Жетісу жерінде дәстүрге айналған игіліктің бірі – аудандардың мәдениет күндерін өткізу. Бұл шара соңғы жылдары жүйеленіп, үш-төрт ауданның мәдениетке қатысы бар өкілдерінің басын сол аудан тұрғындарына ыңғайлы өңірлерде қосып өткізілуде.
Бұл күні мәдениет күндерін өткізген Қарасай, Жамбыл, Талғар аудандарының ақын-жазушыларымен өткен жарқын жүздесуді Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапханасының бас директоры Мақпал Нұрғалиева қорытындылап, әр ауданның кітапхана басшылары ақын-жазушыларына өзіндік сый-сияпатын тарту етті.
Үш алаңға бөлініп қаздай тізілген сансыз шатырларда үш ауданның мәдениеті мен өнерінен сыр берер, өзіндік ерекшеліктерін танытар, халқының береке-бірлігін паш етер көрмелерді аралаған көпшілік сол көрмелердің бір-бір қанатын ала орналасқан ұлттық-мәдени орталықтардың ән-биін тамашалады. Көршілес, тамырлас, тағдырлас аудандар тұрғындарының бірімен-бірінің танысып-білісуі, ағайындай араласуы, үлгі аларлық үрдіспен үн қатысуы деген осындай-ақ болар. Жақсы істерін жария етісіп, бір-бірінің қол жеткізген жетістіктеріне куә болысқан жұрттың ішінде әріптестік байланыс орнатуға ниеттенгендер де, ұлттық қолөнер шеберлерінің қайталанбас бірегей бұйымдарын сыйкәде ретінде сатып алып жатқандары да көп болды. Түрік, ұйғыр, славян, корей, чешен, өзбек, дүнген, күрд сияқты ұлттардың дәстүр-салтымен мерекеге айшықты атсалысуы мәдениет күнінің мән-маңызын аша түсті. Қарасай, Жамбыл, Талғар аудандарының экономикалық әлеуетін байқататын кәсіпкерлік саласына да көрмеден орын берілген. Осы шараның аясында белгілі ақын, журналист-жазушы, «Егемен Қазақстан» газеті Алматы бөлімшесінің жетекшісі Қорғанбек Аманжолдың «Алапа» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Көне түркілік ұғымда ырыс, бақ, дәулет деген мағынаға ие «Алапа» атты жинақпен жұртшылықты танымал ақын, журналист Мұса Жанәділов таныстырды. Содан соң биыл 60 жылдық мерейін атап өтпекші Қорғанбек ақынның қанаттас інілері авторға зор тебіреністі тілектерін жеткізіп, арнау өлеңдерін оқыды. Кездесуге қатысушылар алдында кітабының тұсаукесерін өткізген мерей иесі, ақын Қорғанбек Аманжол сөз сөйлеп, көпшілікке зор ілтипатын білдіріп, алғысын айтты.
Дәстүрлі шара аудандар көркемөнерпаздарының мәдениет күніне арнайы әзірлеген концерттік бағдарламаларымен түйінделді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.