Қоғам • 09 Желтоқсан, 2019

Отбасында теңдік болмай, қоғамда теңдік болмас

1318 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ ер азаматты шаңырақтың иесі санаса, әйелді отбасының алтын қазығы деп құрметтеген. Ал, отбасы ұғымы осы ер мен әйелдің бірлескен одағынан туады. Қай қоғамда да отбасы мемлекеттің негізгі бөлшегі. Басты қозғаушы күші. Оның әлеуметтік жағдайы, тыныштығы, берекесі мен ұрпаққа берер тәрбиесі қоғам алдындағы негізгі мәселелердің бірі.

Отбасында теңдік болмай, қоғамда теңдік болмас

Жаңа дәуір, жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Қоғамдық қатынастар демократияланып, еркіндік пен теңдік, ашықтық салтанат құрған кезең. Соңғы уақытта «теңдік» сөзі көп айтылып жүр. Ата заңымызда да еліміздің әрбір азаматы жасына, жынысына, ұлтына қарамастан тең құқылы екені жазылған. Ал отбасындағы ер мен әйелдің теңдігі қалай көрініс тауып жатыр?

Әлем елдері әйелдің қоғамдағы белсенділігін арттыру жолында көптеген заң қабылдап, түрлі бастамалар көтеріп келеді. Нәзік жандылардың білім алуы, жұмыс істеп, ел өміріне араласуы, көзқарасын ашық білдіріп, қоғамның белді мүшесіне айналуы әр салада жетістіктерге жетелеуде.

Қазақ қай заманда да әйелді отбасының ұйытқысы санап, берекесі деп білген. Себебі ұлтты тәрбиелейтін осы қыз-келіншектеріміз. Бірақ олардың ішкі қажеттіліктері мен жан дүниесінің қалауына ер азаматтарымыз қарсы келіп жатады. «Әйелдің орны ошақ қасы» деген сынды рухани кедергілер әлі де бар. Отбасындағы теңдік бірінші сол әулеттегі әйелге көрсетілетін құрмет, сыйластықтан басталуы тиіс. Өкінішке қарай, көптеген отбасында әйелдің ішкі дүниесіндегі қажеттілікпен, көзқарасымен, ойымен санаспайды. Ер азаматтар тарапынан психологиялық зәбір көретін келіншектердің саны да баршылық. Тіпті кейбір отбасыларда әйелін тек туыс-туғанымен ғана араластыратын жағдайлар кездеседі. Ойын айтуға тиым салып, орнын көрсетумен келе жатқан азаматтар да, өкінішке қарай бар.

Одан кейінгі ең өзекті мәселе, ер азаматтарымыздың тапқан табысын әйелінің қолына ұстатпауы. Бұл да отбасындағы түрлі ұрыс-керістің негізгі себебі. Әйелді кемсітудің бір түрі. Ақша кімде болса, билік те соның қолында деген шала қағиданы ұстанатын ер азаматтар бар. Соның салдарынан ажырасып жатқан жастар да жетерлік. Ғасырлар бойы үйдің асыраушысы – ер адам, ал ерінің тауып әкелгенін ұқсатып, іске асырушы, жаратушы – әйел адам деген түсінік қалыптасты. «Ер адам – түздікі, әйел адам – үйдікі» деген сөз соның айғағы.

Ене мен келін арасындағы байланыс та маңызды. Қыз-келіншектер енелері тарапынан да қолдау көрмей жатады.Ұлттық танымымызда ене мен келін арасындағы сыйластық ерекше орын алады. Күнделікті тұрмыста, бала тәрбиесінде қыз-келіншектерге енелерінің бағыт-бағдары керек-ақ. Ер азаматты ғана емес, келіннің де мәртебесін арттырып, қолдауын көбейтсе әйелдеріміздің көңілі тыныш, еңбегі жемісті болар еді.

Отбасындағы теңдіктің тағы бір алғышарты жылы сөз айту. Әйелдің беделін көтеру. Жанұяда анасына айтылған жылы сөз, мақтау-мадақтауды көріп өскен баланың да мінезі ашық, жайдары болады. Ұл бала болашақта әйелін сыйлауды, құрметтеуді  үйренсе, қыз бала бойына сенімділік, сұлулық, ізгілік сынды асыл қасиеттерді жинайды. Жақсы сөз жан семіртеді дейміз. Әйелдерімізге, аналарымызға айтылған әрбір жақсы сөз олардың көңілін асқақтатып, ісін өнімді етеді, ырысын кеңейтеді, мейірімін оятады. Мұндай аналарымыз ұрпағына да ұлағатты тәрбие береді. Ал күні бойы күйеуінен зәбір көрген келіншек бірінші кезекте өкпесін өсіп келе жатқан баладан алады. Көңілі жамау әйел үйдегі баласын ұрып-соғып, санасын улайды. Сондықтан үйдегі тыныштық, береке де ер азаматтың әйелге құрметінен басталады.

Отбасындағы теңдіктің келесі мысалы әке мен ананың бала тәрбиесіндегі орны. Ана құрсағынан басталған тәрбие әкенің өнегесімен жалғасуы тиіс. Баланың бойындағы өр мінезділік, өжеттілік, мәрттік сынды қасиеттер әкеден жұғады. Тірлікпен түзде жүрген еркектер мұны естен шығарып жатады. Баласы бір нәрсе бүлдіріп, теріс қылық көрсетсе анасына «Балаңа қарамайсың ба», «Cенің тәрбиең», «Қайда қарап жүрсің» деп дауыс көтеретін жағдайларды құлағымыз жиі шалады. Бұл әйелдің мойнына үлкен жауапкершілік арту. Себебі ұрпақ тәрбиесіне ана мен әке бірдей атсалысуы тиіс. Қанша дегенмен әкенің мысы, жолы деген бар. Қазақ «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп те сол себепті айтса керек.  

Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық. Мыңдаған қыздарымыз күнде зомбылық құрбаны болып жатыр. Біріккен ұлттар ұйымының 2017 жылғы мәліметтері бойынша әлемдегі әр үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Әйелдің табиғаты әлсіз. Түк істемеді дегеннің өзінде ер адам жай ғана қол жұмсай алады. Ал ол әйелдің жанын жаралап, еңсесін басатынын ескермейміз. Өмірге көзқарасын өзгертіп, арманынан айырады. Қыздарымыздың ішкі жан дүниесі алай-дүлей болып, өмірге ұмтылысы, махаббаты, сезімі өшеді. Бұл да әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орнын төмендету.

Бүгінгі күні заң, құқық тарапынан ер мен әйелдің арасында теңдік бар. Ол тұрғыда түрлі дүние жасалып та жатыр. Қыз-келіншектеріміздің  сұрайтын теңдігі - ішкі, рухани, жан дүниенің теңдігі, ер азаматтардың әр істе «сенің қолыңнан келеді» деп қолдау көрсетуі. Өкінішке қарай, әйелдеріміз сол қолдауға зәру. Ерлердің санасы өзгеріп, қыз-келіншектерге танытар мәдениеті өссе әйел тау қопаруға дайын. Жұмысына да, отбасының шаруасына да, бала тәрбиесіне де қыз келіншектер үлгереді. «Әйел қырық жанды» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Отбасын сақтауға келген кезде де осы әйелдердің төзімділігі, көнбістігі, шыдамдылығы жеңіп жатады.

Ықылым заманнан хан да, қара да, ел ағалары мен билік басындағы азаматтар әйелдің даналығына, ақылына жүгінген емес пе?! Оған тарих куә. Мысалы, зерттеушілер «Әбілқайырдың әйелі Бопай ханша болмаса, Ұлы даланың тарихындағы ханның рөлі басқа болуы мүмкін» деген пікірді талай ортаға салды. Бопай ханшаның ақылы мен пайым парасаты, ықпалы өз заманында елді түрлі нәубеттен алып қалған. Алысқа бармай-ақ Абайдай алыпқа тәрбие берген Зере ананың сол қоғамдағы орны қандай еді? Әйелдің ақылы, мейірімі, санасы бәріне де жетеді.

Зерттеулер қыз келіншектердің бәсекеге қабілетті, жұмысына тиянақты, үнемі ізденіс үстінде жүретінін дәлелдеген. Әсіресе, нәзік жандылардың жаңалыққа құмарлығы кәсіпкерліктің түрлі саласында оң нәтиже беріп отыр. Соның арқасында елімізде бизнестегі әйелдер үлесі 50%-дан асты. Мекеме басшылары, жергілікті билік органдары қыздарымыздың еңбекке ұмтылысын баспай, кез келген сұрағына қолдау танытса қоғамда да өзгеріс болар еді. Себебі көп аналарымыз, әйелдеріміз жұмыс тарапынан, әлеуметтік мәселелері бойынша билік өкілдерінен жауап ала алмай жатады. Оларға әлсіз топ өкілі ретінде қарауды қойып, сұрақтарының жауабын табуға көмектессе әйелдің де қоғамдағы мәртебесі артып, беделі көтеріледі.

Психологтар, ер адамдарға қарағанда әйелдер жаңалыққа бейім, кез келген жағдайда мәмілеге келуге дайын екендігін айтады. Азаматтарға қарағанда әйелдер сұхбаттасуға жақын тұрады. Осы қасиет арқылы биліктегі аруларымыз биік жетістіктерге жетіп жүр. Парламентте әйелдер үлесінің көп болуы ана мен бала, отбасы мәселелері бойынша дұрыс шешімдер қабылдауға ықпал етіп келеді.

Отбасындағы берекенің орнауы, рухани теңдіктің көрініс табуы әйел мен ер азаматтың ғана емес, ұрпақтың тәрбиесіне де оң әсер етеді. «Бір жылын ойлаған ел бидай, он жылын ойлаған ел жеміс ағашын, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген халық даналығы бар. Ал ізгілік отбасынан басталады. Жанұядағы мейірім, шаттық, жылылықты бойына сіңірген баланың болашағы жарқын, еліне берері мол болмақ. Ғабит Мүсірепов айтқандай «Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тезірек еселеп қайтаруға тырысады». Әйелге көрсетілген қолдау, күллі қоғамды өзгертуге септігін тигізері хақ.

 

Қаракөз Сүлейменова,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық

саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі,

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері