Қасиетті Рамазан айында ауызашар беріп, сауап жинауды мұрат еткен жандардың бүгінде қарасы көбейіп келе жатқаны соңғы жылдары анық байқалуда. Сондай жандардың қолдауымен халыққа ауызашар беруді дәстүрге айналдырған «Әзірет Сұлтан» мешіті таяуда Астанадағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, тағы бір сауапты шараға мұрындық болды.
Ауызашарға 400-ге тарта бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге, елге танымал азаматтар да қатысты. Құранмен басталған кеште «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы сөз алып, ауызашардың шымылдығын ашты. «Біздің жасап жатқан жұмыстарымызды, имамдарымыздың уағыздарын еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізетін сіздерсіздер», деп сөзін бастаған Қайрат Жолдыбайұлы бұл дастарқан БАҚ өкілдерінің дін насихаты үшін атқарған жұмыстарына алғыс ретінде жасалып отырғанын айтты. «Қасиетті Рамазан айын жан-жақты насихаттап, халыққа керекті ақпарат беріп отырсыздар. Бұл да дініміздің өркендеуіне үлкен көмек. Алла разылығы үшін деп ақ көңілмен жайылған ақ дастарқанымызға адал ниетпен келіп отырғандарыңызға мың да бір алғыс», – деді Қ. Жолдыбайұлы.
Сондай-ақ, бас имамның айтуынша, «Ауызашарға үлес қос» акциясының арқасында «Әзірет Сұлтан» мешіті күн сайын 400 адамға ауызашар берсе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын мектепке дайындау акциясына да үлес қосатын жандардың табылатынын жеткізді.
Ауызашарда елімізге белгілі әншілер мен термешілер халықты діни әндермен сусындатты. Кеш соңында қонақтарға кәдесый ретінде діни кітаптар үлестірілді.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан».