Осындай тақырыппен Қызылағаштағы қайғылы оқиғаға байланысты телекөпір ұйымдастырылды
Үстіміздегі жылдың 12 наурызына қараған түн барша отандастарымыздың қабырғасын қайыстырып, көңілдеріне ауыр дақ салған күн ретінде есте қалды. Сол түні Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылының жоғары тұсында орналасқан су қоймаларының бірінде нөсер жаңбыр мен қардың күрт еруінен жиналған 40 млн. текше метрден астам су бөгетті бұзып, бүтіндей елді мекенді топан судың астында қалдырды. Осының салдарынан су қоймасынан құлаған тасқын жолындағы тұрған үйлерді шайып, 40-тан астам адамды ажал құштырды. Қайғылы оқиғадан қаза тапқандар саны әлі де нақтылануда. Қазір апат орын алған жерде облыс басшылығы мен осыған байланысты құрылған арнайы топ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасына орай барлық күш-жігерлерін жұмылдырып, зардап шеккендерге көмек көрсету, ауылды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
20 наурыз күні кешкі сағат 18.00 мен 20.00 арасында республикалық “Хабар” агенттігі мен “Қазақстан” ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен Қызылағаш тұрғындарын қолдауға арналған тікелей телекөпір жүргізілді. Елбасының тапсырмасымен осынау оқиғадан зардап шеккен азаматтарға қолұшын беріп, ауылды қалпына келтіру мақсатында құрылған арнайы топтың мүшелері – Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайынов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов пен басқа да азаматтар қатысқан телекөпір барысында Қызылағаштағы апаттың себеп-салдары, елді мекенді қалпына келтіруде істелініп жатқан жұмыстар мен Шығыс Қазақстан облысының кейбір жерлеріне төніп тұрған қауіптің бетін қайтару сияқты мәселелер бойынша жан-жақты мәліметтер келтірілді. “Елдік – елге серт” атты тақырыпта ұйымдастырылған телекөпірді “Хабар” агенттігінің белгілі журналисі Берік Уәли мен “Қазақстан” ұлттық телеарнасының шолушысы Сәуле Жұмабек жүргізіп, хабарға қатысқан азаматтарға осынау оқиғаға байланысты сұрақтар қойып, қос телеарнаның меншікті тілшілері арқылы еліміздің барлық өңірлерінде апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мәселесінің қандай деңгейде ұйымдастырылып жатқаны туралы мәліметтермен таныстырып отырды. Телекөпірде алдымен Қызылағаштағы оқиғаның себеп-салдары туралы шағын бейнекөрініс ұсынылды. Осыдан кейін апатқа байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр, Үкімет мүшелері, Бас прокурор, Президент Әкімшілігінің Басшысының қатысуымен өткізген жиыннан үзінді көрсетіліп, онда Елбасының зардап шеккен азаматтарды ақшалай, киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз ету, бұзылған үйлерді қайта тұрғызу немесе жаңа баспаналар салу жөнінде берген тапсырмасы туралы сюжет берілді. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының қаза тапқан азаматтардың отбасыларын, зардап шеккен ауыл тұрғындарын “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша дайындалған 80-ге тарта пәтермен, басқа да тұрғын үйлер салу үшін ақшалай қаражатпен қамтамасыз ету керектігі және еліміздегі жеке меншік қолына өткен су қоймаларын мемлекетке қайтару туралы берген тапсырмасына ерекше назар аударылды. Одан кейін телекөпірге Қызылағаш ауылынан Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров пен ауыл тұрғындары қосылып, оқиғаның мән-жайы, апаттың орнын толтыру үшін іс-шаралар жөніндегі ойлармен бөлісті.
Облыс басшысы оқиғаға қатысты білдірген пікірінде қазір елді мекенде 47 компанияның құрылысқа білек сыбана кірісіп, 458 үйді қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатқанын, ауылға 1788 адамның қайта оралғанын, олардың жұмысқа тартылып отырғанын айтып, осы жұмыстардың бәрі Елбасының тапсырмасына сәйкес үш-төрт айдың көлемінде бітетінінен хабардар етті. Осы жерде елімізге Қытайдан көшіп келгеніне жеті жыл болған Нұрсұлтан Жұмадияр атты азамат телекөпір арқылы Президентке, барлық отандастарымызға Қызылағашты қалпына келтіруде қолұшын созып, материалдық көмек беріп жатқандарына алғыс сезімін білдіріп, Астана студиясында отырған Ауыл шаруашылығы вице-министріне қырылған малдың төлемі бола ма деген сұрағын қойды. Бұған жауап ретінде Марат Оразаев қазіргі таңда шығын болған малдың орнын толтыру үшін азаматтарға шағын несиелендіру бағдарламасы бойынша екі жылға несие беру мәселесі қарастырылып жатқандығын айтты.
Осы арада телекөпірге шығып сұрақ қойған қандасымызды толғандырып жүрген тағы бір мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова да өз пікірін білдіре кетті. Мұнда ведомство басшысы елге оралған қандастарымызға көмектің барлығы жасалатынын, қазір Қызылағашта шетелден көшіп келген 575 адамның тұратынын, олардың 435-і квотамен келген бауырларымыз екенін көлденең тартты. Осы орайда бұлардың бәріне төлемдер берілетінін ескерткен министр жалпы апаттан зардап шеккен азаматтардың бәріне 120 мың теңге көлемінде ақшалай көмектің берілетінін, ал қайтыс болғандардың отбасына 500 мың теңге, сондай-ақ зейнетақы туралы заң бойынша республикалық бюджеттен бұлардан да басқа көмектің қарастырылатынын жеткізді. Одан әрі “Елдік – елге серт” телекөпіріне қатысушылар – Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Қызылағаш ауылынан тікелей көрсетілімге шыққан оның орынбасары Валерий Петров, Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайынов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев, Парламент Сенатының депутаты Болат Жылқышиев, Президенттік Мәдениет орталығының жетекшісі Мырзатай Жолдасбеков, “Нұр Отан” ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин сөз сөйлеп, өз ведомстволары тараптарынан атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде кеңірек мәлімет бере кетті.
Телекөпірдің келесі бір бөлігі республика өңірлерінің Қызылағаштағы оқиғадан зардап шеккендерге көрсетіп жатқан көмектеріне арналды. Осыған байланысты меншікті тілшілердің арнайы берген хабарларында 8 жастағы бала мен 80-ге келген Әзілхан Нұршайықов секілді халық жазушысы мен басқа да зейнеткерлердің апаттан қайтыс болғандардың отбасына және зардап шеккен өзге де азаматтарға үлкен жүректерімен көрсетіп жатқан көмектері жан-жақты суреттеліп, бейнеленді.
Дастан КЕНЖАЛИН.