Әдебиет • 10 Желтоқсан, 2019

Жазушылар одағының мерейлі белесі

727 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл Алаштың арыстары іргетасын қалап, бүгінде бүтін қазақ әдебиетінің қарашаңырағына айналған қазақ қаламгерлерінің киелі ордасы – Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына және «Қазақ әдебиеті» газетінің жарық көргеніне 85 жыл толып отыр. Осыған орай Алматы төрінде ұлт әдебиетінің кәусар бұлағына баланған іргелі ұйымның өткені мен бүгіні сараланған мерейтойлық пленум өтті.

Жазушылар одағының мерейлі белесі

Ұлт тарихынан ойып тұрып орын алатын тарихи оқиғалар мен қилы замандардың боямасыз көрінісін қаз-қалпында кейіптеген сөз суреткерлері тұтас дәуір жүгін арқалады десек артық болмас. Қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс, зұлмат кезеңдерде қаламын қару еткен қаламгерлер ел рухын асқақтатуға елеулі үлес қосты. Әдебиеттің алтын дәуі­рін қалыптастырған кешегі ұлы­ла­рымыздың ізі қалған іргелі ұжым­ның бәсі қай кезде де биік тұратыны сондықтан болар. Қа­зақтың үш бәйтерегі – Сәкен Сей­фуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығын арқау еткен мере­келік басқосуға Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Ал­маты қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ ұлт әдебиеті мен мәдениетінің қаймағына баланған зиялы қауым өкілдері мен алыс-жақын шетелдерден келген әдебиет майталмандары қатысты.

Әр кезеңнің, әр дәуірдің бас­талуы мемлекеттің ақын-жа­з­у­шыларына үлкен жауапкершілік жүктейтінін алға тартқан Қазақстан Жазушылар одағының Бас­қарма төрағасы Ұлықбек Ес­дәулет мерейлі басқосудың тіз­гінін ұстап, аталған ұйымның осы жылдар аралығында жеткен же­тістіктерін жіпке тізді.

Айтулы шараның шымыл-
дығын ашқан Мемлекет­тік хатшы Қырымбек Көшербаев Алаш арманымен астасып жатқан Жазушылар одағының жыл өткен сайын ырысы молайып, өрісі кеңейіп келе жатқанын айтып, Одақ пен айтулы басылымның тарихындағы қадау-қадау ай­шықты сәттерге тоқталып өтті.

– Бүгін ұлт руханиятының, қазақ сөз өнерінің мерейлі беле­сіне арналған мазмұнды әрі мәр­тебелі кеште бас қосып отырмыз. Ұлтқа ұран тасталған кезде алдымен үн қосып, өнегелі істі өрге сүйреп іліп әкету қалам ұстаған қайраткерлер қалыптастырған игі дәстүр. Сондықтан қазақ елі қашанда жазушылар қауымын жанына сүйеу, рухына тіреу санайды. Ежелден сөз өнерін кие тұт­қан, асыл сөзді ардың ісі са­наған халқымыз өткен ғасыр ба­сында бір тілекке ұйысқан ақын-жазушыларға дәл осылай үміт артқан болатын. 85 жылдық тари­хында сөз зергерлері сол үміт­ті халық қамы мен ел сені­мі­­нің темірқазығына айналдыра білді.

Қазақстан Жазушылар ода­ғының ғасырға жуық тарихын тарата зерделейтін болсақ, одан қазақтың қилы кезеңдерімен тұтас жатқан жүздеген томға жүк болатын қызығынан қасіреті басым тауқыметті тағдырлардың шежіресін көреміз. Оның бір­сы­пырасы жазылып та жүр. Ал қалтарыста жатқаны одан әлде­қайда мол. Жазушылар одағы алғаш 1925 жылға дейін Қазақ Пролетарлық жазушылар ассоциациясы деп аталғанын, ұйымның басында Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин тұрғанын біле­сіздер. Кейін 1934 жылы бұл ұйым Қазақстан Жазушылар ода­ғы деп қайта құрылып, тұңғыш төрағалығына Ілияс Жансүгіров сайланды. Дәл сол жылдың оныншы қаңтарында бүгінде қазақ сөз өнерінің көркемдік кеңістігіне айналған «Қазақ әдебиеті» газеті жарыққа шықты. Оның алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов бол­ғанымен, идеялық жетекшілері Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер еді. Газеттің алғашқы бетінде «Қа­зақ әдебиеті ұлт мәдениетін көте­руде үлкен орын алсын» деген ті­лек­тің жазылуының өзі көп нәрсе­ні аңғартады. Бұдан ұлт тарихын­дағы қос бірдей құбылыстың қазақтың үш бәйтерегі аталып кеткен алып тұлғалармен тұта­са байланысып жатқанын көре­міз. Сипаты мүлде бөлек осы заманда қазақ әдебиетін әлем­дік әдебиетке кіріктіру, оны жаһандағы мәртебелі межеге жеткізу жолында талмай қыз­мет атқаруларыңыз керек. Алда­ғы уақытта қаламгерлеріміз қа­сиетті қазақ халқының арман-мұра­тын, талайлы тағдырын арқау еткен әлемдік деңгейдегі үздік шы­ғар­маларымен қуанта беретініне сенімдіміз, – деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев. Сондай-ақ Қырымбек Елеуұлы аталған ұжымның қоғамдық ұйым екеніне қарамастан, ерекше мәртебесін ескере отырып, Мемлекет басшысының Жазушылар одағын бюджеттен қаржыландыру мәселесін оңтайлы шешуді Үкіметке тапсырғанын сүйіншілеп жеткізді.

Жазушылар одағының қат­парлы тарихы Алматымен тұс­тасып жатқанын тілге тиек еткен Бақытжан Сағынтаев 85 жыл бұрын бой көтерген одақтың бір­неше буыны Алматыда қалып­тасып, осында табысты еңбек еткенін айтты. Шаһар басшы­сының сөзінше, қазір Алматыда Жазушылар одағының 360 мүшесі тұрады. Оларды жан-жақты қолдау әрдайым басты назарда. Осы тұрғыда биыл жүзге жуық қаламгерге қала әкімінің гранты табысталғанын айта кеткен ләзім.

Еліміздің әр аймағынан және алыс-жақын шетелдерден белгілі қаламгерлер қатысқан іс-шара барысында ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен жарыққа шыққан «Үш бәйтерек» кітабы жұртшылық назарына ұсынылып, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлы, Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Низом Косим, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Данил Салихов, Башқұртстан Жазушылар одағының төрағасы Зәки Әлібаев, Ресей Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Игорь Янин бастаған бірқатар мәртебелі қонақтар жинақтың тұсауын кесті.

Қалың оқырман үшін мерейлі белесті межелеген «Қазақ әде­биеті» газетінің орны бір төбе. Зама­нында Ғабит Мүсірепов, Бейім­бет Майлин, Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов сынды қа­зақ­тың аяулы азаматтары бас ре­дактор болған басылым елдің рухани-мәдени әлеуетінің дамуына зор үлес қосты. Кеш барысында өзіндік стилі, бағыт-бағдары қалыптасқан бірегей басылымның шежірелі тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы да толымды пікірлер айтылды. Айтулы ақын Олжас Сүлейменов, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, академик Мұрат Жұрынов, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов бастаған қонақтар Қа­зақ­стан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» га­зеті­нің тойы тұтас ел­дің мере­кесі екенін ай­тып, ақ­жарма құттық­тауларын жет­кізді.

Олжас Сүлейменов, Әбді­жәміл Нұрпейісов, Мұхтар Шаха­нов, Қабдеш Жұмаділов, Әкім Тарази, Марфуға Айтқожина, Мұх­тар Мағауин, Әнес Сарай, Сопы Сма­таев, Бексұлтан Нұрже­кеұлы, Дулат Исабеков секілді әдебиет саң­­лақ­тарына «Қазақ­станның Құр­метті жазушысы» атағы беріл­ді. Ал Серік Қи­ра­баев, Рәш Мың­бай, Кәдірбек Се­гізбай, Бек­сұл­тан Нұржеке­ұлы, Заида Елғон­диева, Қаназ Мол­дахмет, Жүсіп­бек Қорғасбек секілді қаламгерлер «Алматы қаласының еңбек сіңірген қайраткері» атанды.

Сөз орайы келгенде биыл Пре­зи­денттің тікелей тапсыр­масы­мен Жазушылар одағының ғима­­раты күрделі жөндеуден өтіп жат­қанын, танымал ақын-жазу­­шы­лар мен әлем әдебиеті өкіл­­дерінің қазақ тіліне ауда­рыл­ған кітаптары жарық көріп, ел аума­ғын­дағы кітап­ха­наларға тарату ісі қар­қынды жүзеге асқанын айрықша атай кеткен жөн.

Алғаш шаңырақ көтерген тұста Қазақстан Жазушылар одағының он шақты мүшесі болса, қазіргі уақытта 810 мүшесі бар. Одақ басшысы мерейтой шеңберінде биылғы Жас­тар жылына орай бірқатар жас әде­биетшілердің мүшелікке қабыл­дан­ғанын жеткізді. Олардың қатар­ында Қайсар Қауымбек, Әлі­бек Байбол, Тұрсынбек Башар, Баға­шар Тұрсынбайұлы, Бекзат Сма­дияр, Нұртас Тұрғанбек, Аслан Тілеген, Досхан Жылқыбай, Батыр­хан Сәрсенхан сынды жас қаламгерлер бар.

 

АЛМАТЫ