Қоғам • 09 Желтоқсан, 2019

Б. Сағынтаев: Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша патрульдеуді күшейту жұмыстары нақты нәтижелер көрсетуде. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Б. Сағынтаев: Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет

Бүгін Алматы әкімдігінің аппараттық жиынында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді шаралар мәселелері қаралды. Бұрындары, ағымдағы жылдың 29 шілдесінде қала әкімі Б. Сағынтаев полиция департаментіне криминогенді жағдайға сараптама жүргізуді, барынша күрделі учаскелерді анықтауды, патрульдеуді күшейтуді және полицияның мобильді пункттерін құруды тапсырған еді.

Алматының полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев қоғамдық тәртіпті сақтау үшін тәулік сайын полицияның 1650 қызметкері 550 бағыт бойынша патрульдеу жүргізетінін баяндады. Барынша криминогенді 32 учаскеде патрульдеу қызметкерлерінің саны 350 адамға дейін көбейді. Бұл мұнда қылмысты 17,4 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Аталған учаскелерде қылмысты «ізін суытпай» ашу 11,8 пайызға артты.

Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша ашылған полицияның 23 мобильді пунктіне қазірдің өзінде 2,5 мың адам жүгінген, бұларға құқықтықтан өзге заңнамалық көмек те көрсетілген. Мұндай пункттердің саны 32-ге дейін жететін болады әрі олар адамдар көп жиналатын жерлерге орнатылады.

Жалпы, криминогенді учаскелерде патрульдеуді күшейту және полицияның мобильді пункттерін құру қала бойынша қылмыс деңгейін 11%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

«Тәртіп бұзудың белсенді түрде алдын алудың құрамына бағыттарды түзету және қылмыс жасалған жердегі немесе өзге учаскедегі қылмыстың деңгейіне сай патрульдеуді күшейту сынды кешенді шаралар енген. Қауіпсіздік басым бағыттардың бірі болғандықтан алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жұмыстар одан әрі жалғасатын болады», деп атап өтті Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.