Қоғам • 10 Желтоқсан, 2019

Жастар сыйлығы тапсырылды

501 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күні кеше ел астанасын­да Қазақстан Республика­сы Үкіметі тағайындаған «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаттарын салтанатты түрде ма­ра­паттау рәсімі өтті.

Жастар сыйлығы тапсырылды

«Дарын» мемлекеттік жас­тар сый­лығы жемісті ғылыми, шы­ғар­­­машылық, спорт­тық же­тіс­тіктеріне орай дарынды жа­с­тар­ды мем­лекеттік қолдау мақса­тын­да 1992 жылдан бері өткізіліп келеді.

«Әрбір ұлттың, мемлекеттің болашағы, үміті – жастар. Өткен 28 жыл ішінде Қазақстандағы жас­тарға қандай жақсылық, жағ­дай жасалғанын күнделікті өмір­ден, баспасөзден жақсы біле­сіздер. Еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев биыл­ғы жылды «Жастар жылы» деп атауы бекер емес. Биыл­­д­ың өзінде 2 млн-ға жуық жас мем­лекеттің қолдауына ие болып отыр. Жол картасы бойын­ша 500 млрд теңге жастарға шәкірт­­ақы, грант, жатақхана, несие беруге арналды. Мемлекет бас­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы Жас­тар жылын жал­ғас­тыру үшін келер жылды «Ерік­ті­лер жылы» деп атады Премьер-Министрдің орын­басары Бердібек Сапар­баев құттықтау сөзінде.

Талантты жастарға берілетін сыйлық 10 номинация бойынша – әдебиет, ғылым, бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрадалық өнер, халық шығармашылығы сала­сында үздік деп танылған жас­тар­ға тап­сырылды. Осылайша «Қоғам­­дық қызмет» номинация­сы бо­­йынша «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның этноспорт ассо­циация­сы­ның» бас хатшысы Нұрсұлтан Иб­ра­гимов, «Қазақ­стан студенттер Альянсы» Рес­пуб­­л­ика­лық студенттер қозға­лысы» ҚБ пре­зиденті Ілияс Түс­тік­­баев жеңімпаз атанды. «Жур­­налистика» аталымы бойын­ша марапатты бірнеше деректі фильм­дер­дің авторы Мыр­забек Түсіпов, жур­­налис­тер арасындағы респуб­ли­калық бай­қаулардың жүлдегері Айбек Тас­қалиев иеленді. Осы сала бо­йын­ша номинанттарды ма­ра­пат­та­ған Д.Абаев өз сөзін­де: «Бү­гін­гі мара­пат­ иелеріне айтарым, сіз­дерге қарап ел жас­тары бой түзейді. Сондықтан бұл сый­­лықты тек құрмет ретінде ғана емес, әрі үлкен жауапкершілік деп қа­­был­­дауларыңызды сұраймын», деді.

«Ғылым» номинациясы бо­йынша ғалым физиктер Нұрлан Қанат және Ерасыл Ерланұлы ма­ра­­пат­талды. «Театр және кино» аталымының үздігі болып М.Әуезов атындағы Мемлекет­тік акаде­миялық драма театры­ның актері Аян Өтепбер­ген, Қ.Қуаныш­баев атындағы қазақ музыкалық-драма театры­­ның акт­рисасы Алтынгүл Ербол­қызы танылды. «Спорт» номи­на­циясы бойынша Төрт құрлық чем­пионатының күміс жүлдегері, мәнерлеп сырға­нау­дан 2019 жыл­­ғы Қысқы универ­сиа­да­ның күміс жүлдегері Элиза­бет Тұр­сынбаева, Әлем чем­пио­на­ты­ның екі дүркін күміс жүл­дегері, Азия чемпионатының екі дүр­кін күміс жүлдегері, Қазақ­стан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев марапатталды. «Классикалық музыка» бойынша марапат түр­лі музыкалық байқаулардың лау­реат­тары, композиторлар Данара Мұсахан мен Әзімбек Жам­баев­қа табысталды. Сондай-ақ «Ха­лық шығармашылығы» ата­­лы­мы бойынша айтыскер ақын Мейір­бек Сұлтанхан, Ғ.Құр­ман­ғалиев атындағы облыс­тық фи­лар­монияның әртісі, дирижер Жа­рас Сатыбалдиев марапат­тал­ды. «Әдебиет» номина­циясы бо­йын­ша сыйлық өлеңдері шет тіл­­дерге аударылған Жадыра Бай­­бұланова мен ақын Бекзат Сма­­ғұловқа берілді. Ал «Дизайн және бейнелеу өнері» ата­лы­мы бо­йынша, «ЖҮЗБАЙ ДИЗАЙН» ди­­ректоры, Қазақ сән қауым­дас­ты­ғының президенті Ай­жан Жүзбай, мүсінші Мүсі­реп Сы­рым марапатталды. «Эст­ра­да» номинациясының марапа­ты «Славян базары-2019» ха­лық­аралық фестивалінің Гран-при иегері Әділхан Макин мен «Қаза­қ­концерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі Марат Әйтімбайға тапсырылды.