Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2019

Алматының рухани келбеті ажарлана түсті

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақыттары Алматының рухани келбеті жаңа белеске көтеріліп, қаланың әдеби-мәдени өмірінде тың жаңалықтар орын алып жатқаны қуанышты жағдай. Бұл Елбасы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шаһарда жүйелі жүзеге асып жатқанын танытса керек. 

Алматының рухани келбеті ажарлана түсті

Осы орайда күні кеше ғана Жазушылар одағының мерейлі мерекесі аясында қала басшылығының қолынан «Алматы қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленген белгілі қаламгер Кәдірбек Сегізбайдың мың бояулы мегаполистің рухани өміріндегі елеулі өзгерістер туралы айтқан пікірімен бөлісуді жөн көріп отырмыз. 

–Азаттықтың алтын бесігіне баланған арайлы Алматыдағы оң бетбұрыстар расымен көңіл қуантады. Бұл игі бастамалар әсіресе шаһардың рухани өмірінде көптеп көрініс таба бастады. Бұл Мемлекеттің дұрыс беталыста екенін көрсетеді. Әр мекенді жақсарту, жаңарту ең алдымен әкімге жүктелетін шаруа. Рухани астанамыздың тізгінін қолына алған Бақытжан Сағынтаев өнер мен мәдениетке, әдебиетке үлкен қолдау танытып отыр.

Бүгінгі таңда Алматының, Жібек жолы бойындағы қалалардың  тарихына қатысты  еңбек жазып жатқан жайым бар. Кешегі Жоңғар шапқыншылығы, Маңғол шапқыншылығы кездерінде алматы қандай күйде болды, Алматынының өсу-өркендеуі қай кезеңдерден басталды? Осы туралы бұрынғы ғалымдар мен саяхатшылардың жазған-сызғандарын саралай отырып ізденіп келемін. Алматының рухани түлеуіне үлес қосқан қандай азаматтар өмір сүрді? Олардың өмір жыры, көңіл сыры кейінгі ұрпаққа тиісті дәрежеде жетті ме? Осынау ұмытылмайтын тұлғалардың тізімін топтастырғандай болдық. Қалай айтқанда да бұл Алматының бай тарихынан хабар беруге сәл де болса үлес қосса деген ниетіміз бар, дейді жазушы Кәдірбек Сегізбай.