25 Шілде, 2013

Экономиканың өсімі жақсы

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Серік Ахметовті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Премьер-Министр еліміздің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндап, таяу кезеңдегі жоспарлар жөнінде айтып берді.

С.Ахметов Үкіметтің соңғы отырысында еліміздің биылғы алты айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып, екінші жартыжылдыққа бірқатар міндеттер қойылғанына тоқталды.

– Біздің негізгі экспорттық серіктестерімізге дағдарыстың ықпал етуіне қарамастан, жыл қорытындысы бойынша біз ішкі жалпы өнімнің 6 пайызға артуын күтудеміз. Өсім экономиканың іс жүзінде барлық саласында байқалуда, негізгі капиталға инвес­тиция арттырылуда. Өз кезегінде инфляция деңгейі 2,7 пайызды құрады, бұл ел халқының кірісі артуына оң ықпал етеді, – деді Қазақстан Премьер-Министрі.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайындағы экономиканың өсімі жақсы көрсеткіш болып саналатынын және бүгінде оны одан әрі арттыруға қажетті резервтердің бар екенін атап өтті.

– Қаражатты игере алмау себебінен тұрғын үйді салудың және бірқатар инфрақұрылымдық жобалар көрсеткіштерінің төмендеуі орын алып отыр. Осы бағыттағы жұмысты жандандырған жөн. Бұл, тұтастай алғанда, ішкі жалпы өнімнің арта түсуіне едәуір септігін тигізеді. Ел экономикасының өсімі жөніндегі болжам жыл қорытындысы бойынша 6 пайызға толық іске асады деуге негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.

Президент екінші жарты­жылдықта, әсіресе, өңір­лерде белсенді жұмысты жалғас­ты­ру қажеттігіне назар аударды.

– Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан нысандарды жобалық қуатына жеткізуді қамтамасыз ету маңызды. Өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау саласындағы өсім – жақсы жетістік. Қаржы секторында да дамудың оң қарқыны бар. Қазақстан тауарларының экспорттық тұтынымы төмендеуіне байланысты «Қазақмыс» ЖШС, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ сияқты отандық компания­лар бірқатар қиындықтарды бастан кешуде, менің тапсырмам бойынша оларға қажетті қолдау жасалуда. Сонымен бірге, экспорттық әлеуеттің көлемі азайғанына қарамастан, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшылығы өндірістің жыл сайынғы көлемін 3,5 млн. тонна мөлшерінде сақтауға уәде берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жиын-терін науқанына дайындықты уақытылы жүргізуді және ауылшаруашылық өнімін өткізудің ішкі нарықтарын кеңейтуді тапсырды.

Кездесу қорытындысында Президент қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.