Руханият • 09 Желтоқсан, 2019

Қарапайымдылық ханға да жарасады

630 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қарапайымдылық ханға да жарасады

Арғымаққа міндім деп,

Артқы топтан адаспа.

Асан қайғы

 

Өмір – өте күрделі. Оның күнгейімен бірге көлеңкесі, тәттісімен бірге ащысы да бар. Ащының дәмін татпаған тәттінің бағасын білмейді.

Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір,

Бақты да, қайғыны да көтере біл, –

депті Фирдоуси. Тарихтың дауылдары мен жауындарында тапқанынан жоғалтқаны көп қайран қазақ тәтті мен ащының дәмін тата жүріп, ғасырлар бойы аңсаған арманы – Тәуелсіздікке қолы жеткен отыз жылда бір ғасырға жүк болар игі істерді жүзеге асырып, ТМД елдерінің көшбасшысына айналды. Мұның терең сырын:

– Ырыс, қайда барасың?

– Ынтымаққа!

– Бақыт, қайда барасың?

– Бірлікке! – дейтін атадан қалған асыл сөзді ту етіп ұстаған Ел мен Елбасының даналығы мен даралығынан табамыз. Иә, дала данышпандары айтқандай:

Өсер елдің арманы көп,

Өшер елдің жанжалы көп.

Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу бола жүріп алған асуларымыз қаншалық көп болса, алда шығар шыңымыз одан да көп. Еліміз қол жеткен табыстарға өзгелермен бірге мемлекеттік қызметкерлер де ла­йық­ты үлес қосып келеді. Дүние жүзі қазақтарының үшінші құрылтайында сөйлеген сөзінде Қазақстанның бүкіл халық сайлаған тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп атап айтты: « ... біз атқарушы билік жүйесін де реформалауды ойдағыдай жүзеге асырдық. Республика экономикасы мен халық санының ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіби үкімет жасақтап, жаңаша жергілікті басқару жүйесін құрдық. Мұның бәрі бізге басталған реформаларды бюрократиялық кедергілерсіз алға апаруға мол мүмкіндік туғызды». Мемлекет басшысы айтқан «Кәсіби үкімет пен жергілікті басқару жүйесінде мем­ле­кетшіл, рухы биік ұлтжанды, іскер, халық­шыл шенеунік аз емес. Олардың қызметін қадағалап, жөн-жоба нұсқап отыратын мемлекеттік қызмет істері жө­ніндегі агенттік бар. Мемлекеттік қыз­мет­­шілердің ар-намыс кодексі қабыл­дан­­ған. Олар арнайы аттестациядан өтіп тұрады. Мемлекет қызметшілерінің бос орнына ашық конкурс жарияланып жүр. Мұның бәріне көңіл толады. Дей тұрсақ та, жақсылығымызды айтумен бірге кемшілігімізді де көріп, дос ниетпен айту – жанашырлықтың бір белгісі, азаматтық парызымыз деп білемін. Осы орайда ойласар жайлар аз емес.

Жасырып-жабатын не бар, бізде қызмет этикасы үнемі сақтала бермейді. Атқа мінсе, атасын танымайтын қазақ емеспіз бе, «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адасып жүргендер» де кездеседі.

Кішіпейілділіктен асқан кісілік, қайы­рым­дылықтан асқан қасиет жоқ. Қарапайымдылық ханға да жарасады. Халық соқыр емес, бәрін көріп отыр, біздің елімізде тұрмысы нашар бірде-бір билік иесі жоқ. Әртүрлі дәреже­дегі билік иелерінің бәрі де жақсы тұрады, шетелдік көліктермен жүреді, олардың өзін қойып, отбасы да. Жақсы тұрсын, шетелдік көлікті де мінсін. Байдың асын қызғанатын байғұс біз емес. Ал сол кейбіреулердің аста-төк байлығы қай атасынан мұраға қалыпты, қай еңбегімен келіпті?! Тіпті, билік басындағылар мен байларды былай қойып, қаржы полициясының қатардағы қызметкерлерінің бәрі болмаса да біразының коттедждері мен шетелдік қымбат көліктері бар. Оған олардың айлығы жетпейді. Олардың атында коммерциялық құрылымдар да жоқ. Сонда айлығы шайлығына жетпейтіндерге сонша байлық қайдан келді? Осы тұста айтар нақты бір ұсыныс мынау: мемлекеттік қызметкер жыл сайын салық органдарына жылжымайтын мүліктері, тапқан табыстары жайлы арнайы декларация тапсыруы қажет. Сол декларация нақты, пәрменді болу үшін БАҚ-та жариялануы керек.

