Олардың екеуі Өзбекстанның белді былғары қолғап шеберлері. Мәселен, 28 жастағы Фазлиддин Гаибназаровтың Олимпиада чемпионы деген дардай атағы бар. 64 кило салмақта күш сынасқан ол 2016 жылы Риодағы ойындарда қарсылас шақ келтірген жоқ. Одан бөлек, Ташкент облысы Бекабад қаласының тумасы 2015 жылы Дохадағы әлем чемпионаты мен Бангкоктағы Азия біріншіліктерінде күміс медальді кеудесінде жарқыратты. 2017 жылдың көктемінде кәсіпқой боксқа ауысқан Гаибназаров сол кезден бері сегіз жекпе-жек өткізіп, жетеуінде жеңіске жетті. Төрт бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.
30 жастағы Хуршид Тожибаев 2009 жылғы құрлық біріншілігінде күміс алса, 2010 жылы Гуанжоуда алауы тұтанған Азия ойындарында қола медальға қол жеткізді. 2008 және 2016 жылдары Олимпия ойындарында бақ сынады. Бейжіңде ол екінші кезеңде сүрінсе, Рио-де-Жанейрода ширек финалда сүрінді. Бокс өнерінде бай дәстүрі бар Жизақ өңірінде туып-өскен Тожибаев кәсіпқой рингте үш кездесу өткізіп, үшеуін де өз пайдасына шешті. Екі қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
29 жастағы Нигерия боксшысы Алиу Бамиделе Ласизидің де есімі спорт сүйер қауымға таныс. Оның кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүргеніне төрт жылдан асты. Өз жекпе-жектердің денін Біріккен Араб әмірлігі мен Ганада өткізген «қара маржан» 13 мәрте шаршы алаңға шығып, сол бәсекелердің барлығында мерейі үстем болды. Сегіз қарсыласын Ласизи нокаутқа жіберді.
Естеріңізге сала кетейік, 16 желтоқсанда «MTK Global Kazakhstan» компаниясының мұрындық болуымен Тәуелсіздік күніне орай Алматыда ұйымдастырылып отырған бокс кешінде Виктор Коточигов, Сұлтан Зәуірбек, Ескендір Харсан, Абай Төлеш, Рай Сейітжанов, Елшат Нығметолла, Нұртас Әжбенов, Мирасәлі Сәрсенов және Нұрдос Төлебай сынды жерлестеріміз жарыс көрігін қыздырады. Олар бірқатар шет мемлекеттерден келген белді боксшылармен жұдырықтасады.