Сенатор Нариман Төреғалиевтың төрағалық етуімен 2,5 айдың ішінде топтың 6 отырысы мен 2 тыңдауы өтті. Осы кезеңде барлығы 80 ұсыныс айтылды. Саралау барысында кейбір ұсыныстар алынып тасталып, кейбірі пысықтауды қажет ететіні айтылды. Уәкілетті органдар қалған ұсыныстарды 2020 жылы заң шығару қызметі аясында қарайтын болады.
Жұмыс қорытындысы бойынша елімізде оңалту орталықтары жетіспейтіні және ерекше қажеттіліктері бар балаларды диагностикадан ерте өткізу тәртібі толық енгізілмегені анықталды. Мүгедек балалардың қоршаған ортада кедергісіз жүріп-тұруы және білім алуға қол жеткізу мүмкіндіктері өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
«Талқылау қорытындысы бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы мекемеаралық өзара байланыстың болмауынан жүйелі сипаттағы күрделі мәселелердің орын алғаны анықталды. Жұмыс тобы заң шығару бастамаларын ілгерілету жөніндегі үнқатысу алаңына айналды. Мүгедек жандардың құқықтарын қорғау жөніндегі Бірыңғай ұлттық үйлестіруші және кеңесші орган құруды ұсынамыз», деді Н.Төреғалиев.
Топ құрамында Парламент Сенатының депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, әлеуметтік және білім беру саласындағы мемлекеттік мекемелердің басшылары, сонымен қатар мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі адамдар бар.