Мәскеудегі «Известия» (хабар) газетінің 13-май 103-санында мына бір хабар басылды:
«Қазақтың мың әні» деген кітаптың шығарушысы Қазақстанның халық әртісі Затаевич өз мамандығы жөнінен жуырда Ленинградта екі қызық баяндама істеді: бірінде Ленинград университетінің жағрапия факультетінде, енді бірінде мемлекеттік жағрапия қауымы қасындағы халық музыкасын зерттеуші комиссияда. Комиссия бірауыздан Затаевичті өздеріне мүше қылып сайлады. Екі баяндаманың екеуіне де жиналған профессорлар, академия жастары қызықтап тыңдап, құлшына пікір ауысты. Түрік халықтарының жайы-күйіне кәнігі Штернберг, Самойлович, Тан-Богораз, Каганович сықылды профессорлар Затаевичтің мұнан былай да өзге күншығыс халықтарының, солтүстік елдерінің өлең қазынасын зерттеуіне тілеулестігін білдірді. Глазунов деген профессор Затаевичтің жұмысын аса мақтады. Бұл еңбекке артықша үлкен баға беретін – француз ақыны Ромен Роллан. Ол Швецариядан хат жазады. Хатында Затаевичтің еңбегіне сүйсініп былай дейді: «Сахараның сар даласына сәулет берген сұлу сайран әніне сүйсінемін. 1920-1922 жылдардағы елді ашаршылық, дерт кернеп жатқанда мынадай музыка еңбегін жарыққа шығару музыка жүзіндегі ерлік, жан күшінің ұмытылмас өрнегі деп атаймын».
Міне, қажымай еңбек қылған ерге, оның еңбегіне Еуропа білімдандары, өнерпаздары осылай баға беріп отыр. Онымен бірге қазақтың «сары даласына сәулет кіргізген сұлу, сайран әніне» сүйсініп отыр. Еуропалықтар мұны айтып отырса, бүктеулі жатқан асыл қазынасын жинап, әлемге әйгілеп, рух байлығын танытқан Затаевичке қазақ одан да зор баға беруге тиісті.
Баяғыдан бері қазақ кең далада құр қойын құрттап, айранын ұрттап жатқан жоқ екен; оқымаса да, надан да болса, қиял, сезім байлығы бар екен; жүрегінің терең сырын, жанының алуан-алуан құбылған нәзік толғауын ән-күй деген айнасына түсіре білген екен. Енді ол айнаны өнерлі жұрттар көрді, жаман тымақ қазақта да бір шағым қу бар екеніне көздері жетті. Мұны көрсетіп отырған Затаевич адамшылықты, өнерді сүйген таза жүректе біреуді олай, біреуді былай ұстайтын тар мінез болмайды. Адам табысы адам баласына ортақ. Қазақстан Затаевичтерді адал ұлындай көру керек.
Қазақ күнелту жағының мәдениетінен мешеу қалса да, ақыл, қиял, сезім жағына, білім тілімен айтқанда, рух мәдениетіне кенде емес екендігі мынау мың әннен танылып отыр. Қазақстан жерінің астында асыл қазына, кен байлығы мол деп аңыз қылысады. Сондай мол қазына қазақ елінің ішінде де жатыр. Ол не десеңіз: әдебиет, ән-күй. Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алсақ та, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше, өзіміз де бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек.
Бірақ сол асыл қазынасы жинау қолына келе беретін адам қазақтан некен-саяқ табылады. Ерінбей еңбек етуге таудай үміт, табанды қайрат, шамдай мұрат (идея), жалынды жүрек, терең білім керек. Ондай ерлер қолға түсе бермейді. Өнер-білімді елдер жанкешті ерлерінің еңбегімен ел болған. Кешегі сұрапыл октябрьде Американың Джон Рейд дейтін жазушы ерлері от пен оқтың, қауіп пен қатердің ортасында жанын шүперекке түйіп жүріп, мағлұмат жинап, кітап шығарды. Білім іздеп талай оқымыстылар ауыр бейнетке басын байлаған, алыс сапар жол шегіп, құрбан болған. Ел болған елдердің маңдай адамдарының ісі осындай болады. Қазақ елінің оянуы, серпілуі, мәдениетті аңсауы рас болса, еңбек ерлерінің шығуында сөз жоқ. Ендігі біздің айтқалы келе жатқанымыз мынау:
Манағы айтқан асыл қазынаны келешекке қаратып қоя тұрамыз ба, жоқ табуға, дүние жүзіне шығаруға қам қыламыз ба? Қылмаймыз деп ешкім де айтпас, қам істеліп те жатыр дерміз. Әйтсе де тағы бір қозғап өту артық емес. Сол еңбек қылған Затаевичті әлі де Қазақстан керек қылу керек.
Қазақтың мың әні жазылыпты. Жақсы. Қазақта жалаң ән ғана емес, сол шамалы күй де бар. Күй әлі жазылған жоқ. Әннен де күй терең, күй қадірлі. Әннің айта алмағанын күй айтып береді. Музыка жөнінде қазақтың әні ғана жарыққа шығып, күй көмулі қалса, қазақ жүрегінің жарымы көрініп, жарымы қалтарыста қалғанмен бір есеп. Әннен де күй артық, күй қымбат. Әнді кім болса, сол үйрене алады, күйді кім болса, сол тарта, шерте алмайды. Әнді оркестрде тарта беруге болмайды, болса да келте, өңсіз келеді. Күйді аспаппен тартуға қолайлы, сәнді, сәулетті. Қызылордада екі-үш скрипкамен «Азаматқожа» күйін тартқанын естігенде домбырадан әлдеқайда әсерлі, күшті көрінді. Адамды желпіндіріп, желіктіріп, еліктіріп әкетті. Ән олай емес. Әннен де күй кәрі. Күй қартайып, жоғалып барады, азып барады. Күйді күйттейін ел азайып барады. Күйсіз ойын-сауық құруға болмайды. Күйсіз әскер болып, жауға шабуға болмайды. Күйсіз қазақ музыкасының ажар-көркі кірмейді, күйі келмейді. Олай болса, Қазақстан оқу комиссариаты күйді тасқа бастыруға салақсымай қам қылу керек.
Мен екі жоба ұсынам. Бірі, күйді жаздыруға Затаевич сықылды адамды алдырып, фонограф аспабымен елге шығару керек. Енді бірі, әз елдегі атақты күйшілерді ордаға алдырып, жазып алу керек. Қай оңайын, арзанға түсетінін істеу тиіс. Қай елде қандай күйші бар екенін сұрастырып, газетке жазып білуге болады. Мысал үшін, мен бір-екі күйшіні атаймын. Семей Бұқтырма үйезі, Күршім-Алтай болысы, 5-ауылда Рысбай Талысбайұлы; Өскемен үйезі, Ұлан болысы 4-ауылда соқыр ақын әрі күйші Әубәкір дейтін жігіт. Соңғының жатқа білмейтін қиссасы кем. Құранды жатқа білетін қари болса керек. Күршім-Алтайдың 2-ауылында Шайқы Құсайынұлы деген күйші бар.
Бұларды өз құлағыммен естігенім жоқ, сырттан сұрастырғанда елдің ауыз суы құритын күйшілер.
Жер-жердегі үйездік, гүбірнелік қалаларға алдырып, жергілікті сыншылардың сынынан өткен күйшілерді Қызылордаға шақырып, 5-10 күйшінің білгенін қағазға түсірсе де бірталай нәрсе жиналар ма еді, қайтер еді.
Оқу комиссариаты пікірін білдіруін тілейміз.
Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫ,
Орынбор