Әдебиет • 09 Желтоқсан, 2019

Алматыда «Поэзия аллеясы» ашылды

672 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы «Гүлдер» саябағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жетісу ауданы әкімдігінің қолдауымен«Поэзия аллеясы» ашылды. Ақындарға шығармашылық шабыт сыйлайтын айрықша жобаға «Тұлға-достық» қоғамдық қоры демеушілік жасаған.

Алматыда «Поэзия аллеясы» ашылды

–  «Поэзия аллеясы»  жобасының мақсаты: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау, қоғамдық сананың жаңғыруына үлес қосу. Ақындар шаһары Алматыда «Поэзия аллеясын» ашып, өмірін өлеңмен өрнектеген, өлеңмен ғұмыр кешкен халқымызға, ақын-жазушыларға құрмет көрсету.  Адамдардың бір-біріне, ұлы жаратылысқа сүйіспеншілікпен қарап, мейірім-махаббатпен, қайырым-шапағатпен ғұмыр кешуге тәрбиелеу, – дейді идея авторы ақын Мұратхан Шоқан.

«Поэзия аллеясына» «Кемелденудің жеті шеңбері» идеясы орнатылған. Аталған идея ақын Мұратхан Шоқанның «Жаратылыснама» атты философиялық еңбегінен алыныпты. Философияда жер бетіндегі адам баласы төмендегі жеті шеңбердің (жеті сананың) деңгейінде өмір сүретіні айтылады.

Бұл отбасылық шеңбер, туысқандың шеңбер, рулық шеңбер, ( Ауылдастық, жерлестік) ұлттық шеңбер, діндік шеңбер, адамзаттық шеңбер сондай-ақ жаратылыстық шеңбер.

Мұнда келген адам ашық аспан астында көркем етіп салынған аллеядағы «Кемелденудің жеті шеңберінен» ой түйіп қайтады.

Кемелденген адам – отбасылық, туысқандық, рулық ( ауылдастық, жерлестік) шеңберден шығып, ұлттық, діндік шеңберден көтеріліп, адамзаттық, жаратылыстық шеңберде ғұмыр кешеді.

Адамзаттық, жаратылыстық шеңберде ғұмыр кешкен кемел адам дүниенің тыныштығын, үйлесімін бұзбай, қанағатшыл, қайырымды, мейірімді болып, бейбітшілік үшін қызмет етеді.

Сахнаға салынған «Кемелденудің жеті шеңбері» саябаққа келген адамдарға терең ой салады. Адамдар сахнадағы терең мағыналы әрі көркем жасалған «Кемелденудің жеті шеңберіне» суретке түсіп, оның мәніне үңіліп, жандарына азық алады. Бұл жерде әртүрлі іс-шаралар, кештер өтіп, ақын-жазушылар бас қосады.

Сондай-ақ «Поэзия аллеясы» күмбезіне шығыс даналығы жазылған арба қойылған. Арбаның күмбезіндегі «Көп кітап оқыған, алған білімін ел игілігіне жаратпайтын оқымысты - кітап тиелген арба...» деген шығыс даналығы оқымыстыларды кітап тиелген арба болмай, елге қызмет етуге шақырады. 

Құлагер ықшам ауданындағы «Гүлдер» саябағында салтанат құрған ерекше орынның құрылысы биылғы шілдеде басталған еді.

Аллеяның ашылу салтанатына Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек Есдәулет,  Алтынбек Қоразбаев, Секен Тұрысбеков, Амандос Ақанаев қатарлы ақын жазушылар мен өнер адамдары қатысып жобаның артықшылығы туралы  әңгімеледі.