Қиын-қыстау заманда осы күнде,

Азаматтың түспейді ісі кімге? –

деп Қадыр ақын айтқандай, кейде халық­тың қамы, ел шаруасымен, ара-тұра өз шаруаңмен де сирек те болса билік ие­леріне баратынымыз бар. Сонда еңбегім, атағым бар менің өзім қырық түрлі кедергіге кездесемін. Алдымен хатшы қыз, сосын көмекші біраз тергейді. Одан кейін де сан рет телефон шаласың. Сонда да сені жалғай қоймайды. «Сұңқар» атты үкіметтік байланыс бар. Ол халықта жоқ. Қалта телефоны бар, онысы өшіп тұрады. Өліп-талып алдына жеткен шенеунік сені ұқса жақсы, ұқпаса, ұнжырғаң түсіп, үйге қайтасың. Мұнан соң мұңыңды кімге айтасың? Есімі мен еңбегін ел білетін азаматтардың жағдайы осылай болғанда, бір анықтама алу үшін кемі он есікке кезекке тұратын, қарапайым халықтың көрген күні тіптен қараң.

Кейбір халық депутаттары мен басшы­лар­дың қызыл сөз бен құрғақ уәдеге үйірлігі де мемлекеттік қызметкердің беделіне нұқсан келтіріп жүр. Орын­дал­май­тын уәде беріп, сөзбұйдаға салғаннан гөрі ащы да болса ашығын айтқан жөн-ау. Француз ғалымы Пьер Буаст айтқандай: «Лживые обещания раздражают больше, чем откровенные отказы».

Құқық қорғау органдарының шортан­дар­ға шамасы келмей, шабақтарды аулауы да мемлекеттік қызметкердің беделіне көлең­ке түсіреді, кейде тіпті күлкілі жай­лар­ға апарады. Бір ғана мысал, бір шаруа бір қойын сойып Астанаға келе жатса, «тиіс­ті қағазың жоқ» дегесін екі жүз теңге ұсынған ғой полицейге. Соны жерден жеті қоян тапқандай көгілдір экран арқ­ыл­ы жарты әлемге жар салып айтты. Сту­денттен азын-аулақ тиын-тебен алған оқыту­шы туралы да БАҚ-та айтылды. Ол да дұрыс шығар. Әйтсе де орыс әдебиетшісі Эдуард Севрус айтқандай: «За мелкие преступления можно попасть в тюрьму, за великие – войти в историю» дегеннің кері емес пе бұл?! Биені бүгімен, түйені түгімен жұтып жатқандар жөнінде құқық қорғау органдары неге үнсіз қала береді? «Дүниеге құмарлық жеңген кезде адамға деген сүйіспеншілік жерленеді» (Салюский). Мұны да ұмытпайық, ағайын.

Ел – әкімнің ажары,

Әкім – елдің базары.

Аз бенен көп теңелер,

Әкімнің болса қажары, –

депті Кердері Әубәкір. Осындай аталы сөзді мұрат етудің орнына «өз командамды жасақтаймын» дейтін сылтаумен кадрларды оңды-солды ауыстыра беру де мемлекеттік қызметкердің абыройын аспандатпаса керек. Біздіңше, өз командасын жасақтауға Президент пен Премьер-Министрдің ғана құқы бар. Ол өзгелерге жараса бермейді. Жарасады десек те шектен шықпау керек. Ал бізде шектен шығып кету фактілері де бар.

Рас, Фазил Искандер айтқандай: «Власть – это такой стол, из-за которого ник­то добровольно не встает» десек те, биік билік иелері Фридрих Прускийдің: «...Не страна должна жить для принца, а при­нц – для страны» деген ұлағатты сөзін ұмыт­па­ғаны абзал.

Мемлекеттік қызметке келген бетте кей­бір басшылар жеке басының мүд­де­сін көздеп, халықтың жағдайын ысырып қояды. Кейбірі тіптен лауазымын отба­сымен бірге пайдаланып, асыра сіл­теп жүрген жайлары да бар. Ал заң бап­тары олар үшін аса маңызды да емес пе деп қаласың. Облыс, қала әкімдері жолсапарға шыққанда құдды бір президент келгендей шулатып, жол көліктерін тоқта­тып, адамдарды уақыттан қағады. Ал Еуропа мемлекеттерінде мұндай жағ­дай­ға жол жоқ. Мемлекеттегі қызмет­ші­лер­дің көпшілігі халық билікке емес, би­лік­тің халыққа қызмет ететіндігін ша­тыс­­­тырып жүрген жайы бар. Меніңше, билік басындағылар ұлтқа ұлтарақ бола білуі керек?! Әрі билік басына келген азамат басқарудың төменгі сатысының барлы­ғында еңбек етіп, үлкен мектеп­тен өткеннен кейін ғана жоғары басшы­лық­қа ұсынылғаны абзал. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің бизнеспен айналысуына тыйым салынғаны жөн. Ол бизнеспен айналысса, қызметті кім атқарады? Соңғы кездері мемлекеттік қызметкерлердің ішінде докторлар мен профессорлар да көбейіп кеткендігі белгі­лі. Егер ол ғылыммен айналысар болса, онда мемлекеттік қызметте несі бар? Айта берсек, бүгінгі күнде мемлекеттік қыз­меткерлер тарапынан асыра сілтеп жат­қан кей жағдайларды ешкім жоққа шы­ғара алмас дер едім. Қызметті жеке басы­на пайдаланғаннан гөрі бюджеттің жайын ойлаған жөн.

Деректер бойынша шенеуніктер тарапынан мемлекетке миллиардтаған теңге зиян келтіріп, жауапқа тартылып жат­қандар да, тіпті түрмеге тоғытыл­ған­дар да бар. Айта берсек, тізім жалғаса береді. Тағы бір тілге тиек етер мәселе, бізде шенеунік көп. 260 млн тұрғы­ны бар АҚШ-тың өзінде 14 минист­рлік болса, 60 млн тұрғыны бар Англияда 23 министрлік бар. Ал 125 млн халқы бар Жапонияда 8 ғана министрлік жұ­мыс істейді. Тағы бір қынжылтатыны, біз­дің шенеуніктердің жиналыстан қол­да­ры тимейді. «Күлтөбенің басында күн­де жиын» өткізсек, жұмысты кімдер істей­ті­нін мен түсінбеймін.

Осылайша мемлекеттік қызметкерлер жайын­дағы көңіл көншітпейтін жайттар тіз­бек­теле тілге орала береді. Билікке кел­ген адам қашанда халықтың, басқа­рып отырған аймағының жағдайын көз­деуі тиіс емес пе?! Елбасы мен Пре­зи­дент мемлекеттік саясатты іске асыру­ға байланысты нақты тапсырмалар бер­ге­ні­мен, жергілікті жерлерде үнемі орында­ла бермейді.

Осы тұста Ататүріктің «Менің күш-қуа­тым халықтың маған көрсеткен се­ні­мі­­нен құралады» деген сөзі есіме түсіп отыр. Оның ел басқарудағы басты құпиясы осы еді.

Тургенев «Россия может жить без нас, но мы не можем жить без России» десе, ақын Рафаэль Альберти «Мой народ и я одно и то же» деген екен. Мі­не, ха­­лыққа жанашыр азаматтардың кө­ке­йін­­­­де­гі осындай ізгі тілектер ел бас­қа­рып отырған әр басшының көкірегінде жүрсе, қоғамымызда орын алып отырған бюро­крат­тық тәсілдерге жол болмас еді. Осы мәселе төңірегінде айта кететін бір жайт, қолына билік тиген кейбір азаматтардың қарапайымдылық, адамгершілік деген қасиеттерден адасып қалатындығы. Бұл дерт олардың туған-туыстарын да жайлай бастайды. Осы тұста мына бір жағдай есіме оралып тұр. Нигерияның премьер-министрі Адесейе Огунлеве ұялы телефонын барша халыққа жария еткен екен. Әркім өзін толғандырған күрделі мәсе­ле­лер­ді айтып телефон шалып тұратын болса керек. Ал Дж.Буштың қызы Барбара бол­са әкесінің дәулетіне арқа сүйемей, Афри­каның бір елінде «Қызыл ай» бағ­дар­ла­масы бойынша жұмыс істейді. Ал Тайланд басшысының он жеті жастағы қызы мейрамханалардың бірінде қара жұмыс істейтін көрінеді. Бізде бәрі керісінше, жоғары оқу орындарына бара қалсаңыз, еңбегі сіңген небір профессорлардан гөрі студенттердің міне­тін көлігі көп. Мұнымен қоса, кейбір шенеу­нік­тердің балалары қымбат шетел көлік­те­ріне мініп алып, көшелерде жарыс ұйым­дастырып жүретінін қайтерсіз?! Бұл айтыл­ғандардан Қазақстандағы биліктің биік баспалдағында жүргендердің бәрі жағымсыз тұлға деген ой тумауы керек! Олардың арасында бүгін елге етене жақын, кісілігіне кішілігі сай іскер тұлға­лар аз емес.

Адамды қайғыдан басқа үш жағдайда сынауға болады. Біріншісі – бақ қонып, атақ пен даңққа бөленгенде, екіншісі – биліктің биігіне көте­ріл­генде, үшіншісі байлыққа кенелгенде. Қазақ халқын Абайдан қатты сынаған ешкім болмаған шығар, сірә. Қазір сын айта қалсаң, басшылар кекшіл болып алады. Сынның сирек айтылатындығы да содан болса керек. Ғабит Мүсірепов: «Туған елімді, туған жерімді жамандай алмаймын, бірақ жаным ашыған соң ашынған сөз түседі ауызға», деп айтып кетсе, Ғабиден Мұстафин: «Елді алдаймын дейтіндер түбі өзі алданады», деген екен. Осындай аталы сөз қалдырған ата-бабадан тек халқының жағдайын ойлайтын адал азаматтар көбейсе абзал болар еді. Халық – құдай тектес құдірет. Халықтан қол үзген басшы арғымаққа мінсе де адасады.

Ертеден жеткен ескі тәмсіл айтады: Ке­з­­інде тату-тәтті тұрған арманы көп бір отбасы байыған шақта жан-жалы көп ша­ңы­­раққа айналып шыға келіпті. Не болға­нын ұға алмаған отағасы ақылы асқан абызға келіп, мұңын шағыпты. Сонда сол ақылман әлгі отағасыны терезе алды­на алып келіп:

– Қарашы, не көріп тұрсың? – депті.

– Бұлтсыз ашық аспанды көріп тұр­мын, депті отағасы.

– Енді мұнда қара, – деп айн­аның алдына алып келіпті.

– Енді не көріп тұрсың?

– Өзімді көріп тұрмын.

– Терезеге қараған өмірді, айнаға қараған өзін ғана көреді, – депті абыз. – Тере­зе­нің де, айнаның да тегі – шыны. Айыр­ма­шылығы айнаның сырты күміс­пен күптелген. Содан да одан өзің­нен бөтен ештеңе көре алмайсың.

Күміспен күптеліп, алтынмен аптал­ған кейбір басшылар мен байлар өзін ғана емес, өмірді де көрсе, халыққа қол ұшын созып қараса, өзгелерге ғана емес, өзіне де пайда емес пе?

«Адамның жақсысы өзгелерге пай­дасы тигені» депті Мұхаммед пай­ғам­бар. Кішіліктен асқан кісілік, қайы­рым­дылық­тан асқан қасиет жоқ. Мемлекеттік қызметкерді көркейтетін де осы қасиет. Қарапайымдылық ханға да жарасады. Аспандағы Ай мен Күндей айналаңа үнсіз сәуле шашып тұрғаннан артық бақыт жоқ.

 

 

Сәбит ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

 

АЛМАТЫ