Финалдық сайыс Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының құрама командалары арасында өтті. Алғашқы екі кездесуде алғашқылары басым түсті. Сәкен Бибосынов (52 кило) Азат Махметовты ұтса, Қайрат Ералиев (57 кило) Ілияс Сүлеменовке сан соқтырды.
Одан кейін елордалық боксшылар қарқынын күшейтті. Қатарынан үш бәсеке солардың басымдығымен өтті. Атап айтсақ, Самат Бегіманов (63 кило) Шыныбек Назарбековті, Қанағат Маралов (69 кило) Бекдәулет Ибрагимовты және Тимур Нұрсейітов (75 кило) Бекзат Сабырдан айласын асырды.
Бірақ астаналықтардың одан әріге әлдері жетпеді. Нұрбек Оралбай (81 кило) Бек Нұрмағанбетке, Айбек Оралбай (91 кило) Абзал Құттыбековке және Нұрболат Сермаханов (+91 кило) Нұрлан Сапарбайға есе жіберді.
Нәтижесінде 5:3 есебімен жеңіске жеткен Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері Конфедерация кубогын жеңіп алды.