Спорт • 11 Желтоқсан, 2019

Теннис: Испаниядан олжалы оралдық

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Испанияның Манакор қаласындағы Рафаэль Надальдің теннис академиясында өткен «Ten-Pro Global Junior Tour» деп аталатын турнирде алматылық Сара Хамитова күміс медальді иеленді.

Теннис: Испаниядан олжалы оралдық

Жерорта теңізіндегі Мальорка аралында орналасқан Манакор қаласы – әлемнің бірінші ракеткасы Рафаэль Надальдің кіндік қаны тамған өлке. Сол жерде ол теннистің әліппесін үйреніп, үлкен спорттағы алғашқы қадамдарын жасады. Уақыт оза Надаль өз дәуірінің теңдессіз ойыншыларының біріне айналды.

Өз карьерасында Пиреней түбегінің түлегі «»Ролан Гаррос» турнирін 12 мәрте ұтып, «грунт патшасы» деген атаққа ие болды. Бұл – рекордтық көрсеткіш! Одан бөлек, АҚШ-тың ашық біріншілігінде төрт рет топ жарып, екі рет «Уимблдонда» дара шықты. 2009 жылы Австралияның ашық біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеді. Барлығы «Үлкен дуылға» додаларында Рафаэль 19 мәрте жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, ол көптеген басқа да аса ірі халықаралық турнирлерде сан мәрте бас жүлдені олжалағанын да жанкүйерлер жақсы біледі.  

Осындай даңқы жер жарған теннисшінің академиясында өткен дүбірлі додада әлемнің 51 мемлекетінен келген 247 ойыншы бақ сынады. Солардың арасынан алматылық теннисші Сара Хамитова асқан шеберлігімен көзге түсіп, барша жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Небір шеберлерді жолынан ығыстырған жерлесіміз 2009 жылы туған қыздар арасындағы сайыста күміс медальді олжалады. Финалда Сара Қазақстанның тағы бір дарынды теннисшісі, Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Томирис Нұржанға есе жіберді.  

Сара Хамитованың осындай толағай табысқа жетуіне Қазақстан теннис федерациясынан бөлек, Алматы қалалық спорт басқармасы және Алматы қаласы теннис федерациясының қосқан үлесі өте зор. Олар Сара секілді осы спорт түрін серік еткен көптеген дарынды жастардың еш алаңсыз жатығуына барынша жағдай жасап, үнемі қолдау көрсетуде.

Елбасының сындарлы саясатының арқасында қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басқа да салаларда секілді спортта да осылайша айқын көрніс табуда.