Ұлы сазгер 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысының (Ұзынағаш ауылының бас жағындағы жайлауда) Шилікемер ауылында дүниеге келген. Топырақ бұйырған жері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылындағы Жамбыл кесенісінің іргесі (1998ж.). Нұрғиса Тілендиев – қазақтың музыкалық мәдениетінде өшпес із қалдырған дара тұлға. Ол – қазақ топырағындағы ежелгі Қорқыт, Асанқайғы, Кетбұға, бертіндегі Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Тәттімбет, Байсерке, Дина секілді ұлы композиторлар, сазгерлер мен сал-серілердің музыкалық дәстүрін өткен ғасырда (ХХ ғ.) тамаша дамытып, өз үлесін кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра ретінде қалдырған айрықша талант иесі» делінген музей тарихындағы деректерде.
КСРО-ның және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің мемориалдық музейі Алматы қаласы әкімнің арнайы қаулысымен 2014 жылдың 16 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай ашылды.
Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейінде жасақталған экспозициялар төрт бөлмеге орналастырылған. Кіреберіс, қонақ бөлме, жұмыс бөлмесі, ас үй және демалыс бөлмесі. Музейде Нұрғиса Тілендиевтің жеке өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін, бағы мен байлығына айналған музыкалық аспаптары, әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерінің қолжазбаларының түпнұсқалары, кітаптары, фотосуреттері, дирижерлық және концерттік киімдері, жеке қолданған көптеген заттары сақталған. Осының бәрі Н. Тілендиевтің әншілік, күйшілік, композиторлық рухы, күш қуаты бір басында тоғысқан жаратылысы жомарт біртуар жан болғанын көрсетеді.
Қазақ музыка мәдениетінде Нұрғиса Тілендиевтің мол музыкалық мұрасы ерекше орын алады. Ұлы сазгер 500-дан астам төл туындының авторы. Ұлы сазгердің сүйікті шығармалары «Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» кантатасының, Құддыс Қожамияровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсының, оркестр үшін жазылған шығармалары «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуен», «Махамбет» сияқты күйлері мен «Сарыжайлау», «Алатау», «Ақ жайық», «Ақ құсым», «Өз елім» т.б. халықтың жүрегінен өшпестей орын алған көптеген ән-күйлерінің партитуралары мен ноталық қолжазбалары осы экспозициядан орын алған. Сондай-ақ, қырықтан астам пьесаға, «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Көксерек», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сынды экран өнерінің классикасына айналған жиырмадан астам фильмдерге музыка жазған.
АЛМАТЫ