД халықтары тілдеріндегі әдебиеттерді және мерзімді ба­сылымдарды құрайды. Сирек кітаптар мен қолжазбалардың жалпы хроно­логиясы: XII, XVI-XXI ғғ. (1940 жылға дейінгі) басылымдар. ҒК әлемнің 71 елінің 630 ғылыми мекемелерімен серіктес бола отырып, 1951 ж. бастап халықаралық кітапалмасу (ХКА) жүргізеді.

1983 жылдан бастап кітапхана өз ал­дына кітапханалық-библиографиялық үрдістерді автоматтандыру бойын­ша жұмыс жүргізіп келеді. Ғылыми кітапханада MarcSQL автоматтандырылған ақпараттық кітапханалық жүйе (ААКЖ) бағдарламасымен жұмыс істейді. Ғылыми кітапхана өзінің Сандық кітапхана үлгісін жасаушы болып табылады, онда 1 мыңнан астам сирек бірегей басылымдардың атаулары, 40 жеке дерекқоры, Қазақстан ғалымдары еңбектерінің электрондық топтамалары бар.

Орталық  ғылыми кітапхана ғылыми журналдар баспаларының дерекқорына; Science Direct платформасындағы Elsevier баспасының электрондық ресур­старына (соңғы бес жылдықта 2 мыңнан астам журналдан тұратын 23 тақырыптық топтама), 40 млн. жазудан тұратын жарияланымдардың дәйексөз алу индексі бар Scopus жалпы ғылыми реферативтер базасына, Ресей мемлекеттік кітапханасының (РМК) ғылыми дис­сертацияларына, e-library толықмәтінді ғылыми құжаттарына, Thomson-Reuters, Springer баспасының Web of Knowledge дерекқорына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кітапханада қашықтықтан қызмет көрсету – құжаттарды электрондық жеткізу (ҚЭЖ) қызметі енгізіліп, тиімді қолданылып келеді.

Орталық ғылыми кітапхана республиканың ғылыми-библиографиялық қызметінің орталығы ретінде ғылыми библиографиялық, ақпараттық материал­дарды дайындайды, 4 библиографиялық: оның ішінде «Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясы», «Ұлы тұлғалар», «Қазақстан және әлемдік қауымдастық», «Кітапхана ісінің көрнекті қайраткерлері» сериялары бойынша зияткерлік меншік сертификаттарына ие.

Орталық ғылыми кітапхана – ҚР БҒМ ғылыми-зерттеу мекемелерінің жанындағы 14 кітап­хананы қамтитын кітапханалар торабының орталығы.

Ғылыми кітапхана Ғылым академияларының халықаралық қауымдастығының (ҒАХА), ҚР Кітапханалар қауымдастығының, Қазақстан кітапханаларының ақпараттық консорциумының мүшесі болып табылады.

 

АЛМАТЫ