Спорт • 09 Желтоқсан, 2019

Каратэ: Жерлестеріміз үш алтын алды

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтандағы «Жекпе-жек» сарайында каратэ-киокушинкайдан (KWU) әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада 54 мемлекеттен келген 301 спортшы өнер көрсетті.  

Каратэ: Жерлестеріміз үш алтын алды

Айтулы спорт түрі бойынша елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған бәсі бөлек байрақты бәсекеде Қазақстанның ұлттық құрамасы табысты өнер көрсетіп, жергілікті жанүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі. Бұл жарыста үш жерлестеріміз алтын тұғырға көтерілді.

Атап айтсақ, әйелдер арасында 50 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған Людмила Устюгова финалда ұлыбританиялық Бет Роуландс-Хэйлиден басым түсті.

70 кило салмақтағы Әлемгүл Сабырхан шешуші сайыста польшалық Агата Виниарскаға сан соқтырды.

Ерлер бәсекесінде 85 кило салмақта айқасқан Владимир Артюшиннің асығы алшысынан түсті. Ақтық сында ол болгариялық Кристиан Дойчевтен айласын асырды.

Сонымен қатар осы жарыстың қорытындысы бойынша тағы бірнеше спортшымыз жүлдегерлер санатына қосылды.