Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2019

Атырау облысында ауылшаруашылығы мақсатындағы су тапшылығы мәселесі шешімін табады

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысында ауылшаруашылығы мақсатындағы су тапшылығы мәселесі шешімін табады

Өңірдегі ауылшарушалығы мақсатындағы су жетіспеушілігі мәселесі –  Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың 2019 жылдың 30 қараша күні өңір кәсіпкерлерімен кездесуі барысында көтерілген болатын. Жиын барысында аймақ басшысы облыс аумағындағы 15 каналдың 14-і республикалық баланстан облыс теңгеріміне берілгенін мәлімдеген еді. 

Бүгінде облыс аумағындағы су жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу  жұмыстары  қарқынды жүргізілуде.

Мәселен, облыс орталығына қарасты «Соколок» каналы  бойында – Қайыршықты ауылдық округінің  25 шаруа қожалығы орналасқан. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінде аталған каналдың арнасын ашу және канал бойында су реттегіш шлюз құрылыстарын жүргізу сияқты жұмыстар жасалуда.

Сондай-ақ  Индер ауданындағы «Ақсай», «Бағырлай», «Құрайлы-сай» каналдары да жөндеуден өтпек.  Бюджеттен аталған жұмыстарды жүргізу мақсатына 56 млн теңге қарастырылған.  Мұндай жұмыстар Құрманғазы ауданындағы «Кобяково-Забурунь» каналына да жүргізіледі.

Ең ауқымды жұмыстар Махамбет ауданында. Өйткені, каналдардың тең жартысы осы аудан аумағында орналасқан. Ағымдағы жылы мұнда «Сары-Өзек» пен «Алға-Егіз» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Ал, қалған  «7 ауыл-Айсары», «Бақсай», «Құрсай», «Есбол-Қозыбай», «Сборный»  каналдарына жөндеу жұмыстары үшін жобалау жұмыстары қолға алынып жатыр.