Қоғам • 10 Желтоқсан, 2019

Көзін тапқанға кәсіп көп

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, Жастар жылында жастардың әлеуетін көтеріп, белсенділігін арттыруды көздеген біршама ізашар іргелі жоба қолға алынды. Ынталы жастарды іскерлікке баулитын ілкімді істердің біразы республикалық «Жас кәсіпкер» жобасының аясында жүзеге асып жатыр.

Көзін тапқанға кәсіп көп

Қашаннан кәсіпкерліктің құлашын кеңге сермеуіне басымдық берілетін елімізде жастардың өз ісін ашуына жол көрсету назардан тыс қалған емес. Биылғы Жастар жылы ая­сын­да қанат жайған «Жас кәсіп­кер» жобасы бастауын бұрынғы «Бастау» жобасынан алады.

Бұл бағыттағы істердің ілгері­леуіне «Атамакен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы сүбелі үлес қо­сып жатыр. Жастарға мол мүм­кіндік тудырған осы жылы 29 жасқа дейінгі қаншама қазақ­стан­дық «Жас кәсіпкер» жобасының арқасында өз ісін тиімді жүргізу, тұтынушылардың сұранысына сай өнімдердің өндірісін жолға қою сияқты кәсіпкерліктің қыр-сы­рына әбден қанықты. Аталған жо­ба аясында еліміз бойынша 20 мың азамат оқу курсынан өтіп, оның 5 мыңы жеке кәсібін ашып үлгерген.

«Атамекен» ҰКП Жап­пай кә­сіп­керлік және микроқаржы­лан­дыру департаменті дирек­торының орынбасары Әсет Сәдуақасов «Жас кәсіпкер» жо­басы аясында жастардың идеяларын жетілдіруге және оны жүзеге асыру үшін қолдау көрсетіліп, гранттар да бөлінгенін айтты.

– Микробизнес ашқан жас­тар­дың көбі – кеше ғана екі қолға бір күрек іздеп жүрген жұмыссыз жастар. Бүгінде олар жеке кәсі­бін іске қосу үшін алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Кей­бір бизнес ойлары шикі болып жа­тады. Олардың тиімсіздігі оқу ба­рысында анықталады. Кү­мән ту­дырған жобаларға марке­тинг­тік зерттеулер жүргізіледі. Са­рап­­тамалардың денін қатысу­­шы­лардың өздері жасайды. Идея­лары сынақтардан мүдірмей өтсе, авторы өз жобасын жүзе­ге асыруға кіріседі. Бастысы – жас­тар­дың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкерші­лігін арттыру. Осы мақсатта ел дең­гейін­де бірқатар жоба кешенді түрде қолға алынып келеді. Мұн­дай игі бастамалардың бірі «JasА» деп аталады. Ол жастардың өз ортасында, яғни тұрғылықты қала­сы мен елді мекенін көркейтуге арналған жаңашыл көзқарасы мен тың ойларын жүзеге асыруға бағытталған, – деді ол.

Расында, Жастар жылы іске қосылған жаңа жобалардың
кө­бі өңірдегі жастардың эконо­ми­калық сауатын күшейтіп, биз­неске айтарлықтай дағды­лануына септігін тигізді. Бұған ел­ді­ ме­кен­дерде кәсібін ашып, нәп­ақасын тауып жүрген біраз жас­тың бастамасы айғақ бола алады. Мысалы, 18 жастағы Арыс қаласының тұрғыны Жанна Ке­мелбекова «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, бизнес-жоспарын сәтті қорғап, грант иегері атанған. Бүгінде автокөлік жабындыларын тігетін шеберханасы бар ісмер қыздың ісі алға басып, ауыл тұрғындарынан көлік жабындыларына сұраныс арта бастапты.

Жоғарыда аталған «JasА» жобасына да ауылды аймақтар мен шағын қалалардағы жас­тар ерекше белсенділік таны­тып, қатысқан екен. Бұл жөнінде «Жұ­мысшы жастар қоғамдастығы» ҚБ «JasА» жобасының бағдар­ла­малық менеджері Арсен Қам­балов айтып берді. Оның айтуын­ша, бұл жоба 14 пен 28 жас аралы­ғындағы жастарды қолдауға ба­ғытталған. Бүгінде аталған жобаның аясында 104 бастама қолға алыныпты. Жо­ба­лар­дың тақырыптық аясы мен мән-маңызы әр алуан болғаны­мен, бас­ты мақсаты – ел игілі­гі үшін жасалып жатқан әлеу­мет­тік бас­тамалар. Мәселен, бірі мүм­кін­дігі шектеулі жандарға арналған спорттық алаң құруды көздесе, енді бірі азаматтар қоғамдық жерлерде ерекше орындықтар мен жарықтандырғыш құрылғылар орнатып жатыр екен.

Жалпы, биыл Жұмысшы жас­тар қоғамдастығы 5 жобаны жүзеге асырған. Оның қатар­ында «Жастар жұмысының акаде­миясы» да бар. Бұл жобаның менед­жері Бейсенәлі Қарабаев Аты­рау облысының Жастар сая­саты жөніндегі басқармасымен бірлесіп, «Жастар жұмысының академиясын» аяққа нық тұрғызу үшін күш салып жатқандарын атап өтті.

– Бұл ортақ бастамамыз шең­берінде үш тренинг пен бір конфе­ренция өткізу жоспарланды. Қазіргі таңда біз жоспарлаған барлық үш тренингті де ұйым­дас­тырдық. Онда біз еңбекке жарамды жұмысшы жастарды қамтуға тырыстық. Мұндай жоба басқа еш жерде болмағанын ерекше атап өткім келеді. Сарапшылар Жастар жылы Қазақстанда жүзеге асырылған барлық жобалар екі қолға бір күрек таппай жүрген жас азаматтардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қосады деген сенімді пікір ұстанып отыр, – деді Бейсенәлі Қарабаев.

Мәшһүр Жүсіптің «Жігіттікте жаннан кеш те іс қыл: өлсең – өлесің, өлмесең – кісі боласың» деген аталы сөзі бар. Биылғы Жастар жылында жастардың жігерін жанитын, қайрай түсетін бастамалар алдағы уақытта бұдан да зор нәтижесін көрсететіні анық. Өйткені болашағымыз деп білетін талапты жастар білі­гін арттырып, білек сыбана іске кіріссе, біраз белесті бағындыра­мыз